Новостной портал общественно-политического еженедельника "Иле-Таны"
Главная
Главная
ru kz
Илийский районный общественно-политический еженедельник
ГлавнаяНовостиИндустриализацияБОРАЛДАЙДЫҢ ТАРИХЫ ЗАУЫТТАН БАСТАЛҒАН
21 Сентября 2018

БОРАЛДАЙДЫҢ ТАРИХЫ ЗАУЫТТАН БАСТАЛҒАН

Ата-енем 1937 жылы Боралдайға келді деп, басында айттым ғой. Боралдайдағы кірпіш заводы 1929 жылы құрылған. Боралдай теміржол бойында жатқандықтан алғаш осы кірпіш заводы салыныпты. Топырақты сол жерден, суды кіші Алматы өзенінен алған екен. Алғашында кірпішті қолдан қалыппен құйған.

Біздің ауданға биыл 90 жыл болса, сол кірпіш зауытына келесі жылы 90 жыл болады. Бірақ 2003 жылдан бері кіршіп шығарылмайды. Ішінде әртүрлі жекеменшік кәсіпке икемделген. 1960 жылдарға шейін, завод Қазақстан теміржолына қараған. Кейіннен 1970 жылдарда Боралдай кіршіп өндіретін завод, 1970 жылдан кейін Боралдай құрылыс-материалдар заводы болып құрылыс министрлігіне қараған. 1979 жылға шейін кірпіш шығаратын 2 цех болған, 1-ші цех соғыстан кейінгі салынған Гофман пешімен жұмыс істеген. 1980 жылы айына 1 миллион кірпіш шыққан.

1970 жылдары 2 цех салынды, онда жаңа технологиямен, кірпіш шығару жеңілдетілді, екі цехтен басқа қосымша ремонтпен механикалық цех іске қосылды. 1979 жылдары бұл цехта бүкіл Қазақстандағы кірпіш заводына қосымша бөлшектер, рейкалар жасалатын. Ол кезде отты мазутпен жағатынбыз, өзімізде карьерден топырақ алатын болды. Бірақ қоспа топырақты Ташкенттен Ангреннен вагонмен таситынбыз. 1986 жылдары Қапшағай жақтағы Қосқұдық станциясынан карьер аштық. Қосымша топырақты сол жақтан вагонмен тасыдық. 1978-1979 жылдары жаңа технологиямен Болгариядан болгарлар келіп, үлкен тағы бір завод салды. Ол ЗКБ деп аталатын, яғни, «Завод керамических блоков». Сол кездегі қуыс кірпіш шығаратын Қазақстандағы ең ірі өнер кәсіпорын болды. Айына 3,5-4 милион кірпіш беретін. 1983 жылдан бастап, 1998 жылдар арасында заводты Масимов Қажымхан Қасымұлы басқарды.

Сол жылдары мен 10 жылдай кәсіподақ ұйымын басқардым. 1974-1993 жылдары арасында завод маңына 6 бес қабатты үй салынып, жұмысшыларға берілді. 5 жатақхана болды. 1 ясли, 1 балабақша, кинотеатр, «Восход» атты клубы болды. Бұрын жұмысшылар барақтарда тұрған. Соларды сырып,  орнына 5 қабатты үйлер салынды. 1942 жылы соғыс жылдары Алматы қант заводы Украинадан көшірілген екен. Оларда көп қабатты үйлер болған жоқ. Тек екі қабатты үйлер соғыстан кейін салынған. Сондағы айтпағым Боралдай ауылының алғаш керегесі 1929 жылы кірпіш заводынан басталған.

Осы зауытта менің атам Әли Қаламбаев, апам Нұрсұлу, қайнағам Үйсінбай және өзім ұзақ жыл жұмыс істедік. Олардың еңбек кітапшасында бір ғана жазу «Боралдай кірпіш зауытының жұмысшысы», – деген жазу бар. Кейін, қайнағамның келіні Тоня, қайынсіңілім Гүлжахан да осы кәсіпорында еңбек етті. Бүгінде зауыттың ең алғашқы жұмысшыларының бірі Мәрия тәтені, Айнеке апаны, абысыным Тамараны, Мейрамгүл апайды, Людмила мен оның күйеуі Омарды, экскаваторшы аға Есентайды, ОТК бастығы Мария Антоновнаны, балабақша меңгерушісі Александра Андреевнаны, клуб меңгерушісі Орешкованы құрметпен еске аламын.

Қазір менің жасым 72-ден асты. Ауданның құрылғанына 90 жыл толуына орай, өзім ұзақ жыл еңбек еткен, әрі ауданымыздан бір жас кіші кірпіш зауытында ұзақ жыл еңбек етіп, құрметті демалысқа шыққанымды әрдайым мақтан тұтамын. Жердің тарихы – елдің тарихы.

Автор: Мархаба ҚАЛАМБАЕВА, Іле ауданының «Құрметті азаматы»