Новостной портал общественно-политического еженедельника "Иле-Таны"
Главная
Главная
ru kz
Илийский районный общественно-политический еженедельник
ГлавнаяНовостиЛичностьТЕМІРДІҢ ИЛЕУІН БІЛГЕН, ӨМІРДІҢ ӨРІН ДЕ ЕРТТЕЙДІ
16 Февраля 2018

ТЕМІРДІҢ ИЛЕУІН БІЛГЕН, ӨМІРДІҢ ӨРІН ДЕ ЕРТТЕЙДІ

Мерей биігінде

Ол әкесі Нұрғалидың ұстаханасындағы шыңдалған болатпен бітісе қайнасты. Темірді де илеуге болатынын көріп өсті. Ауыр балғамен қола төске құлаштап соққандағы өне бойынан шығатын ащы тер, адал еңбектің шып-шып шыққан тері екенін сезінді. Өз білімімен қарапайым жұмысшыдан колхоз директорына дейін өскен еңбекқор жан. Жұмысты үздіксіз жарты ғасыр бойы істеп келе жатқан, Іле ауданының «Құрметті азаматы», көптеген мадақ мақтаулардың иесі ең белсенді ақсақал Нұролда Нұрғалиев. Әкесі мен ауылдастары үшін жәй ғана Көлке атанып кеткен.

Біз Елбасымыз Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы мен «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуелсіздікке дейінгі және кейінде елге қызмет еткен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама алдыңғы буын ағаларымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш. Сондықтан оларды газет-журналдарға жариялау халықпен таныстыру міндетіміз. Осындай адам бізде көп. Солардың бірі 70 жасқа келіп, жерлестерінің абыройына бөленген мерейтой иесі Нұролда Нұрғалиевты айтуға болады. Еңбегі жемісті. Оның шәкірті болып саналатын жас мемлекеттік қызметкерлер қазір биік белестерді бағындыруда.

– Нұролда аға, әңгімеміздің төркінін сонау балдәурен шақтың тәтті кездерінен бастасақ қалай қарайсыз?

– Жақсы. Балалық шақ деген керемет уақыт қой. Оның қадірін кім біліпті?! Әкем Нұрғали бес колхоздың ұстасы болды. Таң атқаннан кешке дейін қара қазанында қайнаған қара темірі бар абыройлы мәстір-ұста. Шешем Әшан сауыншы. Ол кезде балабақша жоқ, шешем мені әкемнің қасына қалдырып кетеді. Кішкентайымнан темір көтеріп өстім. Үйде жалғыз ұлмын. Сөйтіп өстік қой. 1953-54 жылдары туған ауылым Кеген ауданы, Саты ауылындағы орта мектепке бардым. Бірінші сыныптың табалдырығын тыңдаушы ретінде аттадым. Әкемнің інісінің баласы Бақыт Баймұқанов деген ағам бар еді бір жас үлкен. Содан қалмай жасым келмесе де оқыдым. Оның өз қызығы бар. Басында жасың кіші деп алмай қойды. Мен қырсығып мектептің сыныбынан шықпай қойдым ақыры көндірдім. Енді қызықты қара... Бірінші күні мен сыныптан шықпай қойдым. Тіптен дәлізге шығып кетсем қайта кіргізбей қояма деген қорқыныш болды. Қанша қиналсам да, сабақ біткенше сынып бөлмесінен шықпай қойдым. Алғашқы ұстазым Әтен Әужанова деген жақсы кісі еді. Міне, көрдіңіз бе балалық қандай (екі иығы селкілдеп күліп алды).

–       Студент болдыңыз ғой?

–       Солай жүріп 1974-75 жылдары оныншы сыныпты алтын медальмен аяқтадым. Спортты өте жақсы көрдім. Салып ұрып Алматыда алғаш ашылған Алматы Халық шаруашылығы (Нархоз) институтына бардым. Математика, физика, химия пәндерін сүйіп оқитын мен экономика факультетіне түскім келді. Ол кезде экономика саласы аудандарда енді ғана дамып келе жатқан. Бір ауыз орысша білмеймін. Алдымдағы еңгезердей орыс менің аттестаттағы бағама қарап тұрып «мәләдес» шыға бер деді. Мен аң-таңмын. Кіргенім жаңа ғана. Сонымен үш күн өткенде абитуренттер тізімінің ең бірінші қатарында өзімнің аты-жөнімді көргенде қатты қуандым. Студент кезім үлкен жетістіктермен есте қалды. Орта жеңіл салмақта алдымен Алматы қаласы студенттер арасындағы жарыста бірінші орын алсам, Киевте өткен Бүкілодақтық студенттер арасындағы сайыста ауыр атлетикадан екінші орын алып, айды аспаннан бірақ шығардым. 1969 жылы институтты «Халық шаруашылығының жоспарлау экономисі» мамандығы бойынша шықтым. Мені Алматы қаласының іргесіндегі Іле ауданы «Комсомол» атындағы ұжымшарға жолдама бойынша жіберді. Осы шаруашылықта экономист ретінде еңбек жолымды бастадым. Кейіннен комсомол ұйымының хатшысы, бастауыш партия ұйымының хатшысының орынбасары және совхоз директорының бірінші орынбасары қызметін атқардым. Ол кезде маман тапшы. Бір адам бірнеше жұмыстарды атқарады.

–       Нұролда аға, еңбек жолыңыз, қызмет баспалдақтарыңыз жайлы айта кетсеңіз?

–       Еңбек адамды жандандырады ғой. Адам қолынан келгенше жатпай жұмыс жасау керек. Мен ешқашан да жұмыссыз жүрмедім. Іле ауданына өткен ғасырдың 70 жылдарының басында келдім. Содан бері түрлі қызметте болдым. 1975-81 жылдар аралығында Іле аудандық партия комитетінің шешімі бойынша аудандық партия комитетінің ұйымдастыру-партия бөлімінің нұсқаушысы, ауылшаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, Алматы бройлер құс фабрикасының бастауыш партия ұйымының хатшысы қызметтерін атқардым. Осы уақытқа дейін адамның ең жоғары қасиеті парасаттылықты ту еттім. Менің туып-өскен жерімде тап-таза ауа мен терең Көлсай көлі бар. Бойымды да дәл солай тазалық пен терең білім, біліктілікті алға мақсат етіп қойдым. Көп жерде ауылымның арда қасиетті топырағын киелі Саты ауылымды естен шығармадым.

–       Ащыбұлақ ауылына қалай тап болдыңыз?

–       Ммм... Ол 1985 жылы болатын. Іле ауданы Ащыбұлақ шарап совхозы тегіс жүзім егетін еді. Экономика жағынан сәл ақсап жатты. Осы кезде жақсы маман іздеген болу керек. Айналып келгенде Ащыбұлақтың тағдыры маған табыс етілді. Сонымен Қазақстан Республикасы Орталық партия комитетінің келісімі және Алматы облыстық партия комитетінің ұйғарымы, Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы Министрлігінің бұйрығымен М. Түймебаев атындағы кеңшарға совхоз директоры болып тағайындалдым. Қиын болды. Ол кезде Кеңес Одағын М. Горбачев бақарды ғой. Тура мен директор болған жылы жаппай арақ-шарап өндіретін кеңшарларды жабу туралы үкімін шығарды. Тек жүзім өсірумен ғана шұғылданатын халыққа қиын болғаны рас. Жаппай мал шаруашылығымен айналыса бастады. «Қайта құру» дәуірі басталды. Ауыл шаруашылығы бірден құлдырай бастады. Халықты бір жерге ұжымдастыру керек болды. Балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен кер заманды күтпеген едік. Сонда да совхозды пысықайлардың талауына түсірмеуге тырысып бақтым. Жылдар бойы жиналған тәжірибемді пайдаландым. Жұмысшыларға нәпақа тауып беру мақсатында Алматы облысы бойынша алғаш тері илеу, құрылыс шегелерін жасайтын цехтарды аштым. Мұнымен тоқтап қалмай кірпіш шығаратын, асфальт өндіретін цехтар ашылды. Облыс бойынша алғашқылардың бірі болып электро-механикалық екі актілі аналық түйелерді сауатын қондырғыларды Қазақ мал шаруашылығы институтымен бірлесе отырып Сартауқұмда іске асырылды. Одан өндірілген шұбат Алматы қаласының орталық базарларында саудаға шығарылды. Осының барлығы аудан, облыс, республика мекемелерінің көмегінсіз жасалды.

–       Нұролда аға, сіздің шекара асқан қандастарымызды қайтаруда да еңбегі бар деп естідік?!

–       Ол 1991 жыл ғой. Еліміз тәуелсіздік алды. Ел етегін жия бастаған тұс. Моңғолия елінің Баян-Өлгей аймағынан 15 жанұяны (87 адам) М.Түймебаев совхозына көшіріп алып келдік. Барлығына кішігірім болса да баспана тауып беріп, әр жанұяға бір бас сауын сиыр, 10 бас қой, соларға қажетті жем-шөп тауып бердік. Жақын араласып кеттік. Олар да қарап отырмай жаңа жерде өз тіршіліктерін жасады. Әлі есімде сол кезде жергілікті ақын Нүсіпбек Исахметов ағамыз:

Совхозыңды күштіге таптатпадың,

Кәріс пен еврейді қаптатпадың.

Арыстанның дегендей азуынан,

Түймебаев ауылын сақтап қалдың, – деп өлең шығарған еді. Бұл қандастардың ұлы көші 1987-88 жылдары Өзбекстандағы Қарақалпақ АССР қандастарымызды көшіруден басталғанын біреу білсе, біреу білмейді. Қазаққа қазақтың жаны ашымаса ешкімде саған шөп сыныдырып бермейді. Осы мақсатта Елбасымыздың да тапсырмасын орындадық.

– Нұролда аға, жасыңыз 70 тақымдаса да әлі ерттеулі аттың үстінде жүрсіз. Тың екенсіз. Сергектіктің сыры неде?

– Өзім жастайымнан тырбаңдап жұмыс жасағанды қатты ұнатамын. Сергектікке қалыптасу жас кезіңде басталады ғой. Жас кезімнен спортқа жақынмын. Ауыл азаматтары мен ауыл әкімдігінің жиындарына барып тұрамын. Бала-шағаға бас көзбін.

– Отбасы дегенде еске түседі Нұрбүбі апамызбен қанша жыл отастыңыз?

– 1971 жылдан бастап, бірге болдық. Үш қыз, бір ұлды дүниеге әкелдік. Сұм ажал 2011 жылы Нұрбүбі апаңды арамыздан алшақтатты. Қазір Темірлан атты немерем бар. Өзімнің жолымды қуып Халық шаруашылығы университетіне түсті. Жанар, Анар, Гаухар қыздарым жұмыстарында. Өз күндерін өздері көріп отыр.

– Сөз соңында өскелең ұрпаққа айтар ақылыңызды естігіміз келіп отыр?!

– Егемен елміз. Елбасымыз Н. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына жарыққа шығарды. Ол дегенің тарихыңа үңіліп, тәліміңді ал дегенді білдіреді. Жастарға айтарым, еңбек етіңіздер. Еріншектің ертеңі болмайды. Білікті, білімді болу сәннен ешқашан кетпейтін адами қасиеттер. Ата-аналарыңызға қарайлаңыздар. Атаның ақ батасы тағдырдың бағдаршамындай жолыңды ашады. Соны білсін. Еліміз тыныш, елдігіміз мәңгі болсын дегім келеді.

– Аға, сұхбатыңызға рахмет!

 

 

Автор: Бағдат ЧОЙБАСОВ