Жетісу жасырған жақұт мекен немесе туристік жаңа карта
«Отанымның орнығып кең төріне, Айналасын ақ таулар көмкеруде. Жаралғандай Жетісу ертегіден, Еркелейді Жетісу ерке күнге…»
Мұз балақ ақын Мұқағали Сүлейменұлы
Дархан даласының жеті қырында гүрілдей аққан өзенінде бал дәмі бар, қара топырағында кешегі тарихтың ізі бар, белдерінде көк аспанмен таласқан заңғар таулары бар киелі Жетісу мекені жер жаннаты емей немене?
Осынау киелі мекенің тамаша табиғатына тек қазақ елі ғана емес бүкіл әлем тамсанады десек артық айтқанымыз емес. Айдынды Алакөлі, бір өзіне жылдың төрт мезгілін жабынған Іле-Алауы, сұлулығына көз тоймайтын Көлсай шатқалдары, көркі көз арбаған таңғажайып Шарын шатқалдары және Балқаш көлінен басқа бұл жақұт мекен өз құшағына тағы нені жасырды. Сіз бен біз білмейтін өңірдің тағы бір он тамашасын талдап, картасын сызып көрейік. Ешкіөлмес тау жотасындағы петроглифтер — Алматы облысы, Ескелді ауданы, Ешкіөлмес тау жотасында сақталған тарихи байлық. Таудағы жартас беттері, шың басы мен шатқалдарда тас бетіндегі бейнелер сақталып қола дәуірі мен ортағасырдағы осы өңірді мекендеген тайпалар өмірінен сыр беріп тұрғандай. Көне суреттер 24 шатқалдан табылып, олардың саны 10 мыңның үстінде екендігі анықталған. Қора шатқалы — Алматы облысы, Ескелді ауданында орналасқан. Ол – Жетісудың жеті өзенінің бірі, күндіз күміс, түнде алтын болып ағатын, бастауын Қора, Шажа, Ойсаз, Текелі, Теректі өзендерінен алатын Қараталға таудан сарқырай, арқырай құлайтын Қора өзенінің жағалауы мен қос қапталы бірден биік жоталарға ұласа өрлеп, төбесі ақшулан бұлттар қонақтаған алып таулармен керіліп, көркем табиғатқа, ғажайып көрініске ұштасады. Қора шатқалының кіре беріс жері ежелгі адамдармен кездейсоқ таңдалған жоқ, мұнда барлық: су, жер, жел және от (күн) өте тығыз үйлесім тапқан. Археолог мамандардың болжауы бойынша Қора жоталары әлі көп жұмбақты сақтауда. Қора шатқалының өзгеше құндылығы: Екі жағы алып таулармен қоршалған Қора шынында да Қора іспеттес. Мұдағы әр тастың өзі тылсым аңыздардан сыр шертеді. Қора шатқалындағы Бұрқан-бұлақ туралы аңыз бар:
«Бұрқан – анасының жалғыз ұлы екен. Осы баласын тым жақсы көретін шешесі күндердің күнінде Бұрқан жүзінен иманы төгілген инабатты да тіл алғыш келін түсірсе деп арман етіпті. Алайда ұлы тәкаппар әрі бірбеткей Қора сұлуға ғашық болады. Бұл таңдау көңілінен шықпаған ана екі ынтызар
жүректің бірігуіне жол бергісі келмей, орасан зор тас қамал соғады да баласын қамап тастайды. Әйтсе де Бұрқанның махаббаты бәрінен басым түсіп, қамалдан асып төгілген суы Қора сұлудың өзеніне қосылады. Міне, содан бері екеуі тел ағысқа айналып, телегей теңіз өзен болыпты. Баласынан айрылып қалған ананың көз жасы да әлі тыйылмапты. Бұрқан бұлақ сарқырамасымен қатарлас жылай ағатын кішкентай жылға осы «Ананың көз жасы» дейді сол аңыз желісін жеткізетіндер.
Тұзды көл – халық арасында Рай көлі аталып кеткен. Алматы облысы, Ақсу ауданы, Құрақсу ауылынан 15 шақырым қашықтықта оңтүстік шығысқа қарай орналасқан. Тұзды көл көркемдігімен, табиғи емдік шипалы қасиетімен ерек. Көлдің суы мен батпағының емдік қасиеті бар.
Көл жазушы, ақын Құдаш (Құдайберген) Мұқашевтің «Жалғыз тораңғы» атаулы повесті мен өлкетанушы Жемісбек Толымбековтің «Бабеке батыр» поэмасында кездеседі. Ол жөнінде аңыз әңгімелерде жоқ емес. Соның бірі былай дейді:
Емдік қасиеті мол тұздыкөлдің «Рай» аталуы осы өңірдегі ауылда Рай есімді әйел адам тұрған екен. Үстіне шыққан жарадан ауыл адамдары шошынып оны елсіз жерге тұздыкөл маңайына жападан-жалғыз апарып тастайды. Жапан далада күнелтіп күнін көріп, тұзды көлге шомылып жүріп үстіне шыққан жарадан арылады. Емделіп кеткенін көріп өздері елден аластатқан ауыл тұрғындары оны ауылға қайтуына рұқсат береді. Бірақ әйел осы жерді мекенге айналдыруды жөн көріп, осы өңірде көл басында өмір сүре береді. Уақыты жетіп қартайған шағында қайтыс болып, оны жақын маңдағы ауыл тұрғындары басына тобылғылы зират тұрғызады. Ол зират қазірде бар. Сол кезден бастап ел арасында аңыз тарап Құрақсудағы тұздыкөл «Рай көлі» аталып кеткен.
Үйгентас жайлауы — Алакөл ауданының Қабанбай ауылында Тентек өзенінің жоғарғы жағында, Лепсі ауылынан Шығысқа қарай 35 шақырым жерде орналасқан. Табиғаттың қайталанбас сұлулығынан құралған бірегей бұрышы. Бұл жерде 1723 – 1724 жылдары Қаракерей Қабанбай бастаған қазақтар мен Жоңғарлар арасындағы тарихи шайқас нәтижесінде қазақ жері Жоңғар басқыншыларынан азат етілді. Шұбарағаш Ойжайлау жеріндегі өш көшті тас қорғандар – әскери күш-қуатын өзгеше бір бейнесін көрсетеді. Қорғандар Жоңғарларды жеңудің айрықша көрінісін және шекара аумағындағы қорғаушылардың ерлік шежіресі іспетті.
Ғалымдардың пайымдауына қарағанда, ХVІІІ ғасырдың басында қазақтарға қарсы жоңғарлар ірі-ірі шабуылдар жасаған. Аумалы-төкпелі шайқастар дүркін-дүркін жүргізіліп, 1771 жылға дейін созылған. Олардың ішіндегі аса үлкен қасірет әкелген 1723 жылқы шабуыл тарихта «Ақтабан
шұбырынды, Алакөл сұлама» деген атпен қалды. Жаудан жан сақтау үшін Алакөл, Үйгентас аймағынан шұбырған халық батысқа қарай бет алып, ұзақ жол кешті. Үйгентас шайқасы туралы тағы бір деректе 1755 жылы жаз айында қалмақ хонтайшысы Дауашының қолын Қабанбай батыр ту сыртынан соғуды ойлайды. Ол үшін Үйгентастан бері өтіп кеткен дұшпан қосындарын қоршап алып, жояды. Сонан соң Үйгентастан ары жүріп, Жылысай мұздығына киіз төсеп, қалмақ жеріне өтеді де 8 мың қолмен жауға тиеді. Осы кезде Қытайда Дауашыны шығыстан соққан еді. Сөйтіп, жоңғардың соңғы хонтайшысы жеңіліс табады.
Жасылкөл – Жетісу Алатауындағы көл. Ол Лепсі ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 23 км шамасында, Ағыны қатты өзенінің бір тармағы Кикөзен өзенінің орта ағысында жатыр.
Көл 1630 метр биіктікте орналасқан. Осыдан мың жыл бұрынғы алапат зілзаланың нәтижесінде оң жақ беткейдің құлауынан пайда болған тасты үйіндінің салдарынан Кикөзен өзенінің ағысы табиғи бөгетпен жабылып, соның арқасында таңғажайып көл пайда болған. Көлдің ұзындығы 2 км, көлденеңі ең кеңейген тұсында 700 метрге жетеді. Тереңдігі 30-50 метр шамасында. Көлді жағалай өскен жапырақты тоғай күзде ерекше сұлуланып түрленеді.
Көлдің түсі қардың еруінен ғана емес, тәулік мезгілі мен ауа райына да байланысты құбылып тұрады. Көктем-жаз маусымында сүтті кофеге ұқсас лай түсті болса, күз-көктем мезгілдерінде көгілдір тұнық түске енеді. Талтүс кезінде көкшіл түске боялады. Шайдай ашық аспанда су көкпеңбек түсті болса, бұлтты ауа райында қорғасындай сұрғылт түске енеді. Жасылкөл аумағы маралдардың сансыз көбейіп, өсіп-өнген берекелі мекені. Қарамерген орта ғасырлық қалашығы — Алматы облысы, Балқаша уданы, Бақанас ауылы. Іле — Бақанас өзендірінің маңайында, Балқаш көліне жақын жерде орналасқан. Қарамерген Іле өзені бойында XII-XIII ғасырда өмір сүрген ортағасырлық солтүстік аймақтағы ірі қала. Қазіргі уақытта ол Алматы облысындағы туристтік нысан ретіндегі шағын қалашық. Іле өзенінің бойындағы отырықтанған өркениетті қалалардың ең көнесі. Ұлғайып, көркейген шағы XII-XIII ғасырларға сәйкес келеді. Аталған қалашық археологиялық зерттелу үстінде. Ұлы Жібек жолы Қарамерген қалашығы арқылы Орталық Қазақстанға және Шығыс Европаға баратын маңызды қала қызметін атқарды. Қаланың дамуында сауда үлкен рөл атқарды. Қарамерген Ақтамнан біршама үлкенірек. Ақтам қаласы сияқты Қарамергенде XIII ғасырда моңғол шапқыншылығы кезінде қиратылды. Қирату мен эрозияға қарамастан, саман үйлердің қалдықтары мен ирригационды жүйе жақсы сақталған. Қалада отырықшылық жақсы дамыды. Тоғайлы ормандарда
аңшылық та кең өріс алған (қаланың атауы осыдан шыққан). Бұл аймақта тіпті тұран жолбарыстары да мекендеген. Онымен қоса Іле мен Балқашта балық аулау кәсіпке айналған.
Жаманты (Арасан) минералды бұлақтары — Жамбыл ауданының Бесмойнақ ауылының солтүстік батысыңдағы Жаманты өзенінің аңғарыңда орналасқан. Жергілікті халық оны Қайнар-Арасан деп атайды. Минералды су — Жаманты өзенінің аңғарын кесіп өтетін, беті борпылдақ шөгінді жыныстармен жабылған тектоникалық жарықтардан шығып жатыр. Жаманты минерадды суы — аяқ, қол, жүйке, т.б. ауруларды емдеуге пайдаланады.
Арасан туралы аңыз бен ақиқат неше түрлі. Халықтың айтуынша Арасан деген әулие адам болыпты. Жаудан қашып келіп, Жаманты өзенінің бойын мекен қылған екен. Сондықтан ол аймақ киелі саналады. Киелі десе киелі, таудың бүйірін тесіп шыққан оншақты бұлағы бар, әрқайсысы әртүрлі ауруға ем. Әр бұлақтың өзінің емдік қасиеті бар. Бірі асқазан ауруына, енді бірі бүйрек қызметін жақсартуға, енді бірі басқа ауруларға шипа болады. Әр бұлақтың суының суық-жылылығы, дәмі әртүрлі.
Жаманты минаралды бұлақтарының басында үңгір мешіт бар. Өзеннен 70 метр биікке дейін созылған үңгір шапқыншылық жылдары талай отбасын жаудың қанды қылышынан аман алып қалса, қаншама балғын махаббатты үкілегенін санап бергені санаусыз.
Шыңғысханның тұрағы — Кербұлақ ауданының Сарыөзек ауылдық округіндегі Желдіқара асуында орын тепкен. Табиғаттың өзі қашап қалдырған биік төбе туралы ел аузында жалғыз аңыз бар. Онда жарты әлемді жаулап алып, «Алтын Орда» мемлекетінің іргетасын қалаған Темірші–Шыңғысханның өз әскерінің дайындық жаттығулардың осы төбеден бақылап, арнайы бұйрықтар беріп отырғандығы айтылады. Шығыс пен батыс, оңтүстік пен солтүстік тарап алақандағыдай көрінетін биік төбе туралы кесек пішіп, терең толғайтын аңыздың қисынына қарасақ, шындықтан алыс кетпегенін байқаймыз. Айналасы құлама жартасты төбеге жалғызаяқ соқпақ шығарады. Күреңбел өңірінің барлық сай-саласын, қырат-жотасын анық көруге болатын төбенің үсті жазық, киізүй, шатыр тігуге қолайлы. Бір қарағанда атының тұяғы тасты уатып, топырақты езген қалың әскердің әлеуетін, мүмкіндігін биік шоқыдан бақылап, әскери стратегиялық жоспар құруға ыңғайлы жер. Сондықтан да, биік шоқы ел ішінде «Шыңғысханның шатыры» атанып кеткен.
Ғашықтар өзені – Текеле қаласында орналасқан.
«Грузиядағы атақты Кура мен Арагви өзендерінің қосылған жерінде ашық және жабық түсті сулар біртіндеп бір үлкен ағынға ұласады. Мұндай құбылысты Қазақстанда да көруге болады» — дегенге сенесіз ба? Расында да,
бұл тамаша көріністі Алматы облысы Текелі қаласындағы Қора мен Шажа өзендерінің Жетісудың маржаны Қаратал өзенінде қосылуында байқауға болады. Дәл осы арнада, Қараталдың бастау алған сағасына белгі Тас қойылып, осы өзендер аталып жазылған.
Қораның бұлыңғыр суы мен Шажаның мөлдір суы бір ағынға ұласып, екі жақта ғұмыр кешіп, жүректері бір арнада тоғысқан ғашықтарды еске салады. Текеліліктер бұл жерді «Ғашықтар өзені» деп те атап кеткен.
Шоған сай – Райымбек ауданында орналасқан. Аспантаудың алып шыңдарын бірі Хан Тәңірін білмейтін қазақ жоқ. Негізгінен мәрмәріленген әк тастан түзілген. Теңіз деңгейінен 6995м ( мұз жамылығысын қоса есептегенде 7010 м) биіктікте орналасқан . Хан Тәңірі-Тянь-Шанының ең ірі мұздану орталығы, мұздықтарының жалпы ауданы 2050 км2. Алдағы уақытта уақытта шыңға баратын маршруттар жасалып, альпинистер мен тау туристерін қабылдайтын орындар салу жұмыстары қолға алынатын болады.
Кеңес Одағы кезінде жұмыс істеген тау шаңғысының «Ақбұлақ» атты базасы қазіргі уақытта бұзылып кеткен. Болашақта бұл базаны қалыпты келтіруге жұмыстар атқарылатын болады.
Бүгінде Қалың шыршаның ортасы, тау етегі Шоғансай шатқалында орын тепкен « Шоғансай- Әлішер» демалыс орында алыс, жақын шетелден, өз мемлекетіміздің түкпір- түкірінен келетін қонақтар демалуд. Жаз айларында бұл демалыс орында 5 мыңға жуық демалушыларды қабылдайды.
Табиғаты тылсым мекеннің тізбектелген 10 кереметін аралап, бойыңызға жер жаннатының байлығын сіңіріңіз.