ҚоғамМерекелер

Талдықорғанда «Жылдың үздік мұғаліміне» автокөлік кілті тапсырылды

Талдықорған қаласындағы Б. Римова атындағы облыстық драма театрында мұғалімдердің кәсіби мерекесіне орай «Ұстаз аты –ұлы, әрі мәңгілік » атты салтанатты жиын өтті. Мерекелік шараға облысымыздың аудандары мен қалаларының білім саласының басшылары, мұғалімдер, оқу орындарының оқытушылары қатысты. Аймақ басшысының атынан облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов жиналғандарды құттықтап сөз сөйледі.

— Қадірменді білім саласының қызметкерлері! Мұғалімдер күні – орны бөлек, дәрежесі биік мереке. Барша ұстаздарды төл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап Елбасы Н.Назарбаев білімнің сапасын, мектептің жай-күйін, мұғалімнің жағдайын назардан тыс қалдырған жоқ. Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде елімізде жаңартылған білім жүйесі, мықты материалдық-техникалық база, білікті кадрлар қатары қалыптасып үлгерді. «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылдау қажет деп ұйғарды. Қазір де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысын екі есе арттыруды тапсырды. Яғни, келесі жылы ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседі. Бұл мұғалімдер үшін үлкен қолдау. Осындай зор мүмкіндіктердің арқасында біздің педагогтар республикалық, халықаралық түрлі білім сайыстарында үздіктер қатарынан көрініп жүр. Олардың есімдерін мақтанышпен атаймыз. Білім беру сапасын жақсартып, қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасының алшақтығын жою, дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындау, инклюзивтік қоғам құруға белсене атсалысуымыз керек. Шәкірт бойына білім мен тәлімді тәрбие нәрін сепкен ұстаздар қауымы кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын!- деді облыс әкімінің орынбасары.

Салтанатты жиында білім саласында зор еңбек сіңіріп, табысты қызмет жасап жүрген мұғалім мен педагог-тәрбиешілер марапатталды. Оның ішінде Қазақстан Республикасы Президенті атынан Алғыс хат, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғысы, Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты сала қызметкерлеріне құрметпен табысталды. «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісіне Талдықорған сервис және технология колледжінің директоры Л. Базарқұлова, қаладағы Ш. Уәлиханов атындағы орта мектеп-гимназиясының мұғалімі Г. Жиренбаева да ие болды. «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі екі ұстазға — Б. Мұстафина мен М. Мұхамедиеваға тапсырылды.

Сапалы білім мен саналы тәрбиені жас ұрпақ бойына дарытып, зор жетістіктерге қол жеткізген білім ошақтары облыс әкімінің номинациялары бойынша арнайы сертификаттармен марапатталды. «Үздік ауыл мектебі» — аталымында Еңбекшіқазақ ауданындағы №1 орта мектеп, «Үздік

балабақшаны» — Қапшағай қаласындағы «Искорка» балабақшасы, «Үздік кәсіптік білім беру ұйымы»- Алматы экономикалық колледжі, «Орта білім беретін үздік ұйым»- номинациясында Текелі қаласының №8 орта мектебі жеңімпаз атанды.

«Үздік педагог-2019» атағын Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің арнайы пән оқытушысы Ә. Тойшыбекова, Талдықорған қаласындағы №16 орта мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі С. Жанаберлиева және қапшағайлық Д. Қоспаева иеленді.Сондай-ақ, « Жылдың үздік сынып жетекшісі» атағына Текелі қаласындағы №6 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі М. Тутеев лайық деп табылыпты.

Ал «Жылдың үздік мұғалімі» атағы мен жеңіл автокөлік кілті Алакөл ауданы Үшарал қаласындағы №1 орта мектептің информатика пәнінің мұғалімі Тұрсынбаев Алмас Саматұлына салтанатты түрде табысталды.

«Облыс әкімінің қолдауымен жыл сайын мұғалімдер арасында «Жылдың үздік мұғалімі» байқауы өткізіліп келе жатқаны белгілі. Биылғы облыстық сынға 24 ұстаз қатысып, 1-орынды жеңіп алдым. Оған жаңартылған білім бағдарламасы мен робототехника, ІТ саласын жетік білуім негіз болды»,- дейді жеңмпаз.

Облыстық бәйгеде топ жарып шыққан Алмас Саматұлының жеті жылдан астам ғана ұстаздық тәжірибесі болса да, жеткен жетістіктері баршылық. Жас ұрпақтың жан-жақты білімді, бәсекеге қабілетті болуын, еліміздің дамыған отыз мемлекеттің қатарынан көрінуін армандайтын ұстаз бірден-ақ үштілді білім беруді қолдап, осы бағытта өзін шыңдай түскен.

Бұл күні ұстаздарға құрмет те, жақсы сөз де арналды. Жас мұғалімдер мен оқушылардың концерті тарту етілді.

Данагүл Мәкен

Басқа жаңалықтар

Back to top button