ТАЗА ҚАЗАҚСТАН – ТАЗА ІЛЕ

Ауданда 32 сенбілік өтіп, 100 мыңға жуық тұрғын экологиялық акцияға атсалысты
Іле ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында тазалық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Сәуір айынан бері ауданда 32 жалпыаудандық сенбілік ұйымдастырылып, оған 100 мыңға жуық тұрғын қатысты. Акция ауданның 21 ауылы мен 1 кентін қамтып, барлық 22 елді мекенде өткізілді.
Игі бастамаға мемлекеттік қызметшілер, бизнес өкілдері мен кәсіпкерлер, мекеме қызметкерлері, ауыл тұрғындары, жастар және еріктілер белсенділік танытты.
31 қазан күні өткен кезекті жалпыаудандық сенбілікке 3 479 адам қатысып, 40 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 56 гектар аумақ тазартылып, 43 тонна қоқыс шығарылды. Сонымен қатар аудан аумағында 850 түп ағаш отырғызылды.
Тазалық шарасы Өтеген батыр ауылында да кең көлемде ұйымдастырылды. Үш ұрпақ саябағына жиналған тұрғындар мен белсенді азаматтар абаттандыру жұмыстарына атсалысты. Бұдан бөлек, Заманбек Батталханов, Ілияс Жансүгіров және Титова көшелерінде тазалық жұмыстары жүргізіліп, қоғамдық орындар мен көше бойлары ретке келтірілді.
Сенбілікке Іле ауданы әкімінің орынбасары Асқар Садықов та қатысып, тұрғындармен бірге тазалық жұмыстарына атсалысты. Ол акцияға белсенділік танытқан тұрғындарға, мекеме қызметкерлері мен еріктілерге алғысын білдірді.
«Таза Қазақстан» акциясы – елді мекендерді көркейтіп қана қоймай, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ортақ бастама. Іле ауданында атқарылып жатқан жұмыстар туған жердің тазалығы мен көркеюіне қоғам болып үлес қосудың маңызын көрсетеді.
Тазалық – ортақ міндет, туған жерге деген құрметтің белгісі!



