Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпаратҚоғамМәдениетРухани Жаңғыру

ЕКІ АУДАННЫҢ ЫНТЫМАҚ ТУЫ

Іле ауданы мен Жамбыл облысының Қордай ауданы арасында бір жылдан бері жақсы қарым-қатынас орнады. Сол уақыттан бері екі арадағы барыс-келіс жиілеп, ортақ сый-құрмет жарастық тауып, ынтымақтың туы тігілді. Ара қашықтығы 300 шақырымға жетіп жығылатын осы екі ауданды не жақындастырды дейтін шығарсыздар?

Ол — қазақтың хас батыры, бас батыры Өтеген Өтеғұлұлы бабамыз. Өткен жылы ауданымыздың 90 жылдық торқалы тойы қарсаңында аудандық ардагерлер ұйымы мен «Іле мұрагері» өкіметтік емес қоғамдық ұйымы бірлесіп, ұлы бабамыз Өтеген батырға халықтан қаржы жинап, ескерткіш орнату жөнінде Үндеу қабылдаған еді. Бұл Үндеуді аудан халқы бірауыздан қолдап, ескерткішті тұрғызуға дайындық басталып та кетті. Дайындық барысында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Е.С. Тұрымбетов пен аудандық ардагерлер қоғамының төрағасы Ә.Ә.Исаев ауданның сол кездегі әкімі Қ. Ө. Медеуовпен ақылдаса келе Өтеген батырдың сүйегі жатқан Қордай ауданындағы Өтеген ауылы ақсақалдарының батасын алған жөн деген шешімге келді. Көп ұзамай құрамында Е. С. Тұрымбетов, Ә. Ә. Исаев, аудандық мәслихат хатшысы Р.М. Абилова, асылдың сынығы, көненің көзі Т. Кененова бар делегация Қордай ауданына аттанған еді. Қордайлықтар ілеліктерді құшақ жая қарсы алып, ақсақалдардың батасын берумен бірге бұл игілікті іске өздерінің де қомақты үлес қосатындықтарын қуана хабарлады. Айтса айтқандай, Қордай ауданы Өтеген ауылының құрметті де қадірлі азаматтары Нұрмаханбетов Мәлік Құрманбекұлының, Серікбаев Ербол Тетназарұлының, кәсіпкер Дәулеткелді Құлшықовтың ұйымдастыруымен бабаның тікелей ұрпақтары ескерткішті тұрғызуға қомақты қаржы қосты. Ал, ескерткіш айналасын абаттандыруды Қордайдан шыққан кәсіпкер «Грин Ланд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Қалдыбаева Гүлзада Әлханқызы өз мойнына алды. Ескерткішті қоюға дайындық барысында жоғарыда есімдері аталған азаматтар бас болып қордайлық делегация Іле ауданына бірнеше рет келіп қайтты. Осы арада хас батыр Өтеген Өтеғұлұлының ерлігін, өрлігін, өз халқы үшін талай рет жанкештілікке барғандығын насихаттайтын ғылыми-танымдық конференциялар, дөңгелек үстелдер өтіп, бабамыздың өмір жолы, үлгі-өнегесі өскелең ұрпаққа кеңінен дәріптелді.

Екі аудан арасындағы жақсы қарым-қатынасты, ынтымақты сыйластықты үстіміздегі жылдың мамыр айында аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен Іле ауданында өткен «Ұлы даланың рухты ұрпағы – Өтеген» атты ғылыми-практикалық конференция нығайта түсті. Конференция басталмас бұрын Өтеген бабаның Қордайдағы тікелей ұрпақтарының ұйымдастыруымен Ақши ауылының маңайындағы Өтеген жотасына «Бабамыздың ата жұрты атты» белгітас қойылды. Бұл жайында кезінде газетте көлемді мақала жарияланды. Осы игілікті шара Өтеген бабамыздың туғанына 320 жыл толуына орай ұйымдастырылған сауапты іс еді.

Мамыр айында басталған шара, Өтеген бабамыздың туғанына 320 жыл толуына байланысты, Қордай ауданында өткен үлкен дүбірлі тойда өз жалғасын тапты. Осы мерекелік шараға Іле ауданынан арнайы делегация барды. Жиналғандар алдымен Өтеген батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, оның рухына тағзым етті. Бұдан кейін Өтеген батыр атындағы Мәдениет үйінде Өтеген батырдың туғанына 320 жыл толуына байланысты салтанатты жиын болды. Жиынға келген қонақтар алдымен Абылай ханның Өтеген батырға арнайы берген шұбар тегенесіндегі дәмнен ауыз тиді. Қасиетті тегене Өтеген батырдың сегізінші ұрпағы Бақытжан Бекбатыровтың үйінде сақталыпты.

Жиынды құттықтау сөзбен Қордай ауданы әкімінің орынбасары Б. Т. Жаманқозов ашып, салтанатқа жиналған қонақтарға рахметін айтты. Бұдан соң «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Құрмет» орденінің иегері, жазушы Марал Ысқақбай баяндама жасап, Өтеген батырдың өмір жолына, жасаған ерліктеріне, оның адамгершілік қасиеттеріне кеңінен тоқталып өтті. Сол сияқты Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері, меценат Мүслім Дайырбеков, Іле ауданы әкімінің орынбасары Алмасбек Қожабеков, Іле ауданы ардагерлер қоғамының төрағасы Әмзе Исаев сөз сөйлеп, батыр баба туралы келісті ой айтып, тұщымды пікірлерін ортаға салды. Жиында «Мүйізді Өтегеннің мүйізді ұрпақтары» атты кітабының тұсаукесері өткен соң ауданымыздағы Әлібек Нұрқожа атындағы әжелер ансамблі Өтеген бабаның рухына арналған екі әнді нақышына келтіре шырқады. Салтанатты жиын аяқталған соң келген қонақтар Өтеген ауылындағы батыр бабамыз жатқан жеріне барып құран бағыштады. Баба рухына арналып берілген арнайы астан соң қазақша күрестен жарыс өткізіліп, 33 шақырымдық аламан бәйге ұйымдастырылды. Еліміздің әр түкпірінен келген 28 палуан бақ сынасқан күрестегі бас жүлде дзюдодан Қазақстан құрамасының мүшесі Жақып Дәулетханның қанжығасына байланды. Ал, аламан бәйгеде Қарасай ауданына келген Әлнұр Назарбаевтың атақты «Үшқоңыр» жүйрігі топ жарып, бас жүлдені иеленді.

Осылайша жасынан білім-ілім іздеп, Бұхара, Самарқан, Шам, Бағдат сияқты қалалардағы руханият ордаларында болып, өзінің ой-өрісін, дүние танымын одан әрі жетілдірген, 15 жасынан ұрысқа қатысып, 1723 жылы Тауасар, Райымбек батырлармен тізе қосып Жоңғарлармен айқасқан,1740 жылы Төле бидің бас батыры болып Іле бойын қалмақтан азат еткен Өтеген Өтеғұлұлы бабамыздың туғанына 320 жыл толуына орай ұйымдастырылған тағлымы зор, мазмұны терең шара тек Қордайлықтардың ғана емес, бүкіл алаш жұрты үшін өрлік пен ерліктің, батырлық пен қайсарлықтың үлгісі болып қалмақ. Бұл шараны жоғары деңгейде өткізуге Қордай ауданының «Құрметті азаматы» Нұрмаханбетов Мәлік Құрманбекұлының басқаруымен Өтеген батыр бабаның ұрпақтарының белсене атсалысқандықтарын айта кеткен жөн болар. Қордай ауданында тұратын және сол өңірден шыққан батыр бабамыздың ұрпақтары бірауыздылық танытып, 320 жылдық тойдың бүкіл материалдық шығынын өздері көтеріп алды. «Ауыл болсаң — қауым бол», — дегендей Қордай ауданындағы шағын ғана Өтеген елді мекенінің тұрғындары, жалпы бабамыздың ұрпақтары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, өздерінің ұйымшылдығының, ауызбіршілігінің арқасында Қазақстанның әр түкпірінен келген төрт мыңға жуық адамдарды құшақ жая қарсы алып, үлкен сый-құрметпен шығарып салды. Сол арқылы Өтеген бабаның рухын асқақтатып, мәңгілік даңқын асырды. Мұның өзі бабалары салған сара жолды ұрпақтарының өнегелікпен, ұйымшылдықпен жалғастырып келе жатқандығын көрсетсе керек. Осы ауылдың береке-бірлігі, ынтымақты тірлігі көпке үлгі болғандай. Соның дәлелі шығар батыр бабаның рухы біріктірген Іле мен Қордай аудандары арасындағы ынтымақ жақсы жарастығын тапты. Ендеше, екі ауданның ынтымақ туы мәңгі желбірей бергей!

 

 Роза АЙДАРБЕКОВА

Басқа жаңалықтар

Back to top button