Кербұлақ ауданының 59 елді мекені орталықтандырылған су жүйесімен қамтылған
Бұл туралы «Jetisy Media» алаңында өткен баспасөз-мәслихаты барысында Кербұлақ ауданының әкімі Махаббат Бигельдиев хабарлады.
Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында оң серпін байқалды. Осы жылдың III-ші тоқсанында ауыл шаруашылық, өнеркәсіп және де басқа салалардың барлығында өсім сақталды,-деді аудан әкімі өз есебінде.
Сонымен қатар, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2 млрд 969 млн теңгені құрап, нақты көлем индексі 102,8 пайыз болды. Ауылшаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 2018 жылмен салыстырғанда 1 мың 118 гектарға артып, 111 мың 793 гектарға жеткен. Барлығы 88 мың 143 гектар дәнді дақылдан түсімділігі 20 центнерден 175 685 тонна астық орылды. Келесі жылдың есебіндегі 25 мың 748 гектар алқапқа күздік бидай себіліп, жоспар 100 пайызға орындалған.
Картоп өндірісі 2 мың 640 гектарға себіліп, жоспар 100 пайызға аяқталды. Әр гектардан орташа түсім 208 центнерден айналып 54 мың 900 тонна өнім өндірілді.
Сонымен қатар, 250 гектарға қант қызылшасы егіліп, оның 170 гектар өнімі жиналды. Орташа түсім әр гектардан 350 центнерден айналуда. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жиналған дайын өнім көлемі 1 мың 500 тоннаға артық орындалды.
Ауданда егін шаруашылығымен қатар мал шаруашылығы саласы да жақсы дамып, өткен жылдың қорытындысы бойынша барлық көрсеткіштерде тұрақты өсім көрсетті.
2018 жылы аудандағы ауылшаруашылық тауар өндірушілері 111 млн теңгеге 10 жаңа техника сатып алды.
Аудан бойынша 10 қайта өңдеу кәсіпорындарында, 17 мың тонна шикізат өңделіп, 9 мың 690 тонна дайын өнім шығарылды.
Биылғы жылы ауданда суармалы алқапты қалпына келтіруге бағытталған іс-шаралар бастау алуда.
Атап айтсақ, «Матай» су тоспасы «Енкөл», «Аралтөбе» су қоймаларын қайта қалпына келтіру жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары аяқталды. Ал, «Талдыбұлақ», «Жаманбұлақ» су тоспаларының жобалау жұмыстары жалғасуда.
2018 жылы Шанханай, Жаңалық ауылдарының ауыз су жүйесінің қайта жаңғырту және құрылыс жұмыстарына 185 млн теңге қаражат бөлінсе, ағымдағы жылы құрылыс жұмыстарын аяқтауға 195 млн 598 мың теңге бөлінді. Онжас, Доланалы, Аралтөбе, Талдыбұлақ ауылдарының ауыз су жүйелерінің құрылысы мен жаңғырту жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде.
Сарыөзек ауылының ауыз су жүйелерінің құрылысы мен жаңғырту жұмыстарының 4-ші кезеңінің жобалық-сметалық құжатын даярлауға 51 млн теңге бөлініп, жоба мемлекеттік сараптамаға өткізілді.
Сондай-ақ, Қарашоқы, Шаған, Шилісу ауылдарының су жүйесінің қайта жаңғырту мен құрылысы жұмысының жобалық-сметалық құжаттарына қаражат бөлініп, жобалар әзірленуде.
Аудан бойынша 63 елді мекендердің 59-ы орталықтандырылған су жүйесімен (94 %), ал 4 орталықтандырылмаған (кіші станциялар) су жүйесімен қамтылған. Орталықтандырылған су жүйелерінің ішіндегі 35 елді мекендердің су жүйелеріне, «Таза Су 2001-2010», «Ақбұлақ 2010-2020», «Өңірлерді дамыту 2020» мемлекеттік бағдарламалары аясында, қайта жаңғырту мен құрылысы жұмыстары жүргізіліп, қолданысқа берілді (55% құрайды).
Аудан елді мекендерінің орталықтандырылған ауыз сумен қамтылу деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 6,5 пайызға өсті.(94%).
Жиын барысында аудан әкімі аудандағы аз қамтылған көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында биыл 156 млн 250 мың теңге бөлініп, 20 тұрғын үй сатып алынғандығын да атап өтті. Бүгінгі күнге тұрғын үйлердің құжаттарын тіркеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен 16 тұрғын-үй сатып алынып берілді.
«Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» бағдарламасын іске асыру бойынша ауданымызда қарқынды жұмыстар жүргізілуде. 2018-2019 оқу жылында мектеп бітірген 50 түлек республикалық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен Талдықорған медициналық, Талдықорған агро – техникалық және Талдықорған политехникалық колледждеріне тегін оқуға түсті.
— Біздің алдымызда үлкен міндеттер мен мақсаттар тұр. Алдағы уақытта осы міндеттерді толығымен орындауға бар күш жігерімізді саламыз.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы орындауға ауданымыздың барлық мүмкіндіктері бар.
Біздің міндетіміз- аудан халқының әл-ауқаты мен тұрмысын жақсарта отырып, ел экономикасын көтеруге бар біліміміз бен күш жігерімізді жұмсау.
Бүгінде халыққа сапалы қызмет етуге қойылатын талаптың жоғары екенін ескере отырып, Күреңбелдіктердің ауданымыздың өсуі мен өркендеуі жолында аянбай еңбек етіп, табысты еңбегі мен биік белестерден көріне беретініне нық сенімдімін,-деп Махаббат Сәдуақасұлы есебін қорытындылады.