ЖҰЛДЫЗЫ ЖАРҚЫРАҒАН ЖАН
Бір кәсіппен айналысып, одан нәсібін тауып отырған жандарды көргенде риза боласың. Мұндай азаматтардың саны қазіргі күні аз емес. Олардың қатарында ел экономикасының көтеріліп, халықтың әл-ауқатының жақсаруына септігін тигізіп жүрген қыз-келіншектер де жетерлік. Осы кәсіптері арқылы өздерінің де отбасын асырап, және өзгелерге жұмыс беру арқылы көмек жасап отырғандарын да айта кеткен жөн. Сондай қыз келіншектердің қатарында – Айнұр Қаналқызын ерекше атап өтсек болады. Айнұрдың дүкені ауданымыздың күре тамыры саналатын орталықта орналасқан. Отбасындағы алты баланың мейір шапағатпен өсуіне әке-шешесінің ықпалы зор. Әкесі ауданда жүргізуші болса, анасы балабақшада тәрбиеші болып қызмет етті. Әкелері дүниеден өткен соң әке орнына әке болып, өзінен кіші бауырларына қолдау көрсетіп жүрген ағасы – Мұратхан Қаналұлы. Осыдан тура бір жыл бұрын осы әулеттің алғашқы немересінің атымен жұлдыздай жарқырасын деген ниетпен «Жұлдыз» атымен дүкен ашып, қарындасы Айнұрға иелік етуге беріп кетті. Міне, содан бері Айнұр Қаналқызы алғаш дүкеншілікпен бастаған кәсібін ағасының аманатын алғашқы күннен-ақ садақа жасаумен бастады. Олай жасаған себебім бұл маған ағамның аманаты еді дейді кейіпкеріміз. Садақа – қайырымдылық істердің бастауы. Бұл жақсылықты жасай отырып, біз Алладан еселенген сауаптар аламыз. Пайғамбарымыз (с.а.у): «садақа – мал дүниені кемітпейді, керісінше оны молайтады», – деген. Ендеше Мұратхан Қаналұлының басты мақсаты да осы болса керек. Жалпы кәсіпкерлік дегеннің өзі сонау орта ғасырдан бастау алыпты. Сол кездің өзінде кәсіпкерлерді саудагер, көпес, қолөнер шебері тағы басқа деп атаған. Дана халқымыз: «Өз жаныңа жақын кәсібіңді тап, сонда ғана жетістікке жетесің» деп бұған да сонау ерте кезден мән берген екен. Қалай дегенмен де кәсіп ашу айтуға жеңіл болғанымен жүзеге оңай асатын жұмыс емес. Оған да күш-жігер, еңбек пен төзімділік керек екендігі айтпаса да түсінікті. Өйткені, қандай да бір істі бастағанда әртүрлі кедергілер мен қиындықтардың кездесетіні рас. Осы орайда да біздің кейіпкеріміз алғаш дүкен ашқанда сауап ретінде 30 адамға нан таратпақ ниетте болдық. Дегенмен бұл ісімізді дұрыс қабылдамаған да жандар болды деп еске алады. Әр садақасын «Алланың разылығы үшін» деп беретін Айнұр өзін мақтаншылық пен жарнамадан аулақ ұстайды. Бар ниет, алғысты ағасы Мұратханға айтады. Менің осындай халықтың қамқорлық, ризашылығына бөленуім, елдің алғысын алуыма себеп болған ағам, біз жолдасымыз екеуміз тек орындаушымыз дейді. Бүгінгі күні осы ауданның бірнеше азаматтарына қажетіне жарар азық-түлігін апта бойы таратып отырады. Айнұр ханымның жолдасы Шухрат та Шымкенттің тумасы. Олардың мәпелеп отырған Мариям есімді қыздары бар. Тәй-тәй басқан сәбидей аяққа тұрып келе жатқан кішкене кәсібінен әрдайым береке үзілмейтін шаңырақта қос қуаныш болып жатыр. Ағасы Мұратхан Қаналұлы бұл күнде 3 қыз, екі ұл өсіріп отырған тәрбиелі отбасы. Әулеттің тұңғыш немере қызы Жұлдызды құтты орнына қондырмақ ниетте. Ендеше мерейі тасыған шаңыраққа әрдайым табыс пен шаттық тілейміз.
«Құдықтан су ішкен, қазғанға рахмет айтады» демекші Айнұр ханым мен Шухрат мырзаға ауыл тұрғындарының айтар алғысы шексіз. Өзгенің ауырын жеңілдетіп, басқаның басына түскен қайғыны сезіне білу – адамдық қасиеттің ең ұлысы десек күнделікті қаншама жанға көмек қолын созып жүрген асыл азаматтарға көпшілік те зор ризашылығын білдіруде. Қазіргі кезде әрбір адам жылы сөзге, мейірімге мұқтаж, өзгелердің көмегіне зәру. Тағдырдың тауқыметі мен өмірдің ащы тұздығын татып, қоршаған ортадан, иманжүзді азаматтардан мейірім шуағын, жан жылуын күтетін қоғамның әлсіз бөлігі саналатын қарттар мен әлеуметтік қолдауды қажет ететін ауданның кез-келген азаматына күнделікті азық-түлік береді. Дүкен апта бойы таңертеңнен кешке дейін жұмыс істейді. Имам Ахмад (р.а.) жеткізген хадис-шәріпте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім Алла үшін бір жетімнің басын сипаса, қолы тиіп өткен әрбір тал шашы үшін сауап алады» деген. Мұның бәрін тілге тиек етіп отырған себебіміз, осы өмірде қандай да бір игілікті, қайырымды істеріміздің сыйы – Алла Тағаланың жәннаты екенін жадымыздан шығармай, соған амал ету. Жақсылықтың қайтарымы көп болады. Алла Тағала осындай сауапқа ұмтылуды баршамызға нәсіп етсін! Әр адамның жүрегіндегі мейірім шуағы сөнбесін дейміз!
Н. МОМБЕК