«Egemen qazaqstan»-100: Дархан Қыдырәліге «Құрметті профессор» атағы берілді
Биыл — Ілияс Жансүгіровке 125 жыл. Сонымен бірге, құлагер ақын қалам сілтеген «Егемен Қазақстан» газетінің 100 жылдық мерейтойы. Осыған орай Талдықорған қаласында «Музейдегі түн» жобасы аясында «Ілияс ізі: «Еңбекші қазақтан» – «Егемен Қазақстанға» дейін» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Шағын шаңырақтағы үлкен шараның тізгінін облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Әміреев пен ақын Гүлбақыт Қасен ұстады. Мөлтек жиынға аймақтағы әдебиеті жанашырлары толықтай жиналып, Сарыарқадан сағынып келген Халықаралық түркі академиясының президенті, «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлімен дидарласты. Келелі кешке мұрындық болған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев алдымен сөз алып, жиналған қауымға жүрек лебізін жеткізді.
– Бұл әдеби кештің Ілияс Жансүгіров музейінде өтуінің өзіндік себебі бар. Құлагер ақынның қолтаңбасы ел сүйіктісі «Егемен Қазақстан» газетінде де қалған. Тарихқа бай ата басылым талай алыптардың ұстаханасына айналғанына ел куә. Қалам ұстаған жас пен жасамыстың басын қосқан «Музей түні» жобасы енді жиі өтіп тұрады. Себебі, еркін форматта әсерлі әңгіме өрбіткен мұндай орта бізге ауадай қажет, – дей келе, Дархан Қуандықұлына жыр құлагерінің 16 томдығын сыйға тартты.
елесін, музей мәртебесін көтеруде Еуропада жүзеге асқан шаралар, әдебиетсүйер жастардың бүгінгі келбеті жайында ойын айтып, қойылған сұрақтарға пайымды пікірін білдірді.
Дәстүрлі әнмен өрнектеліп, жырдан шашу шашқан шуақты сыр-сұхбат алаңында Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаев алашшыл алыптардың өнегесін мойнына бойтұмар етіп жүргенін айтса, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай Ілияс ақынның ізін басқан жастардың көбейіп келе жатқанын қуанышпен жеткізді.
Екі сағатқа жуық еркін әңгіме өрбіткен қаламгерлер кеш соңында халық әні «Шилі өзен қамыс-айды» орындап, естелік суретке түсіп, тарқасты.
Одан кейін І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті еліміздегі ең ірі басылымның басшысы Дархан Қыдырәлімен кездесу ұйымдастырды. Болашақ журналистер көкейінде жүрген сауалдарын қойды. Осы бір орайлы сәтті жыл бойы күткен студенттер мағыналы да маңызды ақпараттармен құлақтанды.
Сұрақ-жауап форматында өрбіген шараның мәресінде аталмыш оқу орнының ректоры Қуат Баймырзаев Дархан Қуандықұлына «Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры» атағын тапсырды.
Ғасыр жасаған басылымның осындай биікке көтерілуіне күш салған жетісулық ардагер журналистердің басы Салтанат сарайында қосылды.
Шараға облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов арнайы қатысып, құттықтады.
– Әр жылдарда атауы өзгергенмен бағыт-бағдары өзгермеген дара басылым жайында айтар сөз өте көп. «Егемен Қазақстан» осы жүз жыл арасында қазақ интеллигенциясының қалыптасуына өз үлесін қосты. Газет жарық көре бастаған күннен бастап оған Смағұл Садуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов сияқты көрнекті тұлғалар басшылық жасады. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары Шерхан Мұртаза мен Әбіш Кекілбаев газетте өз өрнектерін қалдырды. Бүгінде әдебиет пен журналистика саласындағы жігерлі де жалынды жастардың дені сол ата басылымда қызмет етеді. Күннен-күнге абыройы артып, ел алдында беделі еселеніп келе жатқаны соның айғағы, – дей келе, Дархан Қыдырәліні ортаға шақырды. Ол газетте жұмыс істеген ардагер журналистерді марапаттады. Оларға арнайы төсбелгі тапсырып, гүл шоқтарын ұсынды.
«Дөңгелек үстелге» жиналған қауымның барлығы да достық рәуіште ізгі ілтипатын жеткізіп, құттықтау-тілектерін арнады. Соның ішінде облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін: «Егемен» тойы – ел тойы. Солай болып та жатыр. Дана халқымызда «Алатауға арқа тіресең – Тәңірмен тілдесесің» деген қанатты сөз бар. Сол айтпақшы, «Егемен Қазақстан» газетін оқысаң, еңсең көтеріледі, рухтанасың, отаншылдығың артады, қасиетті жерге деген құрметің оянады. Демек, газет ұлттың үніне айналды, бейнелеп айтсақ, ұлттың ұстазына айналды деген тұжырым туады. Ол оңай шаруа емес. Басшысы қандай болса – басылым сондай. Мысалы, Дархан бауырымыздың осы газетке келгеніне аз ғана уақыт болса да, тарихи тақырыптан таған тартып, руханияттың гүлденуіне түрткі болды. Содан кейін де ел тарихы «Егемен Қазақстанда» егжей-тегжейлі жазылды. «Жол білген керуенге жалтақтамайды» дейді. Осы қалпыңнан танба. Той-тойға ұлассын», – деп ақжолтай лебізін арнап, газеттің қазіргі келбетін сұлу сөзбен астарлады.
Екі күнге созылған «Егемен Қазақстан» газетінің жетісудағы тойы осылайша жылы лебіздермен тоғысып, мазмұнды өтті.
Мұхтар КҮМІСБЕК
Алматы облысы