Аудан жаңалықтарыАуыл тынысыҚоғам

ЕЛ ИГІЛІГІ ҮШІН

Қазақстан Республикасының жергілікті өкілетті органы мәслихатқа – 25 жыл. Мәслитхат – Тәуелсіздіктің елеулі көрінісі. Осыған байланысты 1993 жылы 8 желтоқсанда Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасы әкімшілік-территориялық құрылымы туралы» заң қабылданды. Әр аймақтағы әлеуметтік- экономикалық үдерістерді тиімді басқару, оны қазіргі кезеңдегі жаһандық дамудың аясында, заман талаптарына сай қарқынды жүргізудің жаңа жолдары мен оңтайлы құрылымдардың қажеттігі туындады. Ең негізгісі, жергілікті өңірдің әлеуметтік- экономикалық дамуы және жергілікті бюджет көлемі жергілікті әкімшілік органдарымен анықталып жоспарланса, жергілікті өкілеттік орган- мәслихаттармен бекітілуі тиіс болып белгіленді. Сөйтіп, Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік басқару жүйесі – мәслихат және әкімдік болып, жалпы мемлекеттік басқару жүйесінің негізін қалаушы құрылымдары болып айқындалды. Содан бері мәслихат пен әкімдік бірлесіп, ел игілігіне қызмет жасай бастағанына 25 жыл толып отыр.

Мәслихат – бұл әкімшілік-аумақтық құрылым құрамындағы аймақтың жай-күйіне жауапты жергілікті өкілдік орган болып табылады. Ол сол аумақтағы халықтың қалауын, ықтиярын білдіреді және заң аясында қабылданған шешімдерді жүзеге асыруды белгілейді, оның орындалу барысын бақылайды.

Мәслихат барлығына ортақ, тең, еркін таңдау құқығымен 5 жылдық мерзімге, құпия дауыс беру арқылы сайланады. Мен 2016 жылы 6-шы шақырылымның депутаты болып сайландым. Қазіргі уақытта аудандық мәслихатқа сайланған 18 депутат ел алдындағы аманаттарын орындауда кәсіби шеберлігімен, белсенділігімен көрініп, қоғам өмірін жақсартуға атсалысуда.

Аудандық әкімдікпен ынтымақтасып, бірлесіп атқарған жұмысымыз адамдардың салауатты өмірі, мықты денсаулығы, еңбегі мен қауіпсіздігінің негізіне айналып отыр. Аудан халқының татулығы артып, елді мекендеріміз дамып, көркейе беруіне депутаттар корпусының қосқан үлесі зор.

Біз, аудандық мәслихаттың депутаттары сайлаушылар аманаты мен өтініштерін орындауға әркезде дайынбыз. Сайлауалды бағдарламаларымыздың орындалуына көңіл бөліп отырамыз. Ел бірлігінің, тұрғындардың әл-ауқатының артуына, ауданымыздың дамып, көркеюі үшін қызмет етеміз.

Мен аудандық мәслихаттың депутаты ретінде тоқсан сайын өз сайлаушыларым алдында сайлауалды бағдарламамның орындалу барысы, сайлаушылардың көтерген ұсыныстары мен талап-тілектері бойынша атқарылған шаралар жөнінде есеп беріп отырамын. Сондай-ақ тұрғындармен тікелей байланыстың бір жолы – бұл қоғамдық қабылдау. Депутаттар айына бір рет «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы ғимаратында тұрғындарды қабылдап, сұрақтарын заң аясында шешу үшін аянбай еңбек етеміз.

Халықтың алғысын арқалап, сеніміне ие болып жүрген аудандық мәслихаттың барлық шақырылымдағы депутаттарын өкілетті органның 25 жылдық мерейлі мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, дендеріне саулық, отбастарына бақ-береке, өнегелі еңбектеріне табыс тілеймін!

 

Майра ЕГЕМБЕРДИЕВА,

Іле аудандық мәслихатының депутаты,  «Іле аудандық орталық ауруханасы» ШЖҚ МКК директоры

Басқа жаңалықтар

Back to top button