Аудан жаңалықтарыАуыл тынысыҚоғамМерекелер

ЖЫЛДЫҢ ДА МІНЕЗІ БАР, ЖАҚСЫ-ЖАМАН…

Міне, тағы да бір   жылдың ақ парағы ашылды. Тышқан жылының ел халқына қандай өзгерістер әкелетіні баршаға қызық. Қазақтар тышқан жылын береке, ырыс, татулық пен тыныштықтың жылы деп санаған. Халықтың бұл сенімі көп жағдайда дәл келген. Шынында да тышқан жылында қиыншылық, жаугершілік, аштық көп болмады.

Тышқан жылының мыңдаған жылдық тарихына назар аударсақ, оның көп жылы аштықсыз, жаугершіліксіз, қиындықсыз, молшылықта өткен. Қанжығалы Бөгенбай батыр тышқан жылы (1684) туса, Төле би тышқан жылы (1756) қайтыс болған, алғаш Қазақ ордасы 1456 тышқан жылы құрылған еді. Ал қазіргі күні астролог мамандардың мінездемесіне сәйкес, тышқан жылы туғандардың мінезі тік, алғыр, бастаған ісін аяғына дейін жеткізетін мол жауапкершілікке ие адамдар дейді. Ал олардың жаман қасиеттері — қызғаншақ, сатқын, кейде шыдамсыз, қырсықтау. Сонымен қатар, олар  әділ, кең пейілді, жомарт жүректі және өз-өзін басқара біледі. Әркіммен тіл табыса білетін қасиетінің арқасында таныстары жетерлік. Бірақ нағыз досқа мұқтаж. Ақыл-ой жағынан алып бара жатқан ерекшелігі болмағанымен, алға қойған мақсатына жетпей тынбайтынына көпшілік тәнті. Үсті-басын таза ұстап, сақ жүреді. Думан-той, ырду-дырдудан бойын аулақ салуға тырысады. Мінезі – тәкаппар, сәл нәрсеге өкпелегіш. Олардан жақсы саудагер, жазушы, сыншы және публицист шығуы мүмкін, — дейді мамандар. Ал нумеролог мамандардың зерттеуі бойынша 2020 жыл жалпы алғанда, позитивті болады деп отыр. Келер жылдың басты саны 4 екен.

«Төрт – төзімділікке, шыдамдылыққа, еңбекқорлыққа жауап беретін сан. Адамдар өз денсаулығына мән беріп, оны жақсартуға ұмтылады. Сауықтыру орталықтары, медициналық мекемелер көптеп салынуы мүмкін. Бұдан бөлек, тұрмысы төмен азаматтардың баспана мәселесі шешіледі. Әлеуметтік жағдайы төмен халыққа тұрғын үй бағдарламалары ұсынылып, шетелдік инвесторлар көп үй тұрғызады», — дейді белгілі нумерологтар.

Қазақстандықтардың еңбекке деген құлшынысы оянады. Бірнеше жұмысты қатар істеуі мүмкін. Халықтың табысы қатты өспегенімен, әр адам өзі тырмысып, еңбектенеді. Бұдан бөлек, мамандардың айтуынша, адамдар рухани жағынан баюға көбірек мән береді. Біліктілігін арттыратын түрлі курстарға жазылады. Тіл үйреніп, салауатты өмір салтына бет бұрады. Ал 2020 жылдың түсі көк түс деп белгіленгендігін де атап өткен жөн болар.

Көк түс – классикалық түске жатады. Шеті жоқ кешкі аспанның шексіз көгілдір бейнесі. Ол бізді сызып қойған шекарадан ары ойлап, ұзаққа көз тастауға шақырады. Ол тереңірек ой толғауға,  ұзақ мерзімді қарым қатынасты кеңейтуге үндейді.

Жалпы, жыл санау – халық даналығының бір тарауы. Осы жыл санау арқылы он екі жылдан қайырып отырады да, оны «жыл қайыру» деп атайды. Бұл тəсіл өткен жылдарды есептеуге де, адам жасын анықтауға да өте ыңғайлы əрі тағылымы бар тапқырлық есептік жүйе де. Біріншісін он үш жылдан, одан кейінгілерін он екі жылдан есептеп, адам жасын да оңай шығарып ала береді. Сонда бір мүшел он үш, екі мүшел жиырма бес, үш мүшел отыз жеті, төрт мүшел қырық тоғыз, бес мүшел алпыс бір, алты мүшел жетпіс үш, жеті мүшел сексен бес жаста жəне солай жалғаса береді. Бұрынғы қариялар «алпыс бірдемін» немесе «жетпіс үштемін» демейді, «бес мүшелге толдым», «алты мүшелден астым» дейді. Ендеше, әр өткен жылымызға есеп беріп, келер жылдан үміт күткен елімізге тек жақсылықтар тілейміз! Әр шаңырақта табыс пен мерекеге толы жыл болғай!

 

 (Дереккөз: ғаламтор материалдарынан)

Басқа жаңалықтар

Back to top button