ГЕНДЕРЛІК САЯСАТТЫҢ МАҢЫЗЫ
Іле аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауы мен әлеуметтік тапсырмасы бойынша «Болашақ» үкіметтік емес ұйымының ұйымдастыруымен аудандық кітапханада конференция өтті. Конференцияның негізгі мақсаты аудандағы әлеуметтік әлжуаз топтағы азаматтармен жұмыс аясында іс-шаралар топтамасын ұйымдастыру жобасы аясында өткізді. Жиынға аудандық маслихат хатшысы – Абилова Роза Михаилқызы, Алматы облыстық маслихат депутаты, «Прогресс» колледжінің директоры – Телпекбаева Жанна Тілеубекқызы, «Іле таңы» газетінің бас редакторы – Айдарбекова Роза Маратқызы, Аналар кеңесі төрайымының орынбасары — Жабиева Мейрамгүл Түйебайқызы және 10 ауылдық округте сайланған төрайым әжелер мен аудандық аурухана маманы, «Nur Otan» бастауыш партия ұйымының төрайымы Күнсая Тлеумбетовалар қатысты. Алғашқы сөз кезегін аудандық маслихат хатшысы – Абилова Роза Михаилқызы бастап, өз сөзінде: «Іле аудандық статистика бөлімінің 2019 жылдың қараша айы бойынша мәліметтеріне сәйкес, қазіргі уақытта аудан көлемінде – 216200 адам тұрады, ер адамдар саны – 106722 болса, әйелдер саны — 109478 яғни аудан тұрғындарының 58 пайызын құрайды.
Іле ауданы бойынша жеке тұлғалар тіркелімінде – 44641 фертильді жастағы әйелдер тіркелген. Олар денсаулық сақтау Министрінің №452 бұйрығына сәйкес жыл сайын медициналық тексеруден өткізіліп тұрады» – деп әйелдер мен гендерлік саясат жөнінде мәлімдеме жасады. Келесі сөз кезегін алған Ж.Телпекбаева да гендерлік саясат, гендерлік тәрбиенің мәні жайында сөз қозғады. Ал Аналар кеңесінің төрайымы М. Жәбиева «Болашақ ұрпақтың тәрбиесі – аналар назарында» тақырыбында мағыналы баяндама жасады. Өз сөзінде: «Аналар кеңесі өз жұмысын бастаған сәттен-ақ, Ауданымыздағы оқу орындарында қыздар клубын ашуды қолға алды. Келешек ұрпақты тәрбиелейтін, оң жолға бағыттайтын, жарқын өмірдің кепілі болатын – қыздар екендігін білім ұяларында өткен кездесулерде жиі айтып, қанағатшылдыққа қадам жасауына үндеп, жөн сілтеп жүретін «Аналар кеңесінің» бастауымен көптеген игі шаралар ұйымдастырылып келеді. Аудандық білім бөлімі ауыл мектептеріндегі «Қызғалдақ», «Қыз Жібек», «Шаңырақ», «Абай», «Үкілім-ай»,«Байшешек», «Шамшырақ» клубтарының жұмысын жандандыру, қыз бала тәрбиесін басты назарда ұстау мақсатында барлық мектептердің қыз балалары, аналары, мектеп директорлары, олардың тәрбие жөніндегі орынбасарлары және өңіріміздегі белсенді әйелдер қауымымен кездесу мақсатында аймақтарға бөлініп, әртүрлі форматта кездесулер өткізді. Барлық кездесулер аудандық аналар кеңесімен, аудандық білім бөлімінің басшысы Ләззат Каткееваның басшылығымен ұйымдастырылды. №13 М.Мақатаев атындағы орта мектептің базасында кездесу өтті. Кездесуге №38, 7, 13, №24 лицей, аудандық,ауылдық аналар кеңесі, қыздар, мектеп директорлары және орынбасарлары — жалпы саны 140 адам қатысты. Сонымен қатар аудандық емхананың гинеколог дәрігері «Әжелер» ансамблі, ата-аналар комитетінің төрағалары да осы жиынға атсалысты. Дөңгелек үстелде қыздар гигиенасы, тәрбиесі, тәртібі туралы ой-пікірлер қозғалды. Жетіген округі №3, 34, 11, 33 мектептерінің Аналар кеңесі төрайымы Р. Ушурова, Боралдай округі №15, 40, 17 мектептерде М.Қаламбаеваның ұйымдастыруымен өткізілген «Қыз… ерекшелігі» тәрбиесінің бүгінгі күндегі ерекшеліктері деген тақырыпта сыр сұхбат өтті. Энергетик Өтеген батыр ауылының №13 М.Мақатаев атындағы орта мектеп психология ғылымдарының профессоры Күләш Оразбековамен «Қыз тәрбиесі – қоғам тәрбиесі» тақырыбында қоғамдық ұйымдар өкілдері және ата-аналармен кездесу өтті. №7 мектепте 9-10 сынып қыз балалардың аналары мен сынып жетекшілердің қатысуымен «Қызға – қырық үйден тыйым» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстел барысында «Қызға – қырық үйден тыйым» тақырыбында Ұ. Жұмаділова баяндама оқып, қыз балалардың тәрбиесіне қатысты бейнероликтер көрсетіліп талқыланды. Осындай келешек ұрпаққа үлгі боларлық тақырыпта көптеген іс-шаралар өткізіліп жатыр. Соның бір дәлелі бүгінгі конференциямыз десек артық айтқандық емес. Елбасының жыл сайынғы Жолдауларының өзегін халықты әлеуметтік қолдау мәселелері қаралды. Дегенмен бұрынғыдай емес, әлеуметтік көмектерге арқа сүйейтіндер азайып келе жатқан сияқты. Бізде халық пен биліктің арасын жақындатып, мәселені бірге отырып шешетін күнге жетуіміз керек. Өйткені біз бәріміз әділетті, ақылды, парасатты ұлттың ұрпағымыз дегіміз келеді. Келелі кездесу соңы ақ тілекпен, әсем әуенмен жалғасын тапты.
Мәншүк БЕКҚОЖАЕВА,
«Болашақ» қоғамдық бірлестігінің
атқарушы директоры