МАҢЫЗДЫ КЕЗДЕСУ, ЖЫЛЫ ЖҮЗДЕСУ
Қазақстан Республикасы Сенатының депутаттары Динар Жүсіпәліқызы Нүкетаева мен Нұртөре Байтілесұлы Жүсіп ауданымыздың ең шалғай округі Күрті өңірінде болып, мұндағы елдің әл-ауқатымен, тұрмыс-тіршілігімен танысып қайтты. Оларды аудандық мәслихаттың хатшысы Роза Михаилқызы Абилова мен Күрті ауылы округінің әкімі Мақсым Асанұлы Жұмамұратов күтіп алды. Сенат депутаттары өздерінің сапарын Ақши ауылына кіреберістегі заманының философы болған әулие, абыз Белағаш атаның басына құран бағыштаудан бастады.
Ауылдың Мәдениет үйіндегі кездесуде Динар Жүсіпәліқызы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа түрі жайлы ауыл тұрғындарына ұғынықты тілде түсініктеме берді.
– Әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа түрі үш ай сайын мекенжай бойынша көмек көрсетуді қамтамасыз етеді,-деп бастады ол өзінің сөзін. -Мұнда ай сайын көрсетілетін арнайы әлеуметтік көмектің мөлшері межелі критерийді сақтау арқылы күн көріс көзінің сомасы бойынша әр отбасы мүшесінің жан басына шаққандағы кірісі 70 пайыздан кем болмауы тиіс. Бұл көмек көлемі жан басына шаққандағы кіріс пен кедейлік шегі бойынша анықталады. Егер отбасындағы еңбекке жарамды азаматтар жұмыс істемейтін болса онда көмек беру тоқтатылады. Мұның сыртында отбасында төрт баладан жоғары болса онда сол жанұяға табыстың көлеміне қарамастан ай сайын әлеуметтік көмек беріледі. Мәселен, 4 балаға 42496 теңге, 5 балаға 53127 теңге,6 балаға 63757 теңге,7 балаға 74388 теңге төленеді. Сонымен қатар Динар Жүсіпәліқызы «Педагог мәртебесі туралы» Заңға жан-жақты түсініктеме берді. Үстіміздегі жылдан бастап, мұғалімдердің жалақысының 25 пайызға артатынын, олардың әртүрлі жүктемелерден босатылатынын, білім сапасының барынша арттырылатынына басымдылық берілетіндігін, 1-10 сыныптардың барлығы да жаңартылған білім мазмұнына ауыстырылатынын айтты. Мәдени мұраларды сақтаудың маңыздылығына да тоқталды.
Бұдан кейін сөз алған сенатор Нұртөре Байтілесұлы 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылған міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі жайлы әңгіме қозғады. Міндетті медициналық сақтандырған азаматтардың және өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған адамдардың ай сайын тиісті жарнасын төлеу арқылы барлық көмекті тегін алатындығын, кез-келген дәрігерге қарала алатындығын, сонымен қоса медициналық қызмет көрсетудің сапасының жақсаратындығын айтып, түсіндіріп берді. Сенат депутаты Нүртөре Жүсіп мал өсіруде, оның басын көбейтуде ауыл адамдарының алаңдамай еңбек етулеріне бар жағдайдың жасалынып отырғанын, алдағы уақытта да бұл жұмыстардың жалғасатындығын тілге тие кетті. «Малым жанымның садағасы» дейтін малсақ ауыл еңбеккерлерін бұдан былай мал ұрлығына алаңдамауға шақырды. Өйткені, ендігі жерде біреудің маңдай терімен өсірген малын орта жолдан олжалап кететін ұрыларға берілетін жазаның ауырлағанын, бұрынғыдай өзара келісіп, бітімгерлік жасауға жол берілмейтіндігін айтып өтті.
Ауданның Құрметті азаматы Сандыбай Үсенұлы Керімбаев Ақши ауылына дәрігерлік амбулаторияның жаңа ғимаратын салу жөнінде өз ұсынысын айтты. Бұл сұраққа аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Майра Әбдіхалыққызы Егембердиева жаңа ғимараттың жобалау-сметалық құжаттарының әзірленуде екендігін, алдағы жылдары бұл мәселенің түбегейлі шешілетіндігі жөнінде түсініктеме берді. Ауыл тұрғыны Дауытахун Шежембаев болса мал жайылымдылығының тарылғандығына реніш білдіріп, Ақшиге еш қатысы жоқ адамдардың гектарлап жер алып, оны өз мақсатына пайдаланбағандығынан, егістік пен мал жайылымдықтарының бостан бос жатқандығын айтып, сенаторлардан көмек сұрады.
Сенат депутаттары бұдан соң Ақши ауылындағы балабақшаның, дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен егжей-тегжейлі танысты. «Дәулет Бекет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты «Аруана» шипажайында болды. Серіктестік басшысы Сыдық Әбуұлы түйенің сүтімен бауыр безі, қант диабеті, аллергия, асқазан ауыруы сияқты дерттерді емдеуге болатындығына, оның бағасының қолжетімділігіне, тағы да басқа қызметтердің бар екендігіне қысқаша тоқталып өтті. Келген мәртебелі қонақтар «Дәулет Бекет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің түйе фермасында болып, оның жұмысымен толық танысып шықты. Қазір мұнда 5 мың түйе өсірілсе, алдағы уақытта оның санын 10 мыңға жеткізу жоспарланып отыр екен.
Аудан орталығынан 100 шақырымнан астам шалғай жатқан елді мекеннің тұрмыс — тіршілігіне, ақшиліктердің уақыт талабына сай еңбек етіп, замана көшінен қалмай келе жатқандығына риза болған Сенат депутаттары оларға тек жақсылықтар мен береке-бірлік тілеп, ауылдан аттанды.
Роза АЙДАРБЕКОВА