Аудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратҚоғам

БЕРЕКЕНІ БІРЛІКТЕН КҮТЕДІ

Аудан әкімі Б.Қарасаев өз есебін Күрті ауылдық округі, Ақши ауылында жалғастырды. Оған құқық қорғау органдарының басшылары, аудандық мәслихаттың депутаттары, қоғамдық кеңес және ардагерлер кеңесінің мүшелері, аудан әкімі аппаратының бөлім басшылары, коммуналдық мемлекеттік мекемелердің директорлары мен басшылары қатысты

Кездесу барысында көпшілік алдымен Күрті ауылдық округі әкімі М.Жұмамұратовтың есебін тыңдады. Ол ауылдағы тұрғындарға өткен жылдың басты деген оқиғалары мен атқарылған жұмыстарын таныстырды.

Аудан орталығынан ең ұзақ елді мекені болып табылатын Күрті 294 614 гектар жер телімі бар аумақты құрап, 2 елді мекенді қамтиды. 1090 ауламен, 798 үйде, 6353 адам тұрады. Жалпы халықтың 41 пайызы экономикалық белсенді болса, 56,7 пайызы өзін – өзі жұмыспен қамтығандар. Бірлігі жарасқан Ақши ауылында мемлекеттік «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017 – 2021 жылдарға» арналған бағдарламасы аясында аудандық жұмыспен қамту орталығына 265 адам жұмыспен қамтылған. Округ аумағында 15 төсектік ауылдық аурухана бар.

«Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасына 1 жас маман қатысқан. Жалпы, округ аумағында 25 жас мамандар тұрақты жұмыс істейді екен. Округ аумағындағы Т.Бокин атындағы №41 орта мектеп пен №8 орта мектеп ұжымдары ауыл балаларына жаңартылған білім жүйесі бойынша сапалы білім мен тәрбие беруде.

4 жас маман жастар практикасына қабылданған, 90 адам жеке шаруа қожалықтары арқылы әлеуметтік жұмыс орындарына тартылса, 9 адам 3 айлық тегін курстарынан өткен. Бұдан басқа өз шаруашылығын дамыту мақсатында 9 адам «Бастау бизнес» жобасы арқылы, ал 3 жасымыз «Жас Кәсіпкер» жобасы арқылы оқып, 2 адам қайтарымсыз грант иегерлері аталған. Округ әкімдігі тарапынан әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға үнемі қолдау көрсетіліп келуде.

130 шаруашылық егінмен айналысады, оның 57 шаруашылығы бақша өнімдерін ексе, 73 шаруашылық жоңышқа шөбін егумен айналысады. Ауыл ішіндегі іріқара малды асылдандыру мәселесі қолға алынбақ. Ол үшін қолдан ұрықтандыру мәселесін жүйелі жолға қойып, қолдан ұрықтандыруды іске асыратын мамандары да бар, тек қана ауыл азаматтары тарапынан қолдауын күтілуде.

Округ аумағындағы өзекті мәселелердің бірі ол суармалы жерлерді тиімді пайдалану. Өткен жылдан бері округке қарасты ішкі шаруашылық арықтарды паспортизация жасап, балансқа алу мәселесінің шешілмей келе жатқандығы туралы айтылған болатын. Бұл мәселе 2019 жылдың соңында қолға алынып, бүгінгі күні 22,9 шақырым болатын «Оң жағалаудағы магистральды канал» мен 39,8 шақырым болатын «Сол жағалаудағы магистральды каналдың» құжаттары рәсімделуде. Биылғы жылы құжаттарын заңдастыруды толық аяқтап, Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы Каналының теңгеріміне өткізуді қолға алған.

Мұнан соң аудан басшысы Б.Қарасаев былтырғы жылы жүзеге асқан шаруалар мен алдағы уақытта қолға алынатын жұмыс жоспарларымен кең көлемде таныстырды. Ашық микрофон форматында өткен есеп беру жиынында халық арасынан сұранып келіп еркін өз ойлары мен сұрақтарын қойды. Сондай-ақ, жиын соңында ауыл белсенділері А. Ахметов, С.Керімбеков, А. Тохтахунов, М.Дәулетхан жарыссөзге шығып, аудан әкімі тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Жиын соңында тұрғындар аудан әкімінің 2019 жылы атқарған жұмысына бір ауыздан «қанағаттанарлық/ жақсы» деген баға берді. Аудан басшысы да Ақши ауылының тұрғындарына деген ыстық лебізін жеткізді. Сондай-ақ, кездесуден соң аудан тұрғындарын жеке қабылдап, өңірдің мәселелерімен таныс болды. Жеке қабылдауында болған Б. Бимендиев түрғынүй құрлысына жер телімін сұраса, Ж.Қосанов Ақши ауылына келетін ауыз су трассасының жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы ұсынысын жеткізді. А.Смайлова ханым жеке кәсіпкер ретінде өзінің қоғамдық тамақтану орнына ауыз су құбырын жүргізуді сұрады, А.Чжембаева шетелде оқитын студент баласының отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындауын өтінді. Ж.Аяпбергенова мал ұрлығы туралы өзекті мәселені талқылады. А. Абыханов мал өсіру үшін жайылымды кеңейтуді қолға алуын айтты. Аудан басшысы Б. Қарасаев өзіне тапсырылған халықтың өтінішін кейбірін қабылдауында шешімін тапса, қалғанын өзінің жеке қадағалауында болатынын ескертті. Жалпы қабылдауда болған азаматтар өздерінің ұсыныстарының нәтижелі шешім тапқандарына разылығын білдірді.

Айта кетейік, бұған дейін аудан басшысы 2 ауылдық округ тұрғындарына есеп беріп, барлығында да «қанағаттанарлық» деген баға алған болатын.

 

Бағдат ЧОЙБАСОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button