ІЗГІЛІКТІҢ БЕЛГІСІ
Мейірім
Барша адамзат бір Адам атадан тарағаны белгілі. Осы тұрғыда ислам дінінде айтылатын «Мұсылман мұсылманға бауыр», деген қағида бекер емес. Адамның шығу тегі бір болғандықтан олардың арасында өзара жақсылық жасаулары да адами үйлесімділікті айғақтай түседі. Кез келген игі істерді жүзеге асыру адамдар арасында дінге, тілге, нәсілге, ұлтқа бөлінбейтіндігін ұмытпаған жөн. Адамдар жақсылық жасауды қолдап, оған мүмкіндік туғанда қашанда бейім тұратындығы ертеде оның фитратынан қалыптасқан. Бұл кезекте ислам дінінің орны айрықша. Адамзаттың ұстазы болған Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбардың өзі: «Адамдардың ең қайырлысы ол өзгеге пайдасы тигені» деген.
Жақсылық жасау үшін сіз міндетті түрде бай, ақшасы көп адам болуыңыз қажет емес. Бастысы, сіздің тілек- ниетіңізде деп ойлаймын. Қазіргі уақытта қамқорлық пен қолдауға мұқтаж болған, көңілдерін шер, қабақтарын мұң басқан, қайырымды адамдардан мейірімділік, алақандарынан жылулық сезімін күтетін жандарды күнделікті өмірде жиі кездестіреміз.
Сондай иманды, жаны жұмсақ азаматтар Өтеген батыр ауылында да жетерлік. Біз бұл дүкендердегі қайырымды жандар жөнінде алдағы жылғы сандарда да жазғанбыз. Дегенмен жақсылықты көріп, біліп жүріп, өзгеге үлгі болсын деген ниетпен қайта еске алып отырмыз. Мысалы: «Жұлдыз» дүкені таңертеңгі сағат 8-ден бастап тегін тамақ үлестірсе, әр сәрсенбі сайын 5 жұмыртқа, бейсенбі күні 1 литр сүт, жұмада 1 келі қант, сенбіде 2 келі картошка, жексенбіде 2 наннан үлестіреді. Дүкен қожайынының қызметін атқарушы — Айнұр Қанаханқызы. Ол үшін ешқандай құжат талап етпейді, сол маңайдағы мүмкіндігі шектеулі адамдар мен тұрмысы нашар отбасылар келіп кезекке тұрып алады. Ал, екінші қайырымдылық көмек қолын созып отырған «Перекресток» сауда үйі. Бұл сауда үйі әр жұма сайын тегін нан таратады екен. Дүкеннің иесі Ерлан атты қарапайым жігітке халықтың айтар алғысы шексіз. Сонымен қатар, «Сенім» сауда үйінде орналасқан «Дәріхана» қызметкерлері де сенбі күні тегін нан таратады. Дәріхана қожайыны өзге ұлттың өкілі Константин Опра. Бұл іспен төрт айдан бері айналысып келе жатқан қайырымды дүкендердің бірі «Алихан-1» және «Алихан-2», «Сказка», «Диана» дүкендері. Бұл дүкеннің қызметкерлері бұл дәстүрді бір жылдан астам уақыттан бері жалғастырып келеді. Мұндай қайырымды жандарға қарапайым ауыл халқының айтар алғысы шексіз. Оларға әрдайым жүректеріңіздегі мейірім оты жалындай берсін, жақсылық пен қайырымдылық әр адамның жүрегіне қуаныш сыйласын дейміз. Сондай-ақ, Алла Тағала адамды екі көзді етіп жаратқанның сыры өмірде бір көзімен жақсылық, қайырлы амалдарды көрсе, екіншісімен жамандық әрекеттерін көреді. Бірақ, сол екі амалды айырып, біреуін таңдау үшін ортасына ақылды берген. Сол ақылға дұрыс таңдау беру әрбір адамның парасатына байланысты болмақ. Ертеде француз математигі Блез Паскаль: «Кімде кім жақсылықты игі ниетпен жасаса ол кәміл адам, ал кімде кім жақсылықты пайда көруді ниеттеніп жасаса ол жарым адам», деген. Ендеше, ақылымызды тиімді пайдаланып, көптеген игі амалдардың жүзеге асуына ықпал етіп, кәміл адамның қатарында қоғамға пайдасы тиген мұсылмандардан болуға атсалысайық!
Қилаш ОСПАНОВ,
Өтеген батыр ауылының тұрғындары атынан