Пойыз жолаушылары бір вагоннан келесі вагонға өте алмайды
«Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директорының операциялық мәселелер жөніндегі орынбасары Йорг Бесвер теміржол қозғалысы кезіндегі шектеулер туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Негізгі шаралар вагондарда ілініп тұратын ережелерде жазылады. Біз жолаушыларға жеке қорғаныс заттарын – маска, антисептик, қолғап пен басқа да дүниелерді көп мөлшерде алып жүруге кеңес береміз. Себебі, маскасыз вокзалға кіруге рұқсат жоқ. Вагондарға да кірмейді. Сондықтан, жолаушыларға айтарымыз – адамдардың өміріне жауап беретін болғандықтан бізге қауіпсіздік маңызды. Жолаушылардың бізге көмектесуін сұраймыз», — деді Йорг Бесвер Нұрлы жол вокзалында журналистерге.
Сондай-ақ, ол жолаушылардың қалай отырғызылатынын және қанша билет сатылғанын да айтты.
«Жолаушыларды отырғызу бойынша шектеу жоқ, сондықтан бұрынғыша отырғызылады. Пойыз ішінде жүруге шектеу қойылады, яғни вагонға мінген жолаушы тек сонда болады. Кезек болмас үшін барлық жолаушыларға билеттерді онлайн алуға кеңес береміз», — деп атап өтті спикер.
Оның айтуынша, вагондар бір күнде бірнеше рет желдетіліп, дезинфекцияланады.
«Желдету және салқындату жүйесі дезинфекцияланды, толық дайын. Күніне кем дегенде 3 рет вагондар желдетіліп, екі рет тазартылады. Біз өз тарапымыздан жолаушыларды қорғау үшін қолдан келгенін жасап жатырмыз», — деп түйіндеді Й. Бесвер.