Үкімет басшысы: Біздің міндетіміз – экономикалық дағдарысқа дейінгі даму қарқынын қалпына келтіру
ҚазАқпарат – Премьер-министр Асқар Мамин Үкіметтің басты міндеті – қысқа мерзім ішінде экономикалық дағдарысқа дейінгі даму қарқынын қалпына келтіру екенін мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елімізде төтенше жағдайдың аяқталғанына бір айға жуық уақыт өтті. Карантиндік режим кезең-кезеңімен жеңілдетілуде. Қазіргі таңда экономикалық жағдай тұрақталып келеді. Нақты сектор өсімнің сенімді серпінін көрсетіп отыр. Тау-кен өнеркәсібінде 5,2 пайыз, өңдеуші салада 4,9 пайыз, оның ішінде машина жасауда 18,5 пайыз, фармацевтикада 21,2 пайыз, жеңіл өнеркәсіпте 10,8 пайыз, құрылыс материалы өндірісінде 2,3 пайыз өсім байқалды. Құрылыс көлемі 5,9 пайызға өсіп, инвестициялардың өсу қарқынын былтырғы деңгейде ұстап қалдық. Сауда балансының оң сальдосы қамтамасыз етілді», — деді Асқар Мамин Үкімет отырысында.
Премьер-министр сонымен қатар қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік қарқынды түрде қалпына келіп жатқанын айтып өтті.
«Сауда саласында мамырда сәуірмен салыстырғанда 28,3 пайыз, көлік саласында 20,7 пайыз, халыққа қызмет көрсетуде 28,8 пайызға айтарлықтай өсімді байқауға болады. Біздің міндетіміз – қысқа мерзімде экономикалық дағдарысқа дейінгі даму қарқынын қалпына келтіру. Бұған экономиканы қолдау мақсатында қабылданған шұғыл шаралар және биыл жыл соңына дейін экономиканы қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру ықпал етуі керек», — деді Асқар Мамин.