Аудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратБоралдай кентіДенсаулық

ДАРИҒА БАЛТАБЕКҚЫЗЫ: «САПАЛЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК – ДЕНСАУЛЫҚ КЕПІЛІ»

Медицина қызметкерлерінің күнін атап өту Кеңес Одағы тұсында 1980 жылғы 1 қазаннан бастап енгізіліп, дәстүрге айналды. Кеңес Одағы құлағаннан кейін кей мемлекет бұл мерекені атап өтпейтін болды, ал кейбірі күнін басқа уақытқа ауыстырды. Тек, Қазақстан, Ресей, Беларус және Украинада бұл мерекені әр жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде атап өтуде.

Медицина қызметкерлерінің мерекесі біздің елімізде – өзін медицина мамандығымен байланыстырып, адам өмірі мен денсаулығын сақтауға үлес қосып жүрген азаматтардың күні. Мереке қарсаңында біз Боралдай кентіндегі аудандық аурухананың бас дәрігері, «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі» Садыкова Дариға Балтабекқызына жолығып, бұл мекемедегі жұмыс барысымен танысқан едік.

— Дариға Балтабекқызы, аурухананың жұмысына тоқталып өтсеңіз?

— Көп адамдар ойлағандай біздің аурухана қарапайым учаскелік мекеме емес. Біздің мекеме Боралдай кенті, КазЦИК, Комсомол, Чапай, Междуреченск ауылдарының тұрғындарына медициналық қызмет көрсетіп, Өтеген батыр кентіндегі орталық ауруханадан кейінгі аудандық аурухана мәртебесіне ие болды. Мұнда қазіргі уақытта стационар бөлімі, күндізгі стационар бөлімі, қабылдау бөлімі, онколог-мамолог, эндокринолог, стоматолог, хирург, гинеколог, неврапатолог (балалаларға, ересектерге) рентгенолог, окулист, узи кабинеті, психолог, әлеуметтік қызметтер мамандары, учаскелік жалпы тәжірибелік дәрігерлер бөлімі жұмыс жасайды. Осы аталған қызмет түрлері бойынша тұрғындар ешқайда бармай-ақ өзіміздің ауруханамызда заманауи технологияның көмегімен қолайлы әрі сапалы ем алуларына болады. Атап айтсақ қазіргі таңда ауруханамызда заман талабына сай лапароскопия аппараты жұмыс істеп тұр. Лапароскопиялық технология – науқастың ішкі ағзасына ота жасау үшін тілік жасамай емдейтін хирургияның жаңа әдісі. Осы тәсілмен әртүрлі оталар жасалынуда. Бұл ретте өз ісінің маманы хирургия бөлімінің меңгерушісі дәрігер-хирург Нұржанов Нұрбол Абайұлы ота жасауды өзі жүргізеді. Сондай-ақ, емханада ультрадыбыстық зерттеу, сүт бездерінің рентгенологиялық зерттеуі, сүт бездерінің пункциондық биопсиясын зерттеуге арналған мамография аппараты алынды.Бұл аппаратпен 40 жас пен 70 жас аралығындағы әйелдерді сүт безінің қатерлі ісігінің алдын алу мақсатында тексеру жүргізеді. Кентіміздің тұрғындары профилактикалық тексеруден өте алады.

— Ауруханадағы мамандар құрамы жайында не айтар едіңіз?

— Мекемеде 75 дәрігер, 125 медбике жұмыс атқарады. Ауруханамызда еңбегімен ел алғысына бөленіп жүрген медицина қызметкерлері көп. Атап айтсақ, дәрігер-терапевт Айдарбекова Алма Хамитқызы, лаборатория бөлімінің меңгерушісі Оспанқұлова Ардақ Бегісовқызы, жалпы тәжірибелі дәрігерлер меңгерушісі Ақыбаева Самал Болатқызы, балалар дәрігері Ахметалиевна Улбибі сынды қызметкерлер – біздің мақтанышымыз. Ардагер дәрігерлеріміздің ізін жалғап келе жатқан учаскелік жалпы тәжірибе дәрігерлері Асанова Дина Омарқызы мен Маржан Нұрболатқызының еңбекқорлығын ерекше атап өтуге болады. Бас медбикеміз Күзенбаева Жібек Қанатбекқызы бастаған Күншібаева Гүлбаршын Әнуарбекқызы, Әжнұрова Райхан Жұмағалиқызы, Әдірбаева Әлия Әбдінасырқызы, Өкпебаева Ләззат Шеризатқызы, Хабамбаева Бану Құрманжанқызы сынды мейірбикелеріміз де өз істерін үлкен жауапкершілікпен атқарады. Бізде жас мамандардың тәжірибе жинап, біліктіліктерін арттыруға да кең жол ашылған. Мәселен, 2019-2020 жылдары жас маман Асылбеков Данияр Мақашұлы стационар бөліміне терапевт дәрігер, Қалданова Шынарай Төребайқызы учаскелік жалпы тәжірбиелік дәрігер, Алтыбаева Ұлбосын Талғатқызы дәрігер-эпидемиолог, Абылбаев Айдын Рыскелдіұлы, Нұғмидинов Мұхтар Дүйсенгалиұлы қабылдау бөліміне дәрігер болып жұмысқа орналасты.

— Тұрғындарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру 2020 жылдан бастап жүзеге асырылмақшы. Бұл орайда қандай жұмыстар жүргізілді?

— Боралдай аудандық ауруханасы тұрғындарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жұмыстарын жандандыру мақсатында әр тұрғынға сапалы медициналық ем алуға, сырқатына қарай бекітілген тізімдемеге сәйкес дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жоспарлы медициналық көмек, арнайы және жоғары технологиялық медициналық көмекке әр белгіленген ереже бойынша тұрғындарға кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Себебі, сапалы медициналық көмек — ел денсаулығының кепілі. Ауруханамызда қазіргі таңда тұрғындарға барлық медициналық көмектің қолжетімділігі жайында кеңінен ақпарат берілуде.

— Төтенше жағдай кезінде жалпы медицина қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктелінді. Үй көрмей жұмыс істеген кездеріңіз болды ма?

— Боралдай аудандық ауруханасының қызметкерлері наурыз айынан бері COVID-19 инфекциясының таралуының алдын алу, сақтық шараларын күшейту мақсатында күн-түн демей жұмыс атқарды. Аурухана базасында он төсектік провизорлық бөлімшесі ашылып қазіргі уақытқа дейін жұмыс атқарып жатыр. Сақтық шаралары қатаң түрде сақталып, барлық қызметкерлер жеке қорғаныс киімдерімен қамтамасыз етілген. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» мақаласы аясында Боралдай кенті әкімі аппараты карантин Кезінде қаладан келіп жұмыс жасайтын қызметкерлерді жатын орынмен, тамақпен қаматамасыз етті. Дәрігерлер мен медбикелер осындай қиын сәтте өздерінің еңбектерін шыңдап, үлкен тәжірибе жинақтады. Боралдай аудандық ауруxанасына күнделікті науқастардың емxананаға жүгінуі тұрақты түрде жүріп жатыр. Коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу, сақтық шараларын күшейту мақсатында тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау үшін ауруxанамызда фильтр ұйымдастырылған. Қызуы көтерілген науқастарға арналған есік бөлек. Ауруxана қызметкерлері тәулік бойы кезекшілікке түсіп, көмекке жүгінген адамдарды және дене қызуы жоғары науқастарға алғашқы көмек көрсетеді. Сәуір айында Іле аудандық аурухананың карантинге жабылып қалуына байланысты біздің ауруханада аудан бойынша барлық науқастарды қабылдап, жедел ота түрлері жасалынып, дәрігерлерге жүгінген науқастарға алғашқы көмек барынша жылдам әрі сапалы түрде көрсетілді. Сонымен қатар, емxана медбикелері жасақталған топпен бірге Боралдай кентіндегі бекітілген бекеттерде тәулік бойы кезекшілік атқарды. Коронавирус инфекциясының алдын алу мақсатында 65 жастан жоғары тұрғындардың денсаулығына қауіпті азайту үшін емxана қызметкерлері олардың үйлеріне барып, тегін дәрі-дәрмектерді таратты. Ол үрдіс әлі де жалғасуда.

Орайы келгенде өздерінің білімдері мен күш-жігерін аямай, ерен еңбек еткен әріптестерімді, жалпы барша медицина қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтағым келеді. Оларға, біріншіден, денсаулық, отбасыларының амандығын тілеймін.

— Бізге сұхбат бергендеріңізге рахмет. Біз де өз кезегінде редакция атынан денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтаймыз.

Р. МАРАТҚЫЗЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button