Аудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратМерекелерЧапаев ауылдық округі

МЕН ҮШІН ОТАНЫМ, ОТБАСЫМ ҚЫМБАТ

23 маусым - Қазақстан полициясы күні!

Кез келген учаскелік полиция қызметкері біліктілік танытып, халықпен жақсы тіл табысып, өз жұмысын тиянақты атқарса сол ауылдың төл баласындай болып кететіні біз жақсы білеміз. Ондай азаматтар ауданымызда баршылық. Соның бірі – жаны жайсаң азамат, Алматы облысы Полиция Департаменті Іле аудандық Полиция Басқармасының Учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Жұмаділов Марат Жеңісбекұлы. Ол Чапай ауылдық окруіндегі қырағы тәртіп сақшысы, мінезі қарапайым, ауыл адамдарыменетене таныс. Алдымызда келе жатқан ҚР Полиция күніне орай осы бір қазақтың қара домалақ баласымен ауыл тыныштығы жайлы сөз қозғаған едік.

— Марат Жеңісбекұлы, алда келе жатқан мерекелеріңізбен! Сіз учаскелік полиция қызметіне келуіңізге не түрткі болды?

— Мен Күрті ауылында орта мектепті аяқтағаннан кейін Алматыдағы Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясында 4 жыл оқыдым. Ол кезде өнер сыншысы болуды ойлаған едім. Бірақ жоғары оқуды аяқтағаннан кейін әскер қатарына алындым. Тағдыр мені Шығыс Қазақстан облысы, Мақаншы ауданындағы шекара қызметіне әкелді. Осы жерде темірдей тәртіп мені сақшылық қызметті қолға алуды итермеледі. Әскерден кейін 2007 жылы Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Ішкі Істер Министрлігінің Мақан Есболатов атындағы академиясында арнайы учаскелік полиция курсын оқыдым. Содан бері ауылда, ел арасында, қоғамның тыныштығын сақтап жүрміз.

— Ауылдық учаскелік полиция пункті техникалық құрал жабдықтармен толық қаматамассыз етілген бе?

— Иә, қазір біз отырған ғимарат қайта жөндеуден өтіп, жаңартылып, жеке кабинеттеріміз пайда болды. Біздің жай-күйімізге алаңдап, ғимаратымызды жөндеуден өткізіп берген аудан басшыларына алғысымыз шексіз. Ал, техникаға келетін болсақ қызметтік көлігіміз ескірді. Осы жағынан қиындықтар бар.

— Соңғы кезде ауылда қанша қылмыстық іс тіркелді?

— Әртүрлі бабтармен 20-дан астам іс тіркеліп, қаралды. Қазір бейнебақылау камералары орнатылып жатыр. Осының нәтижесінде қылмыс 50 пайызға азайды. Заманауи камералардың жұмыс жасауы біздің жұмысымызға үлкен жеңілдік әкелді.

— Ең көп жасалатын қылмыс түрі қандай?

— Қылмыстың ең көп жасалатын түріне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтың 73 бабы, отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттерді жатқызуға болады. Карантин режиміне байланысты тұрғындардың барлығы үйде болғаннан кейін бе, отбасылық ұрыс-керіс, ерлі-зайыптылар арасындағы түсініспеушілік, тұрмыстық жағдайға байланысты кикілжіңдер жиі орын алып жатыр. Әсіресе, карантиннен кейін жұмыссыздық белең алды. Қазір біздің жиі ұшырасатынымыз – екі жастың айқайы мен бейкүнә баланың екі ортада қалып, ата-анасына кезек жәутеңдеуі.

— Сіз үшін отбасының орны қандай?

— Менің отаным – менің отбасым. Отбасын керек-жарақпен қаматамассыз етіп, ұл-қызын сырт адамға алақан жайғызбай, ешкімнен кем қылмай өсіру – ер азаматтың міндеті. Менің де аяулы жарым бар. Қызғалдақтай екі қыз бен болашағынан үміт күтер екі ұлдың әкесімін. Мен үшін отбасым мен Отанымның тыныштығы мен бақыты маңызды.

— Әріптестеріңізге деген ізгі тілегіңіз?

— Барлық әріптестеріме, Аудандық Ішкі Істер Басқармасының басшыларына тек жақсылық тілеймін! Отбасылары аман, жұмыстары табысты болсын! Еліне адал қызмет атқарып, қызметте тасы өрге домалай берсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, ел іргесі сө- гілмесін деген тілек айтқым келеді.

— Әңгімеңізге рахмет!
Сізге де қызметте биік белесті бағындырып, еліміздің мақтанышына айналуыңызға тілектеспіз.

Әңгімелескен: Б. ТОҚАНҰЛЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button