Басты ақпаратДенсаулықҚазақстан жаңалықтары

Жедел жәрдем коронавирусы бар адамды қандай жағдайда ауруханаға әкетеді

15-22 маусым аралығында Қазақстан бойынша бір тәулікте 22 мыңнан астам адам «103» шақырған

Бүгін жедел жәрдем қызметкерлерінің басшылығы бұқаралық ақпарат құралдарына брифинг өткізіп, қандай шақыртуға жедел жәрдем тез келетінін, неге «103» желісі үнемі қауырт болатынын, қандай халдегі науқасты ауруханаға әкетіп, қандай адамдарды үйінде қалдыратынын түсіндірді.

Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Бауыржан Жүсіповтің айтуынша, өткен аптада ел бойынша «103» телефонына түскен қоңыраулар «пик» дәрежеге жеткен. Тәулігіне 22 мыңнан астам қоңырау қабылданып, шамамен осынша адамға жедел жәрдем көмек көрсеткен. Өңірлер бөлінісінде ең көп шақырту Ақтөбе мен Қызылорда облыстарында, Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында тіркелген.

«Осыған байланысты, жедел жәрдемнің келу уақыты шақыртудың санатына байланысты, ауысады. Егер науқастың өміріне немесе денсаулығына қауіп төнген жағдайға, жедел жәрдемнің келу уақыты 10-15 минуттан аспауы керек. Ал, пациенттің денсаулығына айқын қауіп болмаса, жедел жәрдемнің  келу уақыты 60 минутқа дейін өзгереді», — деп түсіндірді Жүсіпов.

Соңғы күндері өршіп тұрған коронавирус инфекциясына тоқталған Бауыржан Жүсіпов КВИ анықталған адамға жедел жәрдем қалай көмектесе алатынын және инфекция бар болған күннің өзінде, «103» қандай халде жатқан адамдарды ауруханаға алып кететінін айтты. Мәселен, қан құрамындағы оттегі жоғары болса, адам үйде қалады, ал, оттегі көлемі «90» деген көрсеткіштен төмендеп кетсе, адам ауруханаға түседі.

«Коронавирустық инфекцияны диагностикалау және емдеудің клиникалық хаттамасына сәйкес, пациенттерге жедел көмек көрсету алгоритмі бекітілгенін атап өту керек. Осылайша жедел көмек бригадасы шақыртуға қызмет көрсету кезінде бірінші кезекте пациенттің жалпы жай-күйі, ентігуінің бар болуы, минутына тыныс алу жиілігі, дене қызуы және қанының оттегімен қанығуы бағаланады. Осы көрсеткіштерге байланысты одан кейінгі әдіс анықталады», — деді Бауыржан Жүсіпов.

Бұдан өзге, Жүсіпов атап өткендей, егер науқастың басқа ауыр сырқаты болса, жасы 60-тан асқан, қант диабеті, өкпенің созылмалы аурулары сияқты аурулар бар болса, одан ары емдеу үшін стационарға әкетеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button