ІЛЕ АУДАНЫНДА БАҒА БАҚЫЛАУЫ КҮШЕЙДІ: БАЗАРЛАРДА МОНИТОРИНГ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Іле ауданында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағытындағы жұмыстар күшейтілді. Іле ауданы тұрғындарының күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасын бақылау – аудан әкімдігінің тұрақты назарындағы мәселе.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов берген тапсырмаға сәйкес, Өтеген батыр ауылы аумағында орналасқан «Биля» базары нысанында арнайы мониторингтік шара ұйымдастырылды.
Іс-шараға аудандық кәсіпкерлік бөлімі, мемлекеттік кірістер органдары, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметі, полиция басқармасы және төтенше жағдайлар саласының мамандары қатысты. Тексеру барысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қойылатын сауда үстемесінің 15 пайыздан аспауы, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу және делдалдық тізбектерді қысқарту мәселелеріне басымдық берілді.
Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, бұл бағыттағы бақылау жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Заң талаптарын бұзу деректері анықталған жағдайда, жауапты органдар тарапынан тиісті шаралар қабылданады.

Сонымен қатар, базар әкімшілігімен және кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сауда саласындағы ашықтықты қамтамасыз ету, баға саясатын заң аясында жүргізу және құжаттаманы талапқа сай рәсімдеу мәселелері кеңінен түсіндірілді.
Іле ауданында тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқатын қорғауға бағытталған мұндай мониторингтік жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады. Баға тұрақтылығы – халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін маңызды көрсеткіш.

