ӨЛІМГЕ АРАША ТҮСКЕН МЕДБИКЕЛЕР
Жыл сайын мамыр айының 12 жұлдызында Халықаралық медбикелер күні (International Nurses Day) атап өтіледі. Бұл күні ақ халатты абзал жанды медбикелерге құрмет көрсетіліп, олардың еселі еңбектеріне алғыс білдіріп жатады. Медбикелердің кәсіби мерекесі дәл осы күнге тектен текке қойылмаған. Бұл күні Англия елінің азаматшысы, медбике Флоренс Найтингейл (Florence Nightingale) дүниеге келген. Ол Қырым соғысында (1853—1856) өзі сияқты медбикелердің басын қосып, дүниежүзі бойынша тұңғыш қайырымдылық қызметін ашты. Қайырымдылық қызмет аясында олар соғыс кезінде жараланған азаматтарға алғашқы дәрігерлік көмек көрсетіп, ем-дом шараларын өткізген. Медбикелер тәулік бойы Түркия мен Қырым ауруханаларында оққа ұшқан жауынгерлерді емдеп, өлімнен арашалап, аяқтарына тұрғызған. Игі істері үшін оларға әр кез құрмет көрсетіліп, орасан зор алғыс білдірілетін. Флоренс Найтингейл ашқан қайырымдылық қызмет арқасында жауынгерлер өлімінің көрсеткіші 42%-дан 2%-ға дейін төмендетілді. Майданнан кейін өз еліне қайтқан Флоренс Найтингейл әскери медицина қызметін құрып, жергілікті медициналық мекемелерде ауа желдеткіштері мен су құбырларының орнатылуын талап еткен. 1860 жылы ол алғашқы медбикелердің қайырымдылық мектебін ашты.
Осы мереке қарсаңында ауданымыздағы Жауғашты батыр ауылының тұрғыны, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, ақын, Даманск ардагері Дүйсенғали Серікқалиұлы өзіне қамқорлық көрсеткен дәрігер-мейірбикелерге деген алғысын былай жеткізген екен:
Шипагер қамқор менің дәрігерім,
Күндіз түні ұйқысыз төккен терін.
Құтты болсын медбике мейрамдарың,
Мәңгілік аман болсын туған елің, — дей келе «Мен Дүйсенғали Серікқали Қалдыбайтегі Іле ауданының Жауғашты батыр ауыл тұрғынымын. Семей полигонының 3-топтағы мүгедегі, қант диабетімен және оншақты жылдан бері оң жақ бетім солқылдатып, жүйке жүйесі қатты мазалап жүр. Бір жарым айдан бері жағым солқылдатып ауырып, тамақ жеуге мүмкіндік бермейді. Тіпті жібіткен нанды да жұтындырмайды. Құр шайды трубкамен ішіп әбден әлсіреп, 28 мамыр күні кешкі сағат 7-ге таман отырған жерімде талып қалыппын. Осы орайда, ауылымның дәрігер қыздарына ерекше алғысымды білдіремін. Өлім мен өмірдің ортасында арпалысып жатқанымда алғашқы естігенім фельдшер Айтолған Гопаеваның «саусақтарының қозғалғаны бетінің бері қарағаны» — деген қуанышты дауысы болды. Сол сәтте бұлар қайдан жүр, мен қайдамын деген ойға баттым. Көзімді ашсам, қолымды ұстап, тамырымды басып тұрған Қарлығаш Терлікбаева медбикені көріп, мән-жайды түсіне бастағандай болдым. Мендегі қант мөлшері ең төменгі сатыға түсіп кеткен екен. Ақ халатты, абзал жанды қыздар түнімен жанымда болып, менің жанымды алып қалды. Ауыл медбикелері жандарын салып есімді жиғызған соң, Междуречнск округінің Екпінді ауылынан жедел жәрдем көлігі де келді. Аудан орталығынан жеткен жедел жәрдем мені орталық ауруханаға әкеліп, алғашқы медициналық жәрдем көрсетіп, Алматы қаласындағы ауруханаға жолдама берді», — деді. Д. Серікқалиұлы Алматы қаласындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің емханасында тіркеуде болғандықтан сол жерден ем шара қабылдап, ауылындағы емханадан ем алып жатыр екен. Ақын ағамыз дәрігер Жанел Желдібаеваға да айтар алғысы шексіз екенін айта келіп, ерліктері басым ауыл медбикелерінің еңбектеріне бас иетінін, ауыл медбикелерінің еңбегі адал бағаланса екен деген ағалық жүрекжарды тілегін жолдаған екен. Науқасты қабылдағаннан бастап, оны емдеу барысындағы барлық күйбең тіршіліктің бел ортасында жүретін мейірбикелер еңбегі қоғам алдында қашанда бағалана бермек. Орта буын медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру, шеберлігін шыңдау, білімін жетілдіру бағытында да көптеген жұмыстар атқырылып жатыр. Мейірбикелеріміз өңірлік оқу орталықтарында білікті мамандардан дәріс алып, білімдерін жетілдіру үстінде. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Ауданымыздың денсаулық сақтау саласында талай жыл тапжылмай тер төгіп, еңбегімен елдің ыстық ықыласына бөленген ардақты мейірбикелеріміз, сала ардагерлері де аз емес. Алдыңғы толқын апаларымыздың ұлағатты істері мен өнегелі еңбек жолдары кейінгі толқын өкілдеріне үлгі болары сөзсіз. Иә, өмірге сән беріп, тіршіліккке нәр беріп, қалтқысыз қызметін ұсынып, мейірімділік пен жылықтың символына айналып, игілікті мамандық иесі атанған мейірбике ісі – қашанда сый-құрметке лайық. Өйткені, тұрғындарға медициналық көмек көрсетудің тиімділігі көп жағдайда мейірбике жұмысына тікелей байланысты. Сондықтан мейірбикелік кәсіп немесе мейірбике ісі денсаулық сақтау жүйесінің ажырамас бөлшегі. Олай болса, денсаулықтың жаршысы, адам өмірінің қорғаушысы, науқастың дертіне дауа сыйлаушы, Гипократ антын қабылдап, міндетін мінсіз атқарып жүрген баршаңызды Халықаралық мейірбикелер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз. Ерен еңбектеріңіздің жемісін көріп, ұлт саулығы жолында аянбай етіп етіп, биік белестерді бағындыра беріңіздер! Ұлт денсаулығын нығайту жолында мемлекеттік саясатты жүзеге асырып, халықтың қошеметіне бөленіп, бірлесіп еңбек ете беріңіздер дегіміз келеді!
Нұргүл САБАҚАНОВА