Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыҚазақстан жаңалықтарыҚоғамРуханият

БАБАЛАР АРМАНЫНЫҢ ЖЕҢІСІ

Қазақ халқының тарихына көз салсақ, досқа адал, дұшпанға қатал, қонақжай, саналы ғұмыры ат үстінде өткен көшпелі жұрттың өмірі өз тәуелсіздігі үшін жанталасқан күреспен өткенін байқаймыз. Аттың жалы, атанның қомында күн кешіп, терлігі майдай еріген, алты малтаны ас қылып жауға шапқан бабаларымыздың, 30-жылдардағы аштықта тұқымы тұздай құрымай, тіршілік үшін жанталасып күрескен елдің, қуғын-сүргін жылдарында құрбан болған зиялыларымыздың, 86 зұлматында алаңда жанын берген қазақ жастарының жалғыз арманы – Тәуелсіз ел болу еді. Керегесі – ағаш, «Алаш» ұранды халқымыздың ғасырлар бойы арман еткен, қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібектен бастап, Абылай, Кенесары хандар ат үстінен бел шешпей күрескен тәуелсіздікке 1991 жылы қол жеткіздік. Дегенмен, бұл оңай жол болмады. Азаттық жолы қашанда азапты болады. Қан төгіліп, жан берілді.

1991 жылы КСРО ыдыраған соң, Одақ құрамындағы елдер біртіндеп өз тәуелсіздігін жариялады. 16-желтоқсан күні Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі «Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы» Заңды қабылдап, тәуелсіз ел екенін барша әлемге жария етті. Тәуелсіздігімізді алғашқылардың бірі болып ресми мойындаған бауырлас түрік елі мен мұхиттың ар жағында жатқан Америка Құрама Штаттары болды. Одан кейін Қытай, Ұлыбритания секілді әлемнің алпауыт мемлекеттері де бізді егеменді еңселі ел ретінде тани бастады. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының елшілігі ең бірінші Түркияда бой көтерді.

Біз тоқсаныншы жылдарда тәуелсіздігімізді жариялап қана қоймай, ата-бабаларымыз аманат еткен ұлан-ғайыр жеріміздің шекарасын бекітіп, елдігіміздің символы – рәміздерімізді, Ата Заңымызды қабылдадық, төл теңгемізді айналымға енгіздік. 29 жылдың ішінде әлемдік саяси аренада ойып тұрып өз орнымызды алдық.

Осы жылдар ішінде Қазақстан БҰҰ, ДСҰ, ШЫҰ және ЕЭҚ тағы басқа халықаралық ұйымдарға мүше болды. Ал 2010 жылы еліміз Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етті. Тарихшы ғалым Ж. Жақсығалиевтың «Тәуелсіздік — тарихтың сыйы немесе бүгінгі буынның меншігі емес. Ол – өткен бабалардың алдындағы қасиетті борыш және келешек ұрпақтың алдындағы зор жауапкершілік», — деп атап өткеніндей, бұл қасиетті ұғым қазақтың жылдар бойғы арманының орындалғандығын дәлелдейді.

Егемен Қазақстан Республикасының жеткен жетістіктері, уақыт үрдісіне сай жаңаша өрлеуі, өркендеуі, дүниежүзілік қоғамдастық, дамыған, озық мемлекеттермен тереземіз тең дәрежеде қарым-қатынас жасауымыздың бірден бір себепшісі – Тәуелсіздік! «Ұлан-ғайыр жері бар, ұлы мұратты елі бар, бабалар жазған ұлы тарихы мен ұрпағы көз тіккен ұлы болашағы бар менің халқым — Ұлы халық!» — деп Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев айтқандай, Ұлы еліміздің тәуелсіздігі әрдайым тұғырлы болғай!

С. ДАУРЕНБЕКОВА

Басқа жаңалықтар

Back to top button