Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыҚоғам

САҒЫНЫП ЖҮРМІЗ НҰРЕКЕ!

Сіздің арамыздан мәңгілік сапарға кеткеніңізге де 40 күннен асып кетіпті-ау! «Атқан оқтай, шапқан аттай» болып уақыт өткен сайын Сіздің орныңыз ойсырап барады.

«Көп еңбек еткен адамға бақыт басын иеді», – дегендей қайтпас қайрат, мұқалмас жігер, талмай ізденіс Нұрекеңді табыс шыңына жетеледі. Жақсылық болса тасымай, жамандыққа жасымай бар өмірін, әсіресе, 50 жылдық депутаттық қызметінде ел экономикасын дамыту ісіне аянбай атсалысты. Ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, ауызбірлікке, нәтижелі іске шақыра білуші еді жарықтық. Соның арқасында еңбегі ерлікке, ерлігі елдікке ұласты. Ел есінде қалды, ризашылығына бөленді.

100 жастағы Жамбыл атамыз: «Дүние деп күлімдеп, жамандықты сүймедім, жолда жатқан біреудің алтынына тимедім», – деген екен. Сол айтқандай-ақ, өмірі кісілік пен кішіліктен өрілген Нұрекең айналасына қамқорлық жасаудан жалықпаушы еді. Әрқашанда «Сырдың суы сирағымнан келмейді», – дегендей, мамыражай өмірді сүйетін.

1986 жылы аудан әкімінің ұйғарымымен бір топ соғыс және еңбек ардагерлері жаңа астанамыз Нұрсұлтанды (бұрынғы Астана) аралап қайту бақытына ие болдық. Бізді сапарға сол кездегі аудан әкімі Н. Логутовтың бірінші орынбасары Е. Тұрымбетов мырза басқарып жол тарттық. Осы сапарда Нұрекеңмен жақын араласып, талай-талай қызықты шақтарды бастан өткіздік. Ішіміздегі ең үлкеніміз Нұрекең. Ол «отыр» десе отырамыз, «жүріңдер, кеттік» десе соңынан ілесеміз. Не айтса, соны бұлжытпай орындаймыз, сыйлаймыз, тыңдаймыз. Қысқасы көрмегенді көріп, ішпегенді ішіп, күліп-ойнап қайттық. Бәрін айту мүмкін емес, бір естен кетпес сапар болды. Сол сапардан кейін де бір тобымыз «Нұрекең, Күнсұлу, мен, Кеншін, Көбенбек, Ақжолтай, Мархаба, Ғайни, Гүлшара, Үміткен. Осы күнге дейін жақын араласамыз. Өзімізді «Астаналықтар», — деп атаймыз. Қуанышта да, реніште де бірге болдық. Бірігіп, театрларға, концерттерге, тойларға, демалыс орындарына, табиғатқа шығамыз. Ән айтып, би билеп, өткен-кеткен қызықты шақтарымызды еске алып бір жырғап қалатын едік. Бүгінде қатарымыз сиреп барады.

Нұрмұхамбет Қасымұлының жарқын бейнесі, ғибратты өмірі, ұлағатты істері есімізде мәңгі сақталады. Топырағың торқа болсын, ардақты замандасымыз! Пейіште нұрың шалқысын!

Бір топ ардагерлер атынан
Төрткен КЕНЕНҚЫЗЫ,
Іле ауданының Құрметті азаматы, ардагер ұстаз

Басқа жаңалықтар

Back to top button