ҚУҒЫННЫҢ ҚҰРЫҒЫНДА КЕТКЕН АРУЛАР
Тәуелсіз Қазақстанның көп жылдық тарихында өткен «кеңестік» кезеңнің жерімізге, халқымызға тигізген зардаптары аз емес. Алайда, осы мыңдаған адамдардың тағдырын қиған тоталитарлық жүйе ізгіліктің, мейірімділік пен әділеттіліктің жаршысы болған жандардың соңына түсіп, өмірін қиды. Саяси қудалаулар арты адам санасына сыймайтын қатыгездікке ұласты. Өздерінің зерек ойымен, талантымен құрметке ие болған халқымыздың ардақты ұлдары Сталиндік жаналғыштардың қолынан қаза тапты. Жоғарыдан қарқынды деңгейде жүргізілген репрессиялық шаралар қоғам өмірінің барлық саласын қамтығандықтан, сол зобалаңнан бірде-бір елдімекен, бірде-бір отбасы аман қалмағандығы жұртшылыққа жақсы таныс. Кеңес өкіметінің бүкіл тарихы жауларды іздеу, табу, құрту, жою мақсатына арналды. Әрбір азаматтан жау іздеді. Саяси қуғын-сүргінге ер-азаматтармен қатар әйелдер де, балалар да ілікті.
1937-38 жылдары «халық жауы» деген жаланың құрбаны болған аяулы ер-азаматтардың арасында Шахзада Шонанова мен Торғай Сүлейменова ату жазасына кесілген қазақ халқының аяулы арулары еді. Шахзада Шонанова Батыс Қазақстан облысы, Жымпиты ауданында 1903 жылы дүниеге келген. Шахзаданың әкесі Арон Қаратаев белгілі ел азаматы Бақытжан Қаратаевтың інісі болатын. Шахзада зерек болып өсті. Есейе келе білім алуға ұмтылды.
Алайда Шахзаданың көп арманы жүзеге аспады. Оған әлді адамның қызы болғаны пәле болып жабысты. Тағдырдың жазуымен екі рет тұрмысқа шығады. Алғашқы ері мемлекет қайраткері Ыдырыс Мұстамбаев болатын. Ол 1898 жылы қазіргі Жаңа Семейде (1917 жылдан бастап Алаш болған) кедей отбасында дүниеге келіпті. 1916 жылы орыс-қазақ училищесін үздік бағамен бітіреді. Кейінгі оқуын ол Семей гимназиясында жалғастырып, Мұхтар Әуезовпен бірге бұл оқу орнын да үздік бағамен аяқтайды. Ы.Мұстамбаев төңкерістен кейін саяси қызметкер Мұхтар Әуезов, Ахметбек Сейсенбаев, Ғарифолла Ысқақов және тағы басқаларымен белсенді түрде араласады. 1920 жылдың соңынан Семей губерниялық азық-түлік комиссары, Орал губеркомының мүшесі ретінде, 1922 жылдың 13 шілдесінен бастап Ақмола губерниясының прокуроры қызметтерін атқарады. 1925 жылы Ы.Мұстамбаев Сырдария губерниялық атқару комитетінің төрағасы болды. Оның бұл қызметі Қазақстанның партия басшылығына Голощекиннің тағайындалуымен тұспа-тұс келді. 1926 жылдың 13 қыркүйегінде өткен Өлкеком бюро мәжілісінде Мұстамбаевтың мәселесі қаралып, ұлтшылдық пиғылдағы іс-әрекеттері айыпталғандығы белгілі. Ы. Мұстамбаев алғашқылардың бірі болып ұлтшылдықпен айыпталып, 1933 жылы 4 шілдеде ОГПУ алқасы Үштігінің үкімімен 5 жылға бас бостандығынан айырылды. 1937 жылы сол айыбы үшін тағы да ату жазасына кесілді. Осылайша небәрі 39 жасында қазақтың асыл азаматтарының бірі саяси қуғын-сүргін құрбаны болған еді. Шахзада өзінің алғашқы мақалаларына «Мұстамбай келіні» деп қол қойып жүреді. Ал кейіннен, 1937 жылы ол энциклопедист-ғалым Телжан Шонановпен бас қосады. Алайда бұл да ұзаққа созылмайды. Телжан да 1937 жылдың соңында жазықсыз тұтқындалады. Шахзада әу баста САГУ-дың (Ташкентте 1920 жылы құрылған Орта Азия мемлекеттік университеті – қазіргі Ташкент университеті) медицина факультетіне түскен болатын. Алайда оған «тап жауының қызысың» деген айып тағылып, оқудан шығарылады. Бұдан кейін Шахзада әртүрлі қызметтер атқарады. 1922-26 жылдары Оралда губерниялық атқару комитетіне іс жүргізуші, аз уақыт Сырдария губерниялық партия комитетінде нұсқаушы болып істейді. Кейіннен, яғни 1928 жылы, Қызылордаға ауысып, Халық ағарту комиссариатының мектепке дейінгі балалар тәрбиесінің нұсқаушысы болып жұмысқа орналасады. Алайда Шахзаданың есіл-дерті үзілген оқуын одан әрі жалғастыру еді. Соған орай 1931 жылы Алматыға қоныс аударып, медицина институтына оқуға келеді. Өкінішке қарай, баяғы жала тағы да алдынан шығады. Сөйтіп, бұл оқудан да шығарып жібереді. Осы кезеңде Шахзаданың күйеуі Телжан Шонанов ҚазПИ-де доцент болып жұмыс істейтін. Әрине, Шахзада сияқты оқудан шығарылғандар дәл сол кезде аз болмаса керек. Соған орай бұл мәселе үкіметтің беделді комиссиясында қаралады. 1931 жылдың қазан айының 25-інде өткен комиссия мәжілісіне Халық ағарту комиссариатынан Қайсар Тәштитов, БК(б)П өлкелік комитетінен А.Смирнов, денсаулық сақтау комиссариатынан А.Әрімбетов, Халық ағарту комиссариатының кадр бөлімінен В.Зилов қатысады. Бұл комиссия мынадай қаулы алады. «Шонанованың Кеңес үкіметі тұсында қызмет атқарғаны, өзінің әлеуметтік тегін жасырмағаны ескеріліп, оған медицина институтында оқуын жалғастыруына мүмкіндік берілсін». Бірақ іс мұнымен бітпейді. Қаулыда: «Институт дирекциясына және студенттік ұйымдарға жақын семестрлерде Ш.Шонанованы студенттік ұйымдарда, қоғам жұмыстарында тексеру міндеттелсін» деген де сөз бар. Осыған сәйкес 1932 жылы наурыздың 22-сінен көкектің 11-іне дейін Шахзада жұқпалы бөртпе, сүзек пен шешек індеті жайлаған «Прибалхашстройдың» Спасск бөлімшесіне жұмысқа жіберіледі. Осыған байланысты Спасск бөлімшесінің бастығы әрі оқу комбинатының директоры Жамшиннің Шахзаданың жұмысы жайлы жақсы пікірде жазған анықтамасы да институтқа жіберілген. Бұған қарамастан тап күресінің белсенділері оған тыныштық бермегені байқалады. Бұлай дейтініміз, Шахзада оқуды тастауға мәжбүр болады. Бұл 1933 жылдың бас кезі болатын. Шахзада енді өзіне бұрыннан белгілі оқу-ағарту ісіне, мектепке дейінгі балалар тәрбиесіне араласады. Осыған қарағанда ол Алматы медицина институтында 1931-1932 оқу жылында ғана білім алған сыңайлы. Шахзада соншама сәтсіздікке қарамастан өзін-өзі іздеуден, халқына қызмет етуден жазбайды. Бұған 1933-1936 жылдары педагогикалық ғылыми-зерттеу институтында жауапты хатшы, Халық ағарту комиссариатында ғылыми қызметкер, ұлттық мәдениетті ғылыми-зерттеу институтында кіші ғылыми қызметкер болып жұмыс істеуі толық дәлел бола алады. Жас келіншектің тынымсыз ізденісін байқаған Халық ағарту комиссары Темірбек Жүргеновтің шақыруымен ол бастауыш және орта мектеп бөлімінде ғалым-хатшы, кейін әдіскер-кеңесші болып қызмет істейді. Бірақ 1936 жылдың басында бұл қызметтен де босайды. Шахзада сонда да мойымайды. Қазақ мемлекеттік университетінің биология факультетінің 2-ші курсында оқуға мүмкіндік алады. Жасы 34-ке келсе де белгілі бір мамандық алуға талпынады. Алайда бұл ниетіне де жете алмайды. Жету түгілі, оның өзі де 1937-1938 жылдардағы саяси науқанның құрбаны болып кете барады. Бұған дейін, яғни 1937 жылдың 21 шілдесінде Шахзаданың ері Телжан Шонанов «халық жауы» деген жаламен тұтқындалған болатын. Осы күндері ел арасында 1937 жылы жаппай айыптауда азаматтар бірінің үстінен бірі арыз жазып, өзін-өзі қыруға себепші болды деген пікір бар. Бұл сөздің жаны бар сияқты. Өздеріне қажетті адамдардың үстінен іс қозғауға негіз болатын әңгімені НКВД-нің өзі ұйымдастырғаны да бұл күнде ешкімге жаңалық емес. Шахзаданы айыптау НКВД үшін де аса қажет болған сияқты. Шыққан тегі де, күйеуінің халық жауы ретінде тұтқынға алынуы да, өзінің сауатты болуы да, көптеген зиялы азаматтармен қызмет бабында аралас-құралас жүруі де бұлтартпас айғақ ретінде ойластырылған ғой. Мысалы, 1938 жылдың 6 қаңтарындағы протоколда Шахзада өзін антисоветтік ұйымға 1926 жылы Ыдырыс Мұстамбаев тартты деп «мойындаған», ал 13 қаңтардағы жауабында «ҚазМУ-де оқыған кезде мен студент жастар арасында күнбе-күн антисоветтік, ұлтшылдық насихат жүргіздім. Контрреволюцияшыл, буржуазияшыл ұлтшылдық идеясын кеңінен тараттым» деген де сөздер бар. Міне, жаланың көкесі деп осыны айтуға болады. НКВД-да отырған жендеттер осыдан тура 2 жыл бұрынғы, яғни 1936 жылдың 20 қазанында ҚазМУ-де болған өртті де Шахзаданың мойнына артады. Шахзада 1938 жылғы 17 қаңтардағы жауабында «1936 жылғы күзде ҚазМУ-ді өз қолыммен өртедім, соның нәтижесінде университет үйінің негізгі бөлігі жанып кетті», – деп қол қойыпты. Дұрысында, өрт іле-шала сөндірілген. Тіпті ондай үлкен де болмаған. Анатомия бөлмесіндегі кітаптар, құрал-жабдықтар далаға шығарылған. Шонанованың ісі бойынша университет мұғалімдерінен ұсталғандардың ішінде Ибадолла Ақбергенов (кафедра меңгерушісі) және аспирант Батырбек Бірімжановтар да бар еді. Ақбергенов сол кеткеннен ізім-ғайым жоғалады. Тағдыры әлі күнге белгісіз. Ал Бірімжановты НКВД-нің ақтамауға амалы жоқ болатын. Себебі 1936 жылдың тамыз айында, яғни өртке дейін ол Ленинградқа оқуға кеткен болатын. Сол Батырбек Ахметұлы кейіннен ҚССР ҒА-ның мүше-корреспонденті атанды. Көп жылдар ҚазМУ-дің факультетін басқарды. Жазықсыз жалалы болған Шахзада Шонанова 1938 жылдың 9 наурызында ері Телжаннан он күннен кейін (Телжан 25 ақпанда) Алматы түрмесінде атылады («Егемен Қазақстан», 1997, 8 қаңтар). Қазақтың ару қызының сыртқы сымбаты, ажары, жүріс-тұрысы туралы жазушы Хамза Есенжанов «Ақ Жайық» романында ерекше суреттейді. Шахзада Шонанованы өзі туып-өскен топырағы да ұмытпақ емес. Орал қаласында бір кезде аяулы ару тәрбие алған үйде, яғни бұрынғы әйелдер гимназиясы ғимаратында оған ескерткіш-тақта орнатылды. Қазақ жерінде атылған екінші қазақ әйелі – Торғай Қиқымқызы Сүлейменова. Бұл жөнінде Қорғалжын мемлекеттік қорығының бұрынғы директоры Сайдалы Мәженұлы Сүлейменов былай деп еске алады. «Әкем Мәжен Сүлейменұлы 1894 жылы, анам Торғай Қиқымқызы Сүлейменова 1904 жылы Нұра ауданының «Көкмөлдір» деген жерінде дүниеге келді. Әкем 1937 жылдың сәуірінде «Шахаман» деген колхозда ауылдық кеңестің төрағасы, ал анам осы колхоздың басқарма төрайымы болып қызмет атқарады. Екеуі де жастайынан Кеңес өкіметін барынша жақтап, азаттық жолында ат жалын тартып жүрді. 1932-33 жылдардағы ақсирақ аштықтан аман қалған елдің басын біріктіріп, «Шахаман» атты колхоздың іргетасын көтеріп, бірі ауылдық кеңестің төрағасы, бірі – басқарма төрайымы болып сайланды. Дегенмен 1937 жылдың наурыз айының ортасында түнде үйдің есігін сартылдата қағып, өңкей қара киінген бір топ жендеттер сау етіп, үйге кіріп келді. Үй-ішін тінтіп, астан-кестенін шығарды. Қарындасымыз екеуміз әжемнің қолтығына тығылумен аңырап қалдық. Әкем мен шешемді қара киген адамдар сыртқа сүйреп бара жатты. Содан бері «Шахаман» колхозында тұрғанымызда үйімізге тірі жан басын сұғып көрген емес. Жазықсыз әке-шешеме «халық жауы» атты нақақтан жабылған жала өмір-бақи қыр соңымыздан қалмай қойды. Біраз жылдар артқа салып, әкем мен шешемнің тағдыры беймәлім күйінше қалды. Кейін іздеуге өтініш білдіріп, мұрағат құжаттарымен танысуға рұқсат алдым. – Қағаз-қаламдарыңызды мында қойыңыз, құжаттарды оқып шығыңыз, – деген орыс әйелі сәлден соң бір сарғайған папканы маған ұстатты. Папканы маған ашып қалғанда, бірден көзіме оқтай қадалған мынау еді: «Мәжен мен Торғай Сүлейменовтер 1937 жылы наурыз-сәуір айларында тұтқындалған. Ерлі-зайыпты. 1937 жылы 10 тамызда үштіктің шешімімен ең жоғарғы жаза – ату жазасына кесілді. 1937 жылы 21 тамызда үкім орындалды». Одан әрі Сайдалы ағамыздың қандай күйде болғанын жүрегіңіз ұғып отырған болар. Клара Әмірқызының «Қиылған ғұмырлар» еңбегінде: «Таяққа сүйеніп, жасы 70-ке келіп отырған ананың 33 жастағы келінін «халық жауы» деп үйден сүйретіп әкетіп бара жатқанда, үш жасар немересі – Еркіні мен алты жасар Сайдалысы қара киімділерден үріккен күйде күңірене дауыс салған аруана әженің бауырына тығылып қала берген екен», – деген жолдар сол заманның адам айтқысыз жауыздығын көрсетеді.
Заңсыз репрессиялардың серігі – мемлекеттің, оның органдарының және лауазымды тұлғаларының адамдардың қарапайым құқықтарын жаппай бұзуы. 1920-50 жылдардағы Кеңес тарихы осыны айқындайды. Шын мәнінде, әйелдер мен балалардың ұсталуына 1937 жылғы 15 тамыздағы №00486 Ішкі істер халық комиссары Н.Ежовтың жедел бұйрығы тікелей әсер етті. Бұйрықта: «Осы бұйрықты алғаннан соң 1936 жылдың 1 тамызынан бастап бірінші және екінші категория бойынша әскери Алқа және әскери трибуналда айыпталған оңшыл-троцкистік тыңшылық-диверсиялық ұйымдар мүшелері, Отанын сатқандар әйелдерін репрессиялауға кірісіңдер» деп ашық айтылды. Бұл «халық жаулары» деп ұсталған азаматтардың әйелдері мен жанұя мүшелеріне үлкен шабуыл еді. Бұрынғы Одақта әйелдерге арналған барлығы 4 лагерь болды. Біріншісі – «Алжир», екіншісі – Горький (қазіргі Нижний Новгород) қаласынан 40 шақырым жердегі «Тепляков» лагері, үшіншісі – Фрунзеден (қазіргі Бішкек) 100 шақырым жердегі «Жангижер», төртіншісі – Тотьмадағы (Ресей) «Темников» лагері. «Алжир» – КАРЛАГ-тың Ақмола бөлімшесі. Ол Ақмола түбіндегі қазіргі Малиновка селосының орнында болған. Тікенек сыммен қоршалған, төрт бұрышына күзет мұнарасы орнатылған бұл жерде тек «Отанын сатқандардың» әйелдері тұрды. Сондықтан оны кекетіп: «Акмолинский лагерь жен изменников Родины» деген ұғымның бас әріптерінен құрастырып «Алжир» деп атады. 2003 жылы Мәскеудегі халықаралық «Мемориал» қоғамы «Узницы «Алжира». Список женщин-заключенных Акмолинского и других отделений КарЛАГа» деген 34 баспа табақ көлемде кітап шығарды. Онда 5380 әйел-тұтқындардың тізімі берілген. Яғни бұл жазықсыз жаланың құрбаны болған сол замандағы азаматтардың қираған шаңырақтарының астында зарлаған жарлары, жылаған ұрпақтары қалды. Біз бұдан сол кездегі ойранды жылдардың қайғы- қасіретін, шексіз әділетсіздігін саяси қуғын – сүргін құрбандарының әйелдеріде куйеулерімен бірге көргенін байқаймыз.
Жазықсыз жазаланған құрбандар әруағына жастарды тәу еткізіп,зұлматты жылдар қасіретінің енді қайталанбауын бүгінгі ұрпаққа аманат етіп қалдырған тарихи құжаттар, естеліктерді дәріптеу біздің басты мақсатымыз деп білемін.
Айнұр КЫДЫРОВА,
саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің
экскурсия жүргізушісі