Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпарат

ІРГЕЛІ ЕЛГЕ АЙНАЛДЫҚ

Қазақ елі үшін ең маңызды мереке – Тәуелсіздік күні. Еліміз азаттық алғалы көптеген жетістіктерге жетіп, біршама асудан асты. Қазақстанның жаңа ғасырда қол жеткізген барлық табысының қайнар көзі де – Тәуелсіздік. Тәуелсіздіктің арқасында Қазақстанды әлем халқы танып, күллі дүниеге мәшһүр болды. Дүниенің бір бұрышында қазақ деген халықтың үлкен істер тындыра алатын өресі мықты, өрісі кең ел екенін әлем білді. Азаттығын алғанына бар-жоғы 30 жыл уақыт болса да, Қазақстанның биік табысқа қол жеткізуіне Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың да үлесі зор екеніне де ешкім күмән келтірмейді.

Бұл кезге дейін еліміз қол жеткізген барша табыстар бір төбе болғанда, өркениеттің көшін бастап жүрген еуропалық елдердің аймақтық қауіпсіздікті сақтау мақсатында құрылған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше 56 мемлекеттің басшылары саммитінің ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында өткендігі еліміздің әлем назарынан тыс қалмай, көшбасшылар қатарына қосылғанын білдіріп, жеке-дара бір төбе болып табылады. Бұл саммиттің қаншалықты маңызды екендігіне кәрі тарих пен болашақ нақты бағасын беретін болады.

16-желтоқсан – еліміздің егемендігін жариялаған күн. 1991 жылы дәл осы күні Қазақстан атты жас мемлекет КСРО дейтін алып империядан іргесін ажыратып, жеке отау болып, көгімізде тәуелсіздіктің көк туы желбіреді. Содан бері 30 жылға таяу уақыт өтіп, ел экономикасы қарыштап дамыды. Қазақстанды мекендеген барша ұлт пен ұлыс өкілдерінің береке-бірлігінің, осы татулықты сақтауға негіз болған Елбасымыз Н. Назарбаевтың және Президентіміз Қ.Тоқаевтың сарабдал саясатының арқасында әлем таныған іргелі мемлекетке айналдық.

Тәуелсіздік бізге оңай келмеді. Ол бабаның қанымен, ананың жасымен, ел үшін құрбан болған боздақтарымыздың шыбын жанымен келді. Мұз құрсанған Желтоқсанда жасындай жарқ еткен жалынды жастар алып империяның бұзылмас көбесін сөгіп, қазаққа азаттық таңын сыйға тартқандай болды. Осылайша күллі жаһанға қазақтың қайратын, айбынын танытты. Ендігі біздің міндет – осынау азаттықтың қадірін біліп, тәуелсіздігімізді сақтау үшін күресу. ХХІ ғасыр өткен ғасырлар секілді қолға қару алып атойлап жүгірмей, ақпараттық шабуыл мен рухани майданның ғасыры. Біздің дәуірдің адамдары күн сайын көзге көрінбейтін жаумен шайқасып келеді. Мұндай жаудан жеңілмеу үшін біз бабадан қалған мол мұра мен еліміздің асыл қазынасын жан-дүниемізге ақ сауыт етіп, ата дәстүрден қол үзбеуіміз керек. Тілін, мәдениетін, дәстүрін сақтаған ел ғана өзінің ұлттық мүддесін қорғап, елдігін сақтай алады. Сол себепті, тәуелсіздігіміз тұғырлы болуы үшін өскелең ұрпақты тамырынан ажыратып алмай, көгеріп, көктеп, алып бәйтерекке айналуы үшін ерінбей еңбек етуіміз керек. Сонда ғана қазақ деген халық ғасырлардан ғасырларға жетіп, дәуір жүгін арқалай алатын алып мемлекетке айналады.

 А. ЕРГЕШБАЙҰЛЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button