Аудан жаңалықтарыАщыбұлақ ауылдық округіҚоғам

АУЫЛЫМ, СЕНДЕ НАЗАРЫМ

Ауыл халқы жаңадан сайланған аудандық мәслихат депутаттары-нан нені үміттенуі керек? Ауданымыздың тұрғындары өз жан айқайын жеткізу үшін кімдерге арыз-шағымдарын айта алады? Осы бір түйткілі көп, шешілу түйіні қатты мәселелер туралы «Ақ Жол» партиясының мүшесі  аудандық мәслихаттың депутаты, профессор, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Даниярова Дүрия Рәтбекқызымен әңгімелескен едік.

Сұхбатта ардагер журналистің қырағы көзі шалмаған ауыл мәселелері қалмаған сыңайлы. Әсіресе өзі қадағалайтын Ащыбұлақ ауылдық округіне қатысты ауызсу, ауылішілік жолдардың салынуы және сапасы, көшелерді жарықтандыру, көпбалалы аналардың даулы мәселелерімен орта мектептердің бізге беймәлім тұстарын оңтайландыруға атсалысуға құлшыныс танытып отырған жайы бар. Осы айтылғандарды және басқа да ауылдың ашылмаған жабық мәсе-лелерін әңгіме барысында тілге тиек етті.

— Дүрия Рәтбекқызы, сізге алғашқы қоятын сұрағымыздың төркінін өзіңізде түсініп отырған шығарсыз?! Сіз бүгінгі күні халық қалаулысы болдыңыз. Өз ісіңізді нені өзгертуден бастайсыз? Депутаттыққа бет бұрудың себебі неде?

— Елдің алдына шығып, қоғамдағы қордаланған мәселелердің тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін шешу менің қанымда бар. Сонау қызыл Кеңестің тұсында Жамбыл облысы, Жуалы ауданында өз әжем Бибіажар Әбдірайымқызы дәл осылай аудандық компартияның депутаты болатын. Қайын әпкем Бейсенкүл Базыкеқызы Даниярова Кеңестер Одағы Жоғары кеңесінің Х шақырылымының депутаты болған. Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі емес пе? Кейін өсе келе мен де осы жолда халыққа қызмет етсем бе деген арманмен жүретінмін. Студент кезімде әпкемнің депутаттық жұмыстарына көмектесуге құштар едім. Праймеризге жол ашылғанда мен осы мүмкіндікті пайдалана отырып, «Ақжол» демократиялық партиясының атынан Іле аудандық мәслихатына депутаттыққа сайландым. Міне, үшінші айға аяқ бастық қой. Округте даулы мәселелер жеткілікті. Оның үстіне тұрақты ауыл әкімі болмағандықтан ба, әлеуметтік-экономикалық жағы да сәл шатқаяқтаған секілді. Қазақта «Өзі жоқтың, көзі жоқ» деуші ме еді?… Ауылды басқаратын адам болмағаннан кейін оңай шешілетін жұмыстардың өзін кейінге қалдыра берген көрінеді. Қазір бізбен бірге округ әкімі де жаңадан сайланды. Оған өзіміздің ауылдың азаматы, осы ауданда талай жыл архитектура саласында қызмет еткен баламыз Жасұлан Оңалбаев келді. Осы жастармен бірге бар күшімізді салып, округтің өркендеуіне бірге үлес қосамыз деп ойлаймын. Мен ең әуелі ауыл адамдарының адами капиталын дамытуды алға қойып отырмын. «Адами капитал» дегенде алдымен тәртібі мен білімі, комфорттық зонаның сапасы болуы керек қой. Осы жағына да көңіл бөлінсе деймін. Әлеуметтік әділеттілікті қалаймын.

— Сіз білім жайлы айтып қалдыңыз. Білуімізше, Ащыбұлақ округінде 47 саяжай, 4 ауыл бар. Осы ауылдардың балаларын онлайн оқыту кезеңінде ғаламтор желісінің нашарлығы қалай шешілуде?

— Пандемия кезінен бері оқу процесіне жан-жақты көмек көрсетіліп келеді. Қазақтелеком тарапынан Altel 4G, аудандық білім бөлімі роутерлер, ноутбуктер, округ әкімдігі кәсіпкерлермен бірігіп өз көмек қолдарын ұсынып, онлайн оқу жұмыстарын тоқтатқан емес. Біз бұл мәселелерді қатаң қадағалаудамыз. Мұндай игі іске бізбен бірге, округтегі қоғамдық кеңес мүшелері, белсенді азаматтар да атсалысуда. Жалғыз ғаламтор мәселесі ғана емес, кейбір мектептерде зертханалық кабинеттердің жоқтығы да бізді алаңдатып, жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі де жанға батады. Жастарға өз таңдауын жасауға мүмкіндік тудыруды армандаймын. Егер біз білімді алға қойған, дамушы мемлекеттің бірі болғымыз келсе, жас ғалымдарға жол ашуымыз керек. Олардың да өзіндік жан айқайы, талабы, зайырлы мемлекеттен алатын өз орны бар ғой. Бізбен танысып үлгерген ауыл ұстаздарының инновациялық жобалары да елеусіз қалып отырған. Данагөй Абайша айтсақ, мәселеге әркімнің-ақ  бар таласы, алайда ол мәселенің өзіндік шешілу жолдары мен тәртібі бар.

— Округтегі көпбалалы аналармен кездесу өткіздіңіз бе?

— Менің алғашқы табаным тиген жер осы округтегі көпбалалы аналардың ауласы болды. Өкінішке орай, олардың қордаланған мәсе-лелері де көп екен. Алматы сияқты алып мегаполистің жанында орналасқандықтан ауданға еліміздің түкпір-түкпірінен қоныс аударғандар жетіп артылады. Күнде бір жаңа отбасымен және оның мәселелерімен бетпе-бет келіп жатырмыз. Халықтың үкіметке қояр талабы өте жоғары.  Әлгі «Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді» — деген нақыл сөз тура осы жағдайға арналғандай. Мықты сұраныстан, талаптан сапалы нәтиже күтуге болады. Елімізге әлеуметтік салада түбегейлі өзгерістер қажет.

— Ауыл аптап ыстықта ауызсу тапшылығын көріп келеді. Осының шешілу жолдары бар ма?

— Бұл туралы ауылдық округтің әкімдігіне сұраныс жолдаған едік. Нақты дәл басып ештеме айтылмады. Ондағы айтатыны – жаңа ұңғыма қазуға жер тапшы. Қазіргі уақытта ұңғыма қазу үшін талап бойынша гектарға жуық жеріңіз болуы керек. Округте 14 су ұңғымасы жұмыс жасап тұр. Оның екеуі жалдамалы болса, қалғаны «Іле су шаруашылығының» қарауында. Су құбырының жалпы ұзындығы 90 шақырымға жуық. Ауылдың халқы өскен сайын судың да таратылуы жылдан-жылға азайып келеді. Оның үстіне жазғы уақытта ауланы да сумен шайқап жатады, бақшаны да сол ауызсумен суарып жатады. Осының барлығы ауызсудың күрт азаюына әкеледі. Бірақ біздің команда әріптесім «Ақ Жол» партиясынан Әділжан Худайбердиев жергілікті әкімшілікпен біріге отырып, алдағы уақытта оңтайлы шешімін табуға атсалысатын боламыз.

— Негізгі актуалды сұрағымызға ауыссақ. Қазіргі дамыған заманда қазақ қоғамындағы әйел қандай болуы керек? Кешегі елді өзіне қаратқан митинг туралы ойыңыз қандай?

— Әйел – қай кезде де бір қолымен бесігін тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді ғой. Қазақ әйелі қарапайым, үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен қарайтын қаракөздер, шашын он тарап, бес өретін, үріп ауызға салардай сұлу әрі нәзік, кешегі Бопайлар, Мәншүктер, Әлия мен Ләззаттар сияқты  қайсар, ел шетіне жау келсе ерімен бірге ту көтерер шамасы да бар жандар. Жанын түсінер үкімет, жанында қолпаштап, қолдайтын отағасы болса, олар көпбалалалы болудан да қашқақтаған емес. Кешегі «8 Наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесінде» Алматы шаһарында өткен  митингтің негізгі тақырыбы дәл осындай аналар мен нәзік жандыларымыздың құқығын қорғау болатын. Басы жақсы басталып, соңы саясиландырылып, сиырқұйымшақтанып, даумен аяқ-талды. Өкініштісі сол, көп нәрсе айтылмайды. Жабулы қазан жабылған  күйі әдірем қалды. Қоғам болғаннан кейін әйел де сол ортамен бірге өзгеріп отырады. Еліктегіш қасиеті басым әрі сенгіш болғаннан кейін де ұрынып қалатыны бар. Бірақ осы жолға  түспеу үшін әр қазақтың мен деген ер жігіті мықты болып, жанынан орын беріп, басын әр бәледен арашалап қалуы ердің міндеті деп білемін. Әйел туралы көп айтуға болады. Әркім өзінің көрпесіне қарай көсіле пікір айтады ғой.

—  Әңгімеңізге рахмет.

Ащыбұлақ ауылдық округінен сайланған аудандық мәслихат депутаты Даниярова Дүрия Рәтбекқызымен тілдесемін, кездесемін, ой-пікір алмасамын деген округтің кез келген азаматы 87078332108 телефонына хабарласып, қабыл-дауына жазылуына болады.

Дүрия Рәтбекқызы ауылдың көркеуіне, дамуына, жетілуіне атсалысып, өз үлестеріңізді қосуға шақырады.

 Б. ЧОЙБАСОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button