Аудан жаңалықтарыБілім және ғылым

ЖАС  ҰСТАЗДАР  ҚАУЫМДАСТЫҒЫ  ҚҰРЫЛДЫ

Ауданымызда әдістемелік кабинеттің «қазақ тілі мен әдебиеті» пәні бірлестігінің әдіскері Молдагулова Ақмарал Құрманжанқызының жетекшілігімен «Жаңа толқын» атты жас ұстаздар қауымдастығы құрылды. Қауымдастықтың ашылу салтанаты Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесі қарсаңында онлайн форматта өткізілді. Шара барысында сөз сөйлеген Ақмарал Құрманжанқызы ауданымызда «Ұлағат» атты аға буын ұстаздардың қауымдастығы бар екенін, олардың иықтарына артқан жүктері ауыр екенін тілге тиек ете келіп, жас ұстаздар қауымдастығын құрудағы мақсатымен таныстырып өтті. Ол өз сөзінде: «Аға буынды алға тартып, неліктен жастарға өздерін танытуға, білек сыбанып жұмыс істеуге мүмкіндік бермейміз деген ой туды. Осы ойды жүзеге асыру барысында әр округтегі білімі мен білігі сай келген, әр істе белсенді жастарымыздың басын қосып, «Жаңа толқын» жас ұстаздар қауымдастығын құрдық. Қауымдастықта жеті жас ұстазымыз бар. Олар: №4 орта мектептің мұғалімі Жұлдыз Тұрғанбаева, №7 орта мектептің мұғалімі Алмат Ержанов, №9 орта мектептің  мұғалімі Торғын Жанетаева, №12 орта мектептің мұғалімі Манас Ешмағамбет, Кенен Әзірбаев атындағы №15 орта мектептің мұғалімі Кенжеғали Октябрь, №36 орта мектептің мұғалімі Нұрбек Жангабоев, Т.Айбергенов атындағы №48 орта мектептің мұғалімі Жанибек Елемесовтер. Бұл ұстаздар ауданымыздағы жас мұғалімдердің айнасы, аға буынның өнегесін алып, жас ұрпаққа баба мұрасын насихаттайтын алтын көпір, алдыңғы толқынды өкшелей қуып келе жатқан жас толқындар» — деп қауымдастық мүшелерін таныстырып өтті. Иә, аудандық әдіскер сайдың тасындай жарқыл қаққан жастарды таңдауда қателеспепті. Бірі адуынды ақын болса, бірі – кәсіби актер, енді бірі – мәнерлеу оқудың шебері. Кілең сен тұр, мен атайындар!!!!

«Жас келсе, іске» дейді атамыз қазақ. Әдіскер-ұстаз да жүректері жалынға толы, шиыршық атып тұрған жас мұғалімдерге үлкен үмітпен қарайды. Жастар да өз кезегінде өздеріне артылған сенімді ақтап, білім көшін алға сүйреуге әзір екендіктерін нық сеніммен айта алады. Қауымдастықты құрудағы ең маңызды сәт қауымдастық мүшелерінің атқарған жұмыстарын жариялайтын әлеуметтік парақша мен YouTube каналының атауын табу болды. Себебі, жаңашылдықты ту еткен жастардың ойы желідегі атауға келгенде сан-саққа жүгірді. Десе де, барлығы бір кеменің ішінде болғандықтан, ортақ шешімге келіп, YouTube каналын «Ңөң.тв» (ŋöŋ.tv) деп атауды ұйғарды. Бұл атауды ұсынған Жанибек Кажмуханович: «Ңөң деген қазақ тіліндегі жалғыз ң дыбысынан басталатын сөз. Каналымызды осылай атасақ, бір жағы көрерменге таңсық атау болып, қызықтырары сөзсіз. Екіншіден, ңөң – айсбергтің қазақшасы. Мұны біреу білсе, көбі білмейді. Ал, айсберг дегеніміз – мұзтау. Алайда, біз оның судың бетіндегі шыңын ғана көріп жүрміз. Мұзтаудың негізгі бөлігі судың астында жасырын тұр әрі қаншама құпияны бойына бүгіп жатыр. Сондықтан, біз, жас ұстаздар, осы ңөң секілді тереңнен тартып сөз айтатын, білімнің тылсымын бойына сіңірген, жас ұрпаққа бергенінен берері көп маман болуымыз керек. Міне, біздің осындай құпиямызды ашу – кез келген көрерменнің басты мақсаты болары айқын», — деп «Ңөң.тв» атауының қыр-сырын ашып айтты. Жас ұстаздар қауымдастығы құрыла салып, өз жұмысын аса белсенділікпен бастады. Ақмарал Құрманжанқызының басшылығымен қауымдастықтағы ұстаздар ең әуелі ауданымыздың барлық мектептеріндегі дарынды жастарды бір орталыққа жинап, бағыт-бағдар беріп, оқушылардың бойындағы ұшқынды жалынға айналдыру мақсатында «ақындық өнер», «мәнерлеп оқу» және «актерлық шеберлік» бағыттары бойынша іріктеу өткізді. Осы іріктеуден өткен шәкірттердің талабын қолдап, талантын шыңдау үшін сөз өнерінің майталмандарымен және театр саңлақтарымен кездесулер, семинар-сабақтар және түрлі сайыстар мен шеберлік сыныптарды ұйымдастыру үшін жоспар да құрып қойды. Сондай-ақ, қауымдастық өздерінің алғашқы мерекелік шарасы ретінде «1 Сәуір – күлкі күні» және «27 Наурыз – Халықаралық театр күні» қарсаңында «Дейді екендер» дейді екен» атты сатиралық жанрда қалам тербеген ақындардың әзіл-оспаққа құрылған өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқу сайысын ұйымдастырды.

Жастардың жұмысы мұнымен шектеліп қалмайды. Елбасымыз Н.Назарбаев «Қазақстанның болашағы – жастардың қолында» — деп, жастарға үлкен үміт артқан болатын. Себебі, жастар еліміздің қозғаушы күші. Жүрегі қулық-сұмдықтан ада, жан дүниесі судай мөлдір жастар қозғаушы күш болса, алынбайтын қамал жоқ. Сең бұзылды, білім көшіне жаңа толқын келіп қосылды!!!

А. ЕРГЕШБАЙҰЛЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button