Аудан жаңалықтарыДенсаулықҚоғам

Соңғы аптада  5000-нан астам адам вакцинацияланды

Іле ауданы бойынша  соңғы айда екпе алушылар саны күрт өсіп бір апта ішінде 5000-нан астам адамға коронавирусқа қарсы «Спутник V» екпесі егілген. Екпе алғандардың көп бөлігі – ауыл тұрғындары.

Мамандардың айтуынша, егілгендердің дені жастар. Егде жастағылардың да қатары көп. Тіпті, жасы 65-тен асқандар да бар.

Солардың бірі Өтеген батыр ауылының тұрғыны В. Лукина: «Біз баяғы Кеңес заманында екпе алуда ешқандай қорқыныш пен қымсынуды қажет етпей-ақ ауруханаға келіп ала беретінбіз. Өйткені, ол уақытта осы бір өмірлік процесс Отан алдындағы борыш іспеттес сезілетін. Қазіргі уақытта адамдардың көбісі өз бойларын қорқынышқа бөлейді. Вакцина – ешқашан адамзаттың жауына айналған емес. Қайта иммундық жүйені күшейтудің таптырмас жолы болады ғой. Менің жасым 66-ға келді. Мына екпені қабылдауға дәрігерлер тыйым салды. Бірақ менің отбасымдағы жасы менен кіші жандардың барлығы дерлік егілді» – деді көпті көрген әже.

Ал, екпе жасатып үлгергендер 24 сағат ішінде өздерінің қалай сезінгендерін бөлісті. Нәзік Нұралиева аудан тұрғыны: «Басым айналды, басқа ешқандай әсер байқамадым. Өзімді жақсы сезініп жүрмін. Өз әріптестеріме және туыс, достарыма екпеден қорқудың ешқандай негізі жоқ екенін ескерткім келеді. Барлығымыз бірігіп осы бір індетті ауыздықтауға шақырамын!» — деді. Алғашқы күннен бері тұрғындарға жеке ватсап желісі арқылы күні-түні қызмет ете отырып, екпені де салып келе жатқан аудандық орталық аурухананың жоғары категориялы мейірбикелері  Салтанат Әметқызы мен Әлия Дүнгенова: «Екпе салған ауыл тұрғындарын 24 сағат бақылауда ұстаймыз. Көбісі екпеден кейін ешқандай ауырсыну белгілері байқалмайтынын айтады. Десе де арасында бас ауруы, бас айналуы, дене қызуы көтерілгендер мен сүйектерінің қақсауын айтады. Реакция адам денсаулығына әр түрлі жолмен беріледі ғой. Сондықтан ауырсыну жағдайларын вакцина алғаннан кейінгі заңдылық ретінде қабылдаған жөн шығар. Ондайда парацетамол мен жылы суды жиі ішкен жөн» — деп кеңестерімен де бөлісті.

Аудан бойынша Өтеген батыр ауылында орналасқан Алматы аймақтық балалар клиникалық емханасы, Боралдай кентінде орналасқан Боралдай аудандық емханасы, «Дәулет-Центр» медицина орталығында, сондай-ақ, ауылдық округтерде орналасқан дәрігерлік амбулаторияларда вакцинация пункттері ұйымдастырылды.

Емханалардағы вакцинация пункттерінің жұмыс уақыты таңғы 08:00-ден кешкі 20:00-ге дейін ұзартылды, демалыс күндері өз еркімен келісім берген азаматтар вакцинациядан өтеді.

Айта кетейік, көктемнің алғашқы айлары екпе салумен қатар Қасиетті Рамазан айымен жалғасқандықтан ораза ұстаушы азаматтар да өз уақытында келіп екпе жасатуға болады. Бұдан алдында Қазақстан діни басқармасы хабарлаған пәтуәда  «Оразаны асқазанға табиғи жолмен — ауыз, мұрын және тік ішек арқылы енетін заттар бұзады. Ал вакцинация тері арқылы жасалады. Сондай-ақ, ол адамға белгілі бір дәрежеде күш бермейді. Сондықтан вакцинация оразаны бұзбайды. Вакцина компоненттерін Рамазан айының аяқталуын күтпей-ақ, уақытында алуға болады» — делінген.

         Б. ЧОЙБАСОВ

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button