Аудан жаңалықтарыҚоғамТұлға

ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУ – АЗАМАТТЫҚ БОРЫШЫМ

Депутат мінбері

Бақытбек АҚЫЛБЕКҰЛЫ:

«Ауыл – алаштың алтын бесігі» — деп қай данышпан айтса да, дөп түскен сөз екен. Талай дарындар мен талантты азаматтар ауылда туып, қалада тұрақтап қалып жатқаны қаншама? Бірақ, біздің кейіпкеріміз өзінің кіндік қаны тамған өлкесіне қайта оралып қана қоймай, бүтін бір өнеркәсібін көшіріп алып келген жайы бар. «Әке көрген оқ жонар» — дейді халқымыз. Әкесінің аманатын арқалап, ақ таяғын қолына алып, әкеден мирас болған кәсіпті дөңгелетіп отыр. Ол «Туған жеріме туымды тіккім келді» — дейді. Таныс болыңыздар, кешегі «Nur Otan» партиясының ұйымдастыруымен өткен праймеризде «Киелі ауданға ірі ет комбинаты керек» деп жар салған ардақты әке, адал жар, кәсіпкер, аудандық мәслихат депутаты Алғазиев Бақытбек Ақылбекұлы өзінің өмірі мен алға қойған мақсаты жайлы сыр бөлісті.

— Бақытбек Ақылбекұлы, қай өлкенің тумасысыз? Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз?

— Мен осы киелі Іле ауданы, Екпінді ауылында дүниеге келгенмін. Әкем Ақылбек Байкотович өте танымал кәсіпкерлердің бірі болған азамат. Ол тоқсаныншы жылдардың тоқырауында «Алматы Бірінші сыра зауытын» таран-таражға салғызбай алып қалып, өз еңбегімен жандандырып, алдыңғы топтағы өнеркәсіпке айналдырды. Өте еңбекқор жан еді. 2006 жылы әкемізден айырылып қалдық. Анам Сәуле Мұқанқызының мамандығы – технолог. Қазір үй шаруасында немерелерін оқытып, бағып отыр. Мен отбасымдағы төрт баланың үлкенімін. Менен кейін екі қарындасым және інім бар. Олардың барлығы үйлі-баранды. Еліне өз еңбектерін сіңіріп, қоғамның дұрыс қалыптасуына қызмет етіп келеді. Өзім ауылда туғанмен, Алматы қаласы, Ақсай ықшам ауданындағы №121 орта мектепте білім алдым. Одан кейін 1995-2000 жылдары аралығында Алматы Технологиялық Университетінде технолог мамандығын игердім.

— Еңбек жолыңызды қайдан бастадыңыз?

— 2000 жылы «Алматы бірінші сыра зауытына» инженер, жүйелеу технигі болып орналасып, зауытты автоматтандыру саласы бойынша еңбек жолымды бастадым. Бес жылдай сату бөлімінің маманы болып қызмет еттім. Қабілетімнің нәтижесінде қызметім өсіп, коммерциялық бөлімнің вице-президенті болдым. 2006 жылы әкем дүниеден өткеннен кейін, кеңес директорлары мені «Бірінші сыра зауытының» директоры етіп тағайындады. 2013 жылы маған Ақмола облысына арнайы шақырту келіп, сол жаққа «KazBeef» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне директор болып орналастым. Осы жерде менің өмірім күрт өзгерді. Ендігі менің айналысатын салам – ауылшаруашылығы, оның ішінде ірі қара малды асылдандыру ісі. Асылдандырылған ірі қара малдың етін жоспардан аса орындадық. Карьералық өмірімде үлкен тәжірбие жинадым. Дәл осындай компания біздің ауданымызға да өте қажет-ақ! Байсерке округінде Алматы облысы бойынша ірі ет комбинаты салынады деген жоспар бар. Міне, сол компанияның болашағы зор болады деп ойлаймын.

— Қазір сіз жәй ғана кәсіпкер емес, халық қалаулысына айналдыңыз. Алдағы жоспарыңызбен бөліссеңіз…

— Мен неліктен Іле аудандық мәслихатының депутаты болғанымды айтар болсам, Іле – менің кіндік қаным тамған жерім, әкемнің туған ауылы. Елге қызмет ету – азаматтық борышымды орындауым деп түсінемін. Туған өлкем заман талабына сай, сырғып өткен уақытпен таласа отырып дамыса деймін. Ауыл халқы өз көшінен қалып қоймаса екен деп тілеймін. Аудандық Мәслихатқа праймеризге қатысуға өтініш бергендегі мақсатым да осы. Әсіресе, жастарға берер кеңесім көп. Аудан тұрғынының 60 мыңға жуығы жастар. Көп жастардың тұрақты жұмысы жоқ. Кейбірі алған білімін өз мақсатында пайдаланып, дұрыс жолға қоя алмай келеді. Ғаламтордың, гаджеттердің күннен күнге жаңарып, түрлі бағдарламалар табыс көздерін ұсынып жатқанда, жастарымыздың бейқам жүрістері мені алаңдатады. «TikTok» бағдарламасы арқылы байып кеткен ауыл баласы туралы естідіңіздер ме? Қарапайым ауыл баласы аулдағы өмірін «TikTok» бағдарламасы арқылы әлемге жариялап, көптеген лайк арқылы миллионер атанды. Міне, бұл – заманауи технология жай ғана ауыл баласын оңай жолмен жолы болғыш бизнесменге айналдыратынын дәлелдейтін бірден-бір мысал. Өз басым жастардың қолына дайын ауланған балық ұстатқым келмейді. Оларға сол алтын балықты ұстайтын қармақты қалай және қай жерден табуға болатынын айтып, жол көрсетіп, жөн сілтегім келеді. Өз жоспарымда айтылған уәделерімді орындауға барымды саламын. Баяғыда марқұм Жақсылық Үшкемпіров ағамыз Елбасымыз Н. Назарабаевпен кездесуінде: «Менің бір арманым бар. Елімізде әрі кетсе 5 мыңнан аса ауыл бар шығар. Соны қазақтың 5 мың жігіті көтеріп жіберсе, одан артық қандай бақыт керек. Мен соны армандаймын», — деп еді. Ағаның осы сөзінің жаны бар. Қазір біздің компания аудандық мәслихат тарапынан өзіме жүктелген Ащыбұлақ ауылдық округіне балаларға арналған ойын және воркаут спорт алаңдарын салуға дайындалып жатыр. Алдағы уақытта тың жоспарларымызды іске асырамыз. Атқарылып жатқан жұмыс та көп, алға қойған жоспар да баршылық.

— Ауыл туралы сөз қозғадыңыз. Ауылдың әлеуметтік жағдайын көтеру үшін не істеуіміз керек?

— Бізге, ең алдымен, орта және кіші кәсіпкерлікті дамытуда, ауыл тұрғындары арасында ешқандай барьерсіз жол ашу керек. Президентіміз айтқандай «Естуші үкімет» ретінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы арқылы «Бизнес Бастау» жобасы бойынша арнайы бір айлық курсты сауатты оқытып, елдің күн көрісін жақсарту мақсатында кіші өнеркәсіпті барынша қолдауға атсалысамын. Аудан бюджетіне қомақты салықты төлейтіндер де осы сала ғой. Шағын бизнесті дамыта алсақ, «Қой да аман, қасқыр да тыныш» болатын еді. Мысалы, пандемия ауылға үлкен серпін берді. Үйде карантинге жабылған жұрт, өз өмірін басқа салаға бұруға талпынып, жаңа, тың идеяларымен алға қадам басты. Мысалы, Ащыбұлақ округінің кей тұрғындары өз үйлерінде отырып аспаздықпен, тігіншілікпен, кішігірім тауық қоралар мен жеміс-жидек өсіруші жылыжайлар салып, кәсіппен айналысуға талпынуда. Қолында ірі қаралары бар тұрғындар өздерінің сүт өнімдерінің сапасына көңіл бөле бастады. Өйткені табиғи сапалы азық-түлікке тұрғындар қатты ден қоюда. Осындай қым-қуыт тіршілік басталды. Карантиннен кейін ауылда үлкен ауқымды процесс басталды десем, қателеспеймін. Ел еңбекті, жалпы нарықтың жаңа бет бейнесін көрді. «Темірді қызған кезде соқ» — деген бар. Халықтың әлеуетін көтеру үшін орта және кіші кәсіпкерлікті қолдауымыз қажет.

— Алдағы Қазақстан халқының бірлігі күніне қандай тілек айтасыз?

— Ұлы даланың төсіндегі көздің жауын алардай көктеммен бірге құлпырған саналуан гүліндей болған барша отандастарымды Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Елімізде тыныштық болса, байлығымыз да артады, ырысымыз да таситын болады. Жалпы, маған ел алдына шығып, өз қажыр-қайратымды көрсетіп, азаматтық борышымды өтеуге мүмкіндік берген Аудан әкімі Б. Қарасаевқа, «Nur Otan» партиясының аудандық филиалына, аудандық мәслихаттың ұжымына шексіз алғысымды айтамын. Біз – біргеміз!

— Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен: Бағдат ЧОЙБАСОВ

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button