ЕЛ АМАНАТЫН ЕР АРҚАЛАҒАН
Биыл Чернобыль апатына 35 жыл. Осынау адамзат тарихындағы ең ірі техногендік апаттардың бірі саналатын Чернобыль атом электр станциясында апат 1986 жылдың 26 сәуірінде болды. АЭС-тегі қайғылы оқиғалардың нақты себептері әлі толық анықталған жоқ. Миллиондаған адамның өміріне түрлі дәрежеде әсер еткен осы оқиға салдарының ауқымы толық бағаланбаған деуге болады. Ресми тарих мәліметіне сүйенсек, 1986 жылғы 26 сәуірде түнгі сағат 01.23-те Чернобыль АЭС-тегі төртінші энергоблок жұмысын жоспарлы тоқтату және турбореакторды сынақтан өткізу кезінде жарылыс болды. Таң ата энергиялық блоктағы өртті тұншықтыру үшін реакторға мыңдаған тонна химиялық зат тасталды. Кеңес Одағының аумағында шамамен 155 мың шаршы шақырым жер радиоактивті залал шегіп, 7 миллиондай адам радиациялық ластануға ұшырады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, апаттан кейін 30 шақырым радиуста тұратын 600 мың адам жоғары дозада радиациямен уланған. Олар жергілікті тұрғындар мен АЭС қызметкерлері, сондай-ақ жою және тазарту жұмыстарына қатысуға одақтың түкпір-түкпірінен әкелінген жұмысшылар еді. Қазақстаннан осы апатты залалсыздандыруға қатысқандардың саны әлі де нақты емес. Алайда, Чернобыль ардагері, «Өлі қаланың тірі куәгерлері» атты Чернобль апаты туралы жазылған кітаптың авторы Марат Жүніс-Бек: «Апатты залалсыздандыру жұмысына қатысқан 276 әскери бөлімнің бірі – Орта Азиядан жалғыз барған Қазақстандық 27 химиялық қорғау полкі еді. Тағы бір ескерерлік жағдай, олардың құрамында запастағы әскерилердің, азаматтық саладағы мамандар мен бірге әйелдер мен студенттердің де болғаны туралы дерек бар. Оған басқа ел аумағында әскери міндетін өтеген отандастарымызды қоссақ – апатты залалсыздандыруға қатысқан қазақстандықтардың ұзын саны 40 мыңға жетуі мүмкін» — дейді.
Чернобль апатынан келген залалдың орнын тазалап, залалсыздандыру ісіне біздің ауданымыздан да екі жүзден аса жауынгерлер мен жұмысшылар қатысты. Жуырда КазЦИК кентінде Чернобыль апаты жауынгерлеріне, жарылыс салдарын жоюға үлес қосқан қазақстандық жауынгерлерге арналған ескерткіштің салтанатты ашылуы өтті. Жоба авторы және ескерткішті қоюшы – ауданымыздың тұрғыны, Чернобль оқиғасының қатысушысы Наурызбаев Сұлтанмұрат Жұмамұратұлы. Осы ескерткіштің ашылуына аудандық мәслихаттың депутаты, «Фирма «БЕНТ» ЖШС Президенті Кузиев Динмухамед қатысты. Д. Кузиев осы КазЦИК ауылдық округының депутаты. Ол ауылдық округтегі көптеген шараларға белсене қатысып, тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнатып, округтегі кейбір мәселелердің шешімін табуына өз үлесін қосып келеді. Бұл туралы Д.Кузиев: «КазЦИК ауылдық округінде болған кездесу кезінде мен тұрғындармен жеке танысып, олардың ауданымыздағы сапаны жақсарту жөніндегі көзқарасы мен өзекті мәселелерін тыңдадым. Арнайы тағайындалған азаматтарды қабылдау күндерінен басқа, экспромт кездесулер халықтың проблемалары мен мәселелерін, сондай-ақ олардың ұсыныстарын жақсы түсінуге мүмкіндік береді» — деп, тұрғындардың мұңқайғысын тыңдау үшін, олармен етене жақын болу керектігін тілге тиек етеді. Мемлекет басшысы өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы барлық азаматтардың өтініштеріне жедел және тиімді әрекет етуге бағытталуы тиіс екенін атап өтті. Бұл ретте біздің кейіпкеріміз шенеуніктер мен халықтың арасының алшақ болмауын, шенеуніктер халықтың үніне құлақ асуын, мұңын тыңдау керектігін баса айтқан Президентіміздің тұжырымдамасын негізге ала отырып, оның орындалуына үлкен үлес қосып келеді.
Өз тілшіміз