Аудан жаңалықтарыҚоғамТұлға

МАҚСАТЫ – АМАНАТҚА АДАЛДЫҚ

Бүгін бізге сұхбат беріп отырған аудандық мәслихаттың депутаты, №46 орта мектептің директоры Сұлтан Данашұлы Жарқынбековтың есімі аудан, облыс, республика жұртшылығына жақсы таныс. Сұлтан Данашұлы ұзақ жыл аудан әкімдігінде ішкі саясат бөлімін басқарып, өзін білімді де білгір, мықты ұйымдастырушы ретінде таныта білді. Ол қай істі қолға алмасын, жанын сала кіріседі. Атқарған жұмысының нәтижесін көрмей жаны байыз таппайды. Асығады да жүреді. Өзіне де, қасындағы адамдарға да маза жоқ. Шаршайды, басқаларды да шаршатады. Кей күндері, күн демей, түн демей, телефон шалып, белгіленген міндеттің орындалу барысын сұрайтыны бар.  Мұндайда, сырын білмеген адамның оны мазасыз жан деп ойлауы әбден мүмкін. Алайда, жанына жақынырақ үңіліп, атқарған жұмысынсын көзінен өткізсең, бірден бастапқы ойыңнан бас тартасың.

Сұлтан Данашұлы, мектеп директорлығы оңай жұмыс емес. Ол аз болғандай халық аманатын арқалап, аудандық мәслихаттың депутаты болдыңыз. Депутатқа жүктелетін міндеттің де, қойылар талаптың да жүгі ауыр екендігі баршамызға аян. Қиын емес пе?

– Депутаттыққа үміткер ретінде партияішілік праймеризге қатысуым туралы «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы ұсыныс жасады. Мен оған келісімімді бердім. Біріншіден, білім және әлеуметтік саланың маманы ретінде қордаланып жатқан мәселелерді көтергім келді. Екіншіден, аудан көлемі мен Байсерке ауылдық округіндегі шешімін таппай жатқан өзекті мәселелерді жақсы білемін. Депутат бола қалсам аудан, ауыл тұрғындарына пайдам тиіп, әдебиет пен өнер, спорт саласында жаңа жобаларды жүзеге асыруды алдыма мақсат етіп қойғым келді.

– Праймериздің қорытындысы бойынша 64 үміткердің ішінде ең көп дауысты Сіз жинадыңыз.

– Иә, солай болды. Шамасы аудан тұрғындарына менің сайлауалды бағдарламам және тың жобаларым ұнаған болуы керек. Өзіңіз жақсы білесіз, 25 жылдан бері халықпен тікелей байланыста қоянқолтық жұмыс жасағанымның жеңісі мен жемісі деп білемін. Әлеуметтік желідегі белсенділіктің те көмегі тиді. Барлық қолдаушыларға тағы да шексіз алғысымды білдіремін.

Депутат ретінде қолға алған жұмыстарыңыз туралы айтсаңыз?

– Әрине санаулы уақытта бәрін тындырып тастадым деу ертерек. Жекелеген азаматтардың өтініш, талаптары бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Жалпы менің ұстанымым, көтерілген әрбір мәселеге заң шеңберінде нақты шешімдер қабылдап, халық тілегінің оңтайлы шешілуіне ықпал жасау. Атап айтсам, Ынтымақ ауылының тұрғыны 5 баласымен 6 жыл пәтер жалдап, тіршілік тауқыметін тартып отырған, «Күміс алқа» иегері, көпбалалы ана Жарқынова Маржан апайды аудан әкімшілігі арқылы «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша үйдің кезегіне қойғыздым. Биыл бұйыртса Маржан апай баспаналы болса, нұр үстіне нұр болар еді деген үмітпен күтіп отырмыз.

Бәрімізге белгілі ауданда әлеуметтік және экономикалық жағынан шешімін таппай отырған мәселе – саяжайлар мәселесі. Байсерке ауылдық округіне қарасты «Вагонник» саяжайына жол салу, газ түсіру мәселесі бойынша округ әкімі Т. Көпбаевамен бірлесіп, кездесу өткізіп, түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Округ жастарымен   жиі  кездесіп, олардың жағдайын біліп тұрамын. Олардың мемлекеттік бағдарламалар аясында алатын көмектер мен көтерген мәселелерінің шешілуіне ықпал жасадым. Тәуелсіздік мерекесі, Наурыз және мамыр айындағы мерекелік шараларға қатыстым. Күні кеше ғана Байсерке ауылындағы Арқабай көшесінде тұратын (аты-жөнін әдейі атап көрсетпедік) анадан маған өтініш түсті. Оның айтуынша төрт баласының екеуі мүгедек екен, сол балаларының кенжесі қалқанша без ауруына ұшырап, дәрігерлердің мерзімді бағыт бермеуінен Алматы қаласына барса, «тіркеуде жоқсың», деп, қайтарып жіберіпті. Ақылы дәрігерге қаралуға қаржысы болмай, әбден қиналыпты. Өтініш жасаған ананы Байсерке ауылдық амбулаторияға, аудандық ауруханаға қызымен бірге ертіп барып, эндоринолог дәрігерге қаратып, ем алуына мүмкіндік жасадым. Атаулы жұмыста қолдау жасап, көмек қолын созған аудандық орталық аурухананың директоры, аудандық мәслихат депутаты Бауыржан Ысқақ мырзаға алғысымды білдіремін.

Байсерке үлкен округ. Мұндағы негізгі мәселерге тоқтала кетсеңіз?

– Қазіргі таңдағы ең басты Ынтымақ ауылындағы Абай көшесін жарықтандыру, ауыл балалары, оның ішінде, көпбалалы отбасы балалары үшін тегін ұйымдастырылатын ұлттық ойындар мен ұлттық би студиясын жасау жобасын жүзеге асыру, №47 орта мектепті көгілдір отынға қосу, саяжайларға газ тарту. жастар алаңын және Жаңадәуір ауылына дәрігерлік амбулатория салу тағы басқа жұмыстар кезек күттірмес күн тәртібіндегі мәселелер.

Мен көп жағдайда Байсерке ауылық округінің әкімі Тілеукен Отыншықызы және жергілікті қоғамдастықпен ақылдаса отырып, өзімнің жұмыс жоспарымды құрамын. Көмекке мұқтаж адамдарға қайырымдылық көмегін жасаймын. Көпбалалы аналар мен жалғыз басты қарттардың әлеуметтік жағдайына көңіл бөліп отырамын. Сонымен қатар, «Nur Otan» партиясының жанындағы бақылау комиссиясының төраға-сы болғандықтан жалпы аудан бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға да бақылау жасаймын. Комиссия мүшелерімен жоспарға сай Қараой, Шилікемер, Боралдай елдімекендерінде салынып жатқан мектептің құрылысының сапасын тексеріп, уақытылы пайдалануға берілуін зерделеп қайттық. Жауапты билік өкілдері және мердігерлермен жиын өткізіп, ұсыныстар беріліп, жіберген кемшіліктерге талдау жасалынып, жою шарасы жасалынып, бақылауға алынды.

Халық аманатына адалдықпен қарайтын Сұлтан Данашұлының өмір жолына, еңбек баспалдағына көз жүгіртер болсақ, оның тек білікті басшы, міндетіне жауапкершілікпен қарайтын белсенді депутат қана емес, шығармашылықпен айналысатын дарынды жан екендігін байқайсың. Білім саласында да жетістігі мол. Ол педагогика ғылымдарының кандидаты. Оның балалық шағынан бастасақ, соғыс көріп, тілерсегінен қан кешкен әкесі Данаш пен абзал ана Ләсиманның бес қызының ішіндегі жалғыз ұлы  – Сұлтан ерке болып өсіпті. Қанша ерке болса да Сұлтан жасынан сабаққа зерек, өнерге жақын болды. Әкесінің қалауымен Алматы құрылыс техникумының сәулет факультетін техник-архитектор мамандығы бойынша бітіріп шықты. Осы мамандық бойынша көптеген қызметтерге шақырулар көп болды. Үйдің кенжесі болғандықтан алысқа ұзағысы келмеді. 1989 жылдан Қызылту орта мектебінде еңбек, сызу пәнінен мұғалім болып, 1990 жылдан бастап туған ауылы — Жалаулы мектебіне ауысты. Мектепте ұстаз бола жүріп, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетін филолог мамандығы бойынша бітіріп шықты. Білген адамға ұстаз болу оңай шаруа емес. Сырт көзге ұстаздың жұмысы жеңіл көрінеді. Көпшілік халықтың ойлауынша мұғалім күнделікті сабағын түсіндіреді, сұрайды, бағалайды. Жоқ, оның бәрі керісінше. Сұраудың да, оқытудың да, тәрбиелеудің де өзіндік қиыншылықтары, әр-қилы ғылыми педагогикаларға байланысты жаңаша талабы бар. Бұл мамандық ізденімпаздықты, шығармашылықты талап етеді. Бойында өнердің оты маздаған, жалындаған жас жі-гіт жұмысын бар ынтасымен атқарды. Оқушыларға сапалы білім беру жолында ізденуден, өз білімін жетілдіруден жалықпады. Сонымен қатар мектептегі маңызы бар мәдени, әдеби шараларды ұйымдастырып, басқа да қоғамдық жұмыстарды атқаруға да уақыт табатын. Еңбекқорлығымен аз уақыттың ішінде өзі еңбек ететін білім мекемесінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасар қызметіне көтерілді. Кейіннен Нарынқол ауылындағы Ораз Жандосов атындағы орта мектепке директор болып тағайындалды. 2000 жылы Іле ауданының Ынтамақ ауылындағы №30 орта мектепке директор болып ауыстырылды. 2005-2018 жылдар аралығында Іле ауданы әкімі аппаратының ішкі саясат бөлімінің басшысы қызметін абыройлы атқарды. 2018 жылдан бері №46 орта мектебінің директоры.

Жауапкершілігі мол, жүктелер міндеті салмақты қызметті атқарып жүрген Сұлтан Данашұлының қолынан көп нәрсе келеді. Суретшілігімен қоса, ақындығы да бар. Драматургия саласына да қалам тартқан азамат. Оның «Әнің мені ешқашан өлтірмейді» пьесасы Райымбек ауданындағы аудандық халық театрынада алғаш қойылды. Аталмыш қойылымды қысқа мерзім ішінде сахнаға дайындаған режиссер бір ауданға ғана емес, облысқа танымал азамат. Ол – І-ІІ-ІІІ Бүкілодақтық халық театрлары байқауының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері Жұмаш Әлдибеков. Атаулы туындыны Ақши халық театры 2011 жылы қайта сахналап, аудан, облыс, республика көрермендеріне тарту етті. Сол сияқты Сұлтан Жарқынбековтың   М. Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына арнап жазған «Астанама көктем келді» музыкалы драмасын Кеген аудандық халық театры сахналап, сахна шеберлерінің жоғарғы бағасын алды. Сұлтан Данашұлы қызмет жасаған орындарында тек ұжымды шығармашылық тұтастықта бағыттап, әрқашан Жеңіс шыңына жетуге жол ашты. Ол басқарған мекеме мен ұжымдар облыстық, республикалық, халықаралық биіктерді бағындырды. Ұзақ жыл білім беру мекемесінде жемісті еңбек еткен ол уақытының тығыздығына қарамастан қайта-қайта педагогика саласына бет бұрып, өзінің ойында жүрген дүниелерді жарыққа шығарып жүр. Атап айтқанда, «Халықтық педагогиканы қазақ тілі мен әдебиет: сабағында пайдалану», «Қазақ тілін оқытудағы ауыз әдебиеті деректерін пайдалану», «Тәрбие жолы сан тарау», «Сабақ — шығармашылық үрдіс», «ХХІ ғасыр мұғалімі», «Жаңа технология қазақ тілі мен әдебиет сабағында», «Жалаулы тану», «Іле тану» атты мұғалімдерге арналған ғылыми-әдістемелік оқу құралдары, саясат саласында «Жасампаздық жолдауына – бүкілхалықтық қолдау», «Ішкі саясат: құрылым және технология», «Пришло время конкретных дел», «Қазақстан туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен айбатты», «Діни бірлестіктерге мониторинг жүргізу әдістемесі» атты оқулықтары, «Қазақстан-2030», «Өрге басқан он жыл», «Жастар кеші көңілді», «Мәңгілік елдің – мәңгілік мектебі», «Іле тану», «Іленің сырлы кештері», «Ынтымақ –  соғып тұрған жүрегімсің» еңбектері жарық көрді. Атаулы еңбектердегі тың тәжірибелері аудан, облыс, республика көлемінде тартылды. Шығармашылықпен қатар ақын-дық қасиеті бар дарынды азамат. Ол мемлекеттік тіл саясатының жанашыры. Білім мен өнер тақырыбында  өткен облыстық, республикалық сайыстардың лауреаты. Жауапты қызметті атқарып жүріп, шығармашылықтан қол үзген жоқ. Республикаға танымал сазгер Владимир Питерцевпен тығыз шығармашылық әріптестікте жұ-мыс жасауда. Ұлты басқа бол-са да жүрегі қазақ деп соққан талант иесімен Сұлтан Данашұлы бірнеше ән жазды. Оны жерлестері патриот ретінде құрметтейді. Жетісу өлкесі жайлы қалам тербеп, бірнеше әндерге сөз жазады. Сұлтан Данашұлының «Жалаулы – жұмақ мекенім», «Мен сүйемін», «Жетіген, әнімнің тірегі сен», «Сағынамын мен сені», «Ынтымақ, сен менің жүрегімсің», «Әкеме», «Кегенім бір өзіңе болдым ғашық», «Ауылым-жыр әнім», «Жаңа жыл»,  «Райымбек батыр» тағы да басқа әндері бүгінде қалың жұртшылық аузында. Атаулы туындыларды Қазақстанның маңдай алды жарық жұлдыздары С. Нұрмағанбетова, А. Мейірбеков, М. Ілиясова, М.Жүнісова, Қ. Бексұлтанова, Қ.Ахметбаева, халықаралық бай-қау жүлдегері «Элегия» тобы орындайды. «Кегенім, бір өзіңе болдым ғашық» әніне бейнебаян түсіріліп, КТК телеканалдың қорына енгізілді. «Ер жігітке жарасар сегіз өнер» дегендей, ер көңілді, от мінезді Сұлтан Данашұлы өз отбасының алтын қазығы. Сүйікті жары – Айгүл екеуі балалары Сағыныш, Бауыржан, Фараби, Нұршаттың қамын ойлап, олар-дың бар жағдайын жасап, қатар-ларынан кем қылмай өсірді.

Ұзақ жылғы белсенді қызметтің өтеуі бар дегендей Сұлтан Данашұлының еңбегі әр кез еленіп тұрды. Қазақстан республикасының Білім Министрлігінің, Алматы облысы білім басқармасының, Алматы облысы және аудан әкімінің қаншама Құрмет грамоталары, мадақтама марапаттары, 2002 жылы облыс бойынша «Үздік директор» атағын алуы, төсіне қадаған «Астана қаласының 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасының Конституциясына – 20 жыл», биылғы «Қазақстан ассамблеясының 20 жылдығына» алған мерекелік медальдары оның өлшеусіз еңбегінің дәлелі іс-петтес. Алдағы кезеңде берері де мол болмақ. Өткен өміріне ой тоқтатып, зер салса, өкінетін ештеңе жоқ сияқты. Көптеген белестерге түрен салыпты. Соның бірі – аудандық мәслихат депутаты болып сайлануы. Оның бұл қадамы атпал азаматтың тағы рет батылдығы мен тәуекелшілдігін көрсетсе керек. Оның алға қойған мақсатына жететініне біз нық сенімдіміз. Болашақта да бағындырар асулары да, шығар биігі де заңғар болғай!

 

 Роза Айдарбекова

Басқа жаңалықтар

Back to top button