Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыҚоғам

Менің тілім — қазақ тілі болғанын мақтаныш етемін

«Ана тілі қайнаған қанның, қиналған жанның, толғантқан көңілдің, лүпілдеген жүректің

сағынышы, онда дәм де, мән де болу керек». 

Шыны керек, менің тілім — қазақ тілі болғанын мақтаныш етемін. Әр адамға өз тілінен артық тіл жоқ деп санаймын. Қай заманда ата-бабамыз есті сөзбен ессізді тоқтатқан. Ақын-жырауларымыз сөзден ой-маржанын теріп, артындағы ізбасар ұрпағының санасына құя білген.

Қазіргі таңда тілімізді шұбарлап,қорлайтын, өз тілі тұрғанда ұялмай басқа тілде сөйлегенді мақтаныш көретін үлкендер де, жастар да жетіп жатыр. Оған өз басым күнде куә болып жүрмін. Жастардың орыс тіліндегі сөздерді жиі пайдалануы шынымен, адамды ашындырады. Тәуелсіздік алғалы осындай мәселелер жиі көтеріледі. Ондағы мақсат — ұлттық тілдің қадірін қайтару. Ал, негізінде тіл және тәуелсіздік бір-бірімен мазмұндас ұғымдар.

Тәуелсіздік — ұлттық қасиетті қадірлеуден басталса керек. Ал «өзінің ұлттық қасиетін, өз тілін, әдебиетін білген, қадірлеген адам толық мәнді интеллигентті емес» деген М.Әуезовтің керемет дана сөзі бар. Расында да, өз тілінің сұлулығын сезінбей, өзге тілдің қадірін сезіну екіталай емес пе?!

Талай ақын, шешен бабаларымды бұлбұлша сайратқан, жарға соққан толқындай екпінді, наркескендей өткір тілінің осынау уақытқа дейін тұншығып, қадір-қасиетінен айырылуға шақ қалғанда, қазақтардың көзі ашылып, қазақ тілін «мемлекеттік тіл» деп жариялады. Алайда мәселе мұнымен біткен жоқ еді. Бойында не рухы жоқ, не қорлық, не қара бас қамын ойлайтын «маған бәрібір» дейтін көбейді. Міне сондықтан да өткеннің кейбір іргелі тағылымдарына ден қоюға тура келеді. Қазақ тілін алғаш қолданыста бәзбіреулер араб пен парсыны, одан кейін ноғайды былдырлатып, орысты араластырып тілді құртуға шақ қалғанда, аға-буын бұрқ етіп қайнаған, сарқ етіп суалған тілімізді қайтадан тірілтті.

Ал, қазір ше?.. Қазір де қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі үшін күресіп жүрген жандар көп. Бірақ сол «бір өліп, бір тірілген» тілдің қадір-қасиетін жоғалтып алған адамдар да аз емес. Оған кім кінәлі? Қоғам әлде адам? Қарапайым да мәңгілік сұрақтар… Дегенмен өткенге мойын бұрамын деп болашағымыздан айырылмауымыз қажет. Әрбір халықтың басында болар мұндай мұраққа жерінен жеткізе жауап беру, бәлкім, жасаған жалғыздың өзінің ғана қолынан келер. Ал біздің міндет – «алтын күннен бағасыз бір белгі боп қалған» ана тілімізді қадірлеп көкке көтеру  екені мәлім. Сондықтан да алдағы міндет те ұлттық тілдің ұлы тұлғасын кезеңдік бұрылыстарда тарих сахнасына өшпестей етіп шығара білуде болса керек. Себебі, қазіргі таңда «үш тұғырлы» тілдің туын жоғары деңгейде көтеру сияқты зор міндеттер тұр. Мұндайда әрі кең, әрі жүрдек бүгінгі күннің даңғылымен жүру үшін байырғы тәсіл жарамсыз.

Ұлттық болашағына, оның өзіндік «Мен» дегізерлік қасиеттерін сақтау мүмкіндіктеріне сеніммен қарау құр қиялдың жемісі емес. Мен де елімнің жырын, тілімнің мұнын Әбілқайырша айтқанда: «Жайықтың табанында бір тамшы су қалғанынша, Қазақтың тамырында бір тамшы қан калғанынша»  жырлап өтемін.

 

Жетіген ауылдық округі әкімінің аппаратының

жастар ісі жөніндегі әдіскер А.Макулжанова

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button