Аудан жаңалықтарыДенсаулықҚоғам

БІЗДІҢ ҰЖЫМ ТҰРҒАНДА, БАЛАЛАРҒА ҚАУІП ЖОҚ

Депутат мінбері 

«Медицина қызметкері күні» мерекесі қарсаңында және Тәуелсіздігіміздің  30 жылдығына орай «Алматы облыстық балалар клиникалық ауруханасы» туралы аудандық мәслихатының депутаты, Іле ауданы әкімі жанындағы мемлекеттік қызметтердің сапасын бақылау жөніндегі мониторингтік тобының мүшесі, Кеңсе меңгерушісі, Денсаулық БПҰ төрайымы  Ақжолтаева Гүлмира Есқалиқызы ой-пікірімен  бөлісті.

Гүлмира Есқалиқызы, «Алматы облыстық балалар клиникалық ауруханасы» қай жылы ашылды?

— Біз жас, бірақ болашағы зор ұйымдардың біріміз. «Алматы облыстық балалар клиникалық ауруханасы» 2011 жылдың қараша айында пайдалануға берілген «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында типтік жобаға сәйкес салынған. 2011 жылдың 25 қарашасында күндізгі стационарлық төсектері бар консультативті-диагностикалық емхана аясында аурухананың салтанатты ашылуы өтті. «Алматы облыстық балалар ауруханасы» ГККП — бұл Алматы облысының балаларына мамандандырылған медициналық көмек көрсетілетін заманауи диагностикалық және медициналық жабдықтармен жабдықталған, Алматы облысының консультативтік-диагностикалық емханасы бар балалар көпсалалы ауруханасына айналды. Аурухана облыс әкімінің шешімімен Өтеген батыр ауылында салынды.

— Аймақтық балалар ауруханасының кадрлық жағдайы қалай?

— Аурухана — С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университеті, Қазақстан — Ресей медициналық университеті, Алматы мемлекеттік дәрігерлердің біліктілігін арттыру институты кафедраларының клиникалық базасымен тығыз жұмыс істейді. Біздің дәрігерлер үнемі шетелде біліктілікті арттыру курстарынан өтуде. Жыл сайын қатарымызға жас мамандар қосылып отырады.

Білікті мамандарыңыз қандай бөлімдерде жұмыс атқарады?

—  2012   жылдың   қаңтарынан бастап қабылдау бөлімшесі мен хирургиялық, травматология, жақбет, соматикалық, неврологиялық, гематологиялық, онкологиялық бөлімдерді,  сонымен  қатар,  жансақтау  бөлімін қамтитын 7 мамандандырылған клиникалық бөлімнен тұратын, 200 төсек-орындық көпсалалы стационар ашылды. Онда шала туылу және неонатальды патология бөлімі, күндізгі стационар, физиотерапия бөлімі, сонымен қатар параклиникалық бөлімдерде қалтықсыз қызмет етеді. Бірақ соған қарамастан мамандар тапшылығы әлі де болса да күн тәртібінен түскен емес.

— Жалпы балалар аймақтық ауруханасында науқас балаларды емдеу шаралары қалай өтеді?

— Біздің клиникада балалар диагностикалық тексеруден өтіп, мамандардан кеңестер, тәулік бойғы және күндізгі стационар түрінде стационарлық көмек ала алады. Біздің дәрігерлердің міндеті — асқыну қаупінің алдын алу және қалпына келтіру кезеңін мүмкіндігінше жақындату. Аурухана — өмір сүруінің салыстырмалы түрде қысқа мерзімінде бірнеше рет трансформациядан өтілген. Мысалы: шаруашылық жүргізу құқығы негізінде Мемлекеттік кәсіпорын мәртебесін алдық; Республикалық конкурста «Үздік аймақтық балалар медициналық ұйымы» номинациясы бойынша жеңімпаз атандық.

Біз медицина саласындағы қызметтің перспективалық бағыттарын игеруге, Алматы облысының балаларына медициналық қызмет көрсету сапасын үнемі жақсарту және жақсарту тұрғысынан өз мүмкіндіктерімізді кеңейтуге бағытталғанбыз.

— Сіз жақында «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы атынан аудандық мәслихатына депутат болып сайландыңыз. Ел қалаулысы ретінде қандай жаңалықтарыңыз бар?

— Мен мәслихат депутаттығымен қатар мемлекеттік қызметтерді тексеру бойынша маниторингтік топтың мүшесімін. Аудан көлемінде мемлекет тарапынан қарапайым халыққа көрсетілетін қызметтерді бақылаймыз. Көптеген олқылықтарымыз бар. Халыққа қызмет көрсету қызметі бойынша кейбір округтеріміз салғырт қарайды. Көп мемлекеттік ғимараттарға мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жәй кіріп-шығуының өзі қиындық тудырады. Бірінде пандусы жоқ болса, екіншісінде зағип жандарға арналған қарапайым брайль шрифпен жазылған тақталары жоқ болып шығады. Жалпы дамуды көздеген ел болғандықтан менің ойымша осындай кішкентай мәселелерді жіті қадағалауымыз қажет. Екіншіден, біздің аурухана пандемия кезінде әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына үлкен көмек көрсетті. Оның барлығын жіпке тізгендей айтудың да ешқандай қажеті жоқ шығар. Өткендегі Шарын шатқалында болған су тасқынында зардап шеккен жас жеткіншектерге де психологиялық және медициналық көмек қолын бірінші болып біздің Алматы облысы аймақтық ауруханасының ұжымы болды. Аурухана ішінде науқас балалардың көңілін аулау үшін түрлі көңілді іс-шараларды жиі өткіземіз.

— Гүлмира Есқалиқызы, әріптестеріңізге қандай тілек айтасыз?

— Бала — ата-ана үшін ең қымбат қазына. Біз бұл қазынаны өмір бойы қорғауға дайынбыз. Баланың күлімсіреуінен әдемі ештеңе жоқ. Дені сау балалар — сау болашақ! Біз оларға шын жүректен көмек қолын созуға дайынбыз! Өткен жыл бәріміз үшін қиын болды, бірақ дәрігерлеріміздің арқасында біз бұл қиын жолды қайтпас жігер, қайралған тәжірбиемізбен және құлшыныспен өттік! Мен барлық әріптестерімді алдымен Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерекесімен және келе жатқан төл мерекелерімен құттықтағым келеді! Әрбіріміздің үйімізде әрдайым тыныштық пен жайлылық болсын. Сіздерге мықты денсаулық пен қажырлы еңбектеріңізге шыдамдылық тілеймін! Сөз соңында айтарым, балаларыңыздың денсаулығына тек ең жақсы мамандарға сеніңіз, мұнда сіз балаңыздың денсаулығы үшін қажет нәрсенің бәрін таба аласыз!

— Әңгімеңізге рахмет!

Б. ЧОЙБАСОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button