Ислам — бейбітшілік діні
Ислам – араб тілінде бейбітшілік, амандық, тыныштық деген мағына береді. Аты айтып тұрғандай Ислам дінінің бейбітсүйгіш дін екенін атауынан байқауға болады.
Асыл дініміздің атын ұлы Раббымыздың өзі қойған. Ислам діні келгенге дейін араб түбегінде зорлық зомбылық, қан төгіс белең алған еді. Әйел баласы зат сияқты сатыла беретін. Қыз бала дүниеге келсе тірідей көметін. Осындай сорақылықтан басқа да көптеген амалдар етек алған еді. Ислам діні келген соң ер де әйел де, бай мен кедей де оның түр тұлғасы, атақ-даңқы, дүние – мүлкі емес, Алланың алдында адамзаттың барлығы тең екенің көрсетіп, жер бетінде бір-біріне жақсылық жасап, бейбіт өмір сүруге шақырды.
Құран – адамзатқа тура жол көрсетуші, ақ пен қараны айырушы кітап. Ислам діні келгелі бері араб түбегінде бұрын-соңды болмаған, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман туды. Содан бері 14 ғасыр өтсе де хақ дініміз өзінің асыл құндылықтарын жоғалтқан емес. Адайда кейбір дін дұшпандары тарихты бұрмалап, ислам қылыштың жүзімен таралған деп теріс оқытты.
Алла Тағала Құран Кәрімнің Бақара сүресі 256 аятында: «Дінде зорлық жоқ»- десе, Нахл сүресі 125 аятында «Адамдарды Раббыңның жолына даналық және көркем үгіт арқылы шақыр» — деп, адамдарға сыпайы түрде насихат жасау керектігін баян етеді.
Өкінішке орай, қазіргі таңда жамандық атаулыдан пәк дінімізге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын Ислам терроризмі, экстремизмі деп, жалған атаулар пайда болды. Пайғамбарымыз Мұхаммад с.а.с өзінің мубарак хадисінде «Нағыз мұсылман – басқа мұсылманға тілімен де қолымен де, зияны тимеген адам» — дейді.
Құранды оқыған, хадисті түсінген адам жаманшылық атаулыдан алыс болатыны айдан анық. Себебі, Пайғамбарымыз Мұхаммад с.а.с қашанда адамдарды бауырмалдыққа, ауызбірлікке, көркем мінезді болуға шақырған.
Алла Тағала тәуелсіз еліміздің тұғырын кашан да биік етіп, халқымызға ауызбіршілік, ынтымақ бергей.
Тәңірберген Дархан
Іле ауданының бас имамы