Елдің алдында болу – адал жол, ерен іс
23 маусым мемлекеттік қызметшілер күнін Іле ауданы әкімдігінде атап өтілді. Оған аудан әкімінің аппараты, аудандық мәслихат, мемлекеттік мекемелер мамандары және округ әкімшілігінде халыққа қызмет етіп жүрген мамандар қатысты. Салтанатты шарада аудан әкімі Бағдат Қарасаев мемлекеттік қызметкерлер күнімен әріптестерін құттықтады.
Ол: Саналы ғұмырын мемлекеттік қызметкер арнап, ауданымыздың дамуына зор үлес қосқан ардагерлер де, бұл салаға қызметін жаңадан бастап келе жатқан, ертеңіне зор үміт күттіретін жастар да баршылық. Ауданымыздың халқы көп, қоғамдық жұмысы одан екі есе артқан мына қысылтаяң уақытта ешқандай да қиындыққа мойымай алға жүріп келе жатырсыздар. Сіздерге шынайы алғысымды білдіремін! Мемлекеттік қызметші болу Президентіміздің аманатын арқалау болып та-былады. Адам еңбек еткенде оның белгілі бір дәрежеде жетістікке жетуі оның отбасынан мықты қолдау болғандығынан. Сондықтан сіздерге сабырлық, отбасыларыңызға береке тілеймін! – деді.
Одан кейін аудан басшысы, ауданымызға 40 жыл бойы қалт етпей білім саласының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан Іле аудандық білім бөлімінің басшының орынбасары, ардагер ұстаз, мемлекеттік қызметкер Мақсұтова Гүлнәр Саттарқұлқызына «Іле ауданының Құрметті азаматы» атағын табыс етті. Бірнеше мадақтама қағаздарымен жыл бойы өзінің атқарған қызметімен ерек-шеленген бірқатар мемлекеттік қызметкерлерге де мадақтама қағазын табыс етті.
Жиында аудан және округ әкімшілігіне жаңадан келген жас мемлекеттік қызметшілер өз анттарын беру рәсімі өтті.
Ант берген жас мемлекеттік қызметшілер арасында КазЦИК ауылдық округі әкімшілігі аппаратының бас маманы Айжан Жұмамұратова: «Ел алдындағы атқаратын қызметіме бүгін ант бердім. Алдағы уақытта өзім іс-жүргізу саласында үздік атану үшін аянбай, адал қызмет ететін боламын» — деді.
Аудандық мәслихат төрайымы Роза Абилова да мінберге көтеріліп, өз құттықтауын жеткізді. Жас мамандарға зор ықыласын білдіріп, елге ізгілікті істерін абыроймен атқаруға шақырды.
Б. ЧОЙБАСОВ