Аудан жаңалықтарыҚоғамТұлға

СӘДІБЕКОВ ЖӘНІБЕК ІЛЕСБЕКҰЛЫ: БҰЛ САЛАДА ТЕГЕУРІНІ ТЕМІРДЕЙ, ТӨЗІМДІ, ҚАЙСАР ЖАНДАР ҒАНА ЖҰМЫС ІСТЕЙ АЛАДЫ

Елімізде жыл сайын 23 маусым – Қазақстан полициясы күні аталып өтеді. 1992 жылы дәл осы күні Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесі «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» Заң қабылдаған болатын. Осыған орай, 2007 жылы Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың Жарлығымен «23 маусым – полиция күні» болып ресми түрде бекітілді. Бұл күні халық қазақстандық полиция құрамында болған ардагерлер мен полиция сабында жүрген қызметкерлерге алғыс білдіріп, еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірін құрбан еткен полицейлерді еске алады. Бұл үрдіс биыл да жорғасынан жаңылмай, аудан әкімі Бағдат Қарасаев бір топ полиция қызметкерлеріне өзінің алғыс хатын табыстап, ризашылық білдірді. Біз де «Полиция күні» қарсаңында аудандық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Сәдібеков Жәнібек Ілесбекұлын аймағымыздағы полиция қызметкерлерінің тыныс-тіршілігін білу мақ-сатында әңгімеге тартқан едік.

— Жәнібек Ілесбекұлы, әңгімені өмір жолыңызды оқырмандарға таныстырудан бастасақ…

— Мен 1978 жылы қазіргі Түркістан облысы Түлкібас ауданында Шұқырбұлақ ауылында дүниеге келдім. Отбасымдағы бес баланың үлкенімін. Шұқырбұлақ ауылында орналасқан Ғани Мұратбаев атындағы орта мектепте білім алдым. Орта мектепті тәмәмдаған соң, Шымкент қаласындағы Ішкі істер министрлігінің жоғары мектебіне оқуға қабылдандым. Ол кезде ІІМ колледжі деп аталатын. Аталмыш мектепте екі жыл оқып, лейтенант шенін иыққа тағып, учаскелік полиция инспекторы мамандығын меңгердім. 1997 жылы арнайы жолдамамен Алматы қаласы Әуезов ауданында учаскелік полиция инспекторы болып қызмет жолымды бастадым. 2000 жылы аға учаскелік инспектор болдым. 2010 жылы Әуезов ауданындағы Әкімшілік полиция бөлімі бастығының орынбасары, 2012 жылы  Әуезов ауданындағы Әкімшілік полиция бөлімінің бастығы қызметтерін атқардым. Ал, 2014 жылы осы Әуезов ауданында Қызметтік іс жөнінде басқарма бастығының орынбасары болып, 2015-2016 жылдар аралығында сол кезде жаңадан ашылған Наурызбай ауданында да еңбек еттім. 2017 жылы Іле аудандық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалдым. Содан бері Іле ауданының тыныштығын күзетіп, еліміз үшін еңбек етіп келемін.

— Полиция қызметкері болуға не түрткі болды? Әлде әрбір бала секілді сіз де шен тағып, арнайы форма киюге құмарттыңыз ба?

— Бала кезімде ауылымыздың учаскелік полиция инспекторы көршіміз болатын. Сол кісі өз ісін адал атқарып, қашан көрсең де тыным таппай жүретін. Ауыл адамдарына сыйлы, ақсақалдардың да құрметіне бөленген жан болатын. Тіпті, ауылдағы «сен тұр, мен атайын» дейтін атаман жігіттердің өзі инспектор ағамыздың алдында құрдай жорғалап, «ләппай тақсырлап» тұратын. Сол кезде ол кісі мен үшін ауылдағы ең керемет жан болып көрінді. Сол кісі секілді учаскелік полиция инспекторы болғым келді. Бала қиял мектеп бітірген сәтте Шымкенттегі ІІМ мектебіне жетеледі. Мен де білім алып, шен тағып, өз ауылыма, туған жеріме еңбек етіп, тер төгіп, ауылымның өркендеуіне, жас ұрпақты тәртіпке шақыруға қызмет етсем деп армандадым. Алайда, тағдырдың желі мені алып шаһар Алматыға алып келді. Осында жүріп жан жарым Оразова Шайкүл Сатыпалдықызымен таныстым. Ол кезде Шайкүл Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетінің  студенті болатын. Біз 1999 жылы отбасын құрдық. Сол кезде өзім де жас маман едім. Ертеңгі күнім не болады деп алаңдамай, енді ғана аяғына тұрып, тәй-тәй басып келе жатқан Қазақстанымның демографиясына өз үлесімді қосқым келді. Аллаға шүкір, қазіргі таңда өнегелі жанұяға айналып, ұл-қыз тәрбиелеп отырмыз.

— Жас маман демекші, сол кезде сіздерге бір реттік көтерме төлемақы немесе қызметтік үй беріп, үкімет тарапынан қолдау көрсетілді ме?

— Тоқыраудан енді ғана бас көтерген мемлекет, әрі астанамыз Арқаға ауысып, облыс орталығы Талдықорғанға көшіп, Алматының жетім баланың күйін кешіп тұрған кезі болатын. Жас маман ретінде қызметтік үй болмағанмен, Алтынсарин және Жандосов көшелерінің қиылысындағы Нархоз университетінің жан-ұялық жатақханасынан бір бөлме берді. Ол кез атақты тоқсаныншы жылдардың лебі шарпып, әркім ертеңі үшін алаңдап, үреймен жүрген қиын кезең болатын. Қызметтік көлік жоқ, қызмет барысымен жүрген кезде жолақымыз да төленбейтін, тіпті бюджеттен ақша қарастырылмаған кез. Десек те, ел ішінде жүрген соң, халықтың көмегі мен қолдауына ие болдық. Кей кезде мас адамдарды ұстаған кезде апаратын көлік болмай, Абай көшесінен 518 маршрутқа отырып, М.Горкий атындағы парктен түсіп, М.Мақатаев көшесінде орналасқан наркологиялық орталыққа қоғамдық көлікпен апарған сәттеріміз де болды. Қазір полиция қызметкерлеріне жағдай жа-салып, қызметтік көлік, техникалық базамен жабдықталып, қолданатын құрал-жабдықтарға дейін қамтамасыз етілген.

— Қызмет барысында басыңыздан өткен есте қаларлық оқиғамен бөліссеңіз…

— Құқық қорғау органдарында қызмет ететін жандардың өмірі күрделі. Күнде шытырманды оқиғаларға тап болуы да әбден мүмкін. Осындай қилы күндерде қиындыққа шыдап, ауырлыққа арқа тоса алатын, тегеуріні темірдей, төзімді, қайтпас қайсар жандар ғана біздің салада қызмет ете алады. Рухани жан дүниесі мықты болмаса, адам қызметтік қиындықтарға шыдамай, сынуы да әбден мүмкін. Ол үшін полиция қызметкері боламын деген жас талап тәнімен қоса жанын, рухын да шынықтырып, жұмыс барысында салқынқандылық танытуы керек. Осындай ерекше төзімділік танытқан сәттерден есте қалған оқиғалардың бірі – наркотиктік тауарларды сатушыларды құрықтаған кезімізді баяндап берейін. Қыс. Қақаған аяз. Бастығымыз шақырып, наркотик сатушылар туралы ақпарат келіп түскенін, олардың қай уақытта, қай жерде наркотиктік заттарды сататыны жайлы қысқаша баяндап, біздің міндетіміз – соларды тұтқындау екенін баса айтты. Бұйрық – қатты, жан – тәтті. Әскерде болсаң білесің, «Бұйрық талқыланбайды, орындалады» деген мәтел бар. Біз де шағын топпен айтылған мерзімде, межелі жерге жеттік.  Жергілікті тұрғындардан да сұрай алмаймыз. Себебі, олардың ішінде наркомандардың жақтастары болуы мүмкін. Біз сырт киімімізді ауыстырып, бет-әлпетімізді де өзгертуге тырыстық. Екі қызметкер сол маңдағы үйдің жертөлесінде жасырынса, мен үйме қардың ішін үңгіп, сол жерге тығылдым. Ыстық тамақ, ыстық шәй сол күні біз үшін құр арман болды. Наркомандар басқалардан гөрі секемшіл келеді. Біз оларды аңдып отырғанымызды білдірмеуіміз керек. Операция бас-аяғы 9 сағатқа ұласты. Қақаған қыста тұтас 9 сағат бойы тапжылмай бір жерде отырып күту өзекті пендеге оңай емес. Наркомандарды түнгі сағат үштің шамасында тұтқындадық. Бірінің сөмкесінен, бірінің қалтасынан шықты. Енді бірі қар үстіне лақтырып жіберіпті. Біраз уақыт соны іздедік. Героин деген қар түстес аппақ болып келеді. Түн ішінде қар арасынан айғақ зат болған соң героинді іздеп табуға да біраз уақыт жұмсадық. «Қар үстіне лақтырсам, таппай қалады. Айғақ зат табылмаса, мені тұтқындай алмайды» деген ойы болған секілді. Бірақ, жақтастары оның да есірткіге әуес екенін айтқан болатын. Он сағаттан аса суық күнде далада наркомандарды ұстау операциясын жүргіздік. Десе де, біз өзіміздің мүддемізді іске асыру үшін қиындықтың бәріне шыдадық.

— Иә, оңай емес екен. Ел ішінде осындай нашақорлық, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық көбеюі неден деп ойлайсыз?

— Бұл – қазіргі қоғам үшін өте өзекті мәселе. Мұндай оқиғалардың орын алуына ең әуелі жұмыссыздық пен тұрмыстық жағдайдың төмен болуы себеп. Бірақ, істеймін деген адам адал еңбекпен де нанын тауып, отбасын асырай алады. Қазақ «Есектің артын жу да, мал тап» деп бекер айтпаған. Өз нанын адалынан жеп, маңдай термен тапқан ақша сіңімді болмақ. Біздің ауданымыз өндіріс ошақтарына толы аймақ. Іле өңірінде жұмыссыздық белең алуы екіталай. Мұндай жағдайда ұрлық-қарлық жалқаулықтан, оңай олжаға кенелуді көздегеннен орын алады. Ал, нашақорлық екібастан масыққандар мен психологиялық науқасқа шалдыққандардың, желігіп жүріп жолдан адасқандардың ісі. Зорлық-зомбылық болса, наша шегіп есіріп, арақ ішіп мас болып, өзін-өзі ұстай алмайтын ұр да жық адамдардың әлсіз, қорғансыз жандарға жасаған әлімжеттігі. Көрдіңіз бе, Абай атамыз «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деп, осы жайды біліп айтқан. Жұмыс істемей бос жүрген адам жамандық пен есірткіге, ішімдікке әуес болады. Ал денсаулыққа зиян нәрсені тұтыну – психологияның бұзылуына, қоғамдағы, отбасындағы тәртіптің бұзылуына әсер етеді. Егер адамның тұрақты жұмысы болса, соған айналып, жамандыққа бой ұрмас еді. Әрине, көпке топырақ шашпаймын. «Бес саусақ бірдей емес» дейді ғой, сол секілді адал еңбек атқарып, адал нан жеп отырғандар да жеткілікті.

— Осындай келеңсіз жағдайды болдырмай, алдын алу үшін қандай шаралар атқарылуда?

— Ауданымызда 164 саяжай бар. Бұрын халық саяжайға жазғы уақытта бір мезгіл демалуға, таза ауамен тыныстауға баратын болса, қазір сол жақта мекендеп жатқан тұрғындар саны өте көп. Олардың басым бөлігі жұмыс бабымен өзге облыстан, басқа ауданнан, тіпті басқа мемлекеттен уақытша жұмыс пен тұрақ іздеп келген жандар. Бұл кісілер келе салып жұмысқа орналасып, жырғап өмір сүріп жатыр дей алмаймыз. Қызмет тауып, жағдайын жасап алғанша тұруға ыңғайлы мекен-саяжайлар. Себебі, мұнда  пәтер жалдап тұру қаладағыдай емес, әлдеқайда арзан. Сондықтан уақытша тұрғындар көбіне қаланың шетіне, саяжайларға қарай ойысқан. Алыстан жұмыс іздеп келген соң, оларды да түсінесің. Отбасын бағу керек, нан табу қажет. Алайда, барлығы бірдей тәртіпке бағынып, адал ас ішуге талпынбайды. Кейбірі Іле ауданында тұрақты тіркеуде болмағандықтан, ертеңіне алаңдамай, ұрлық жасап, қиянатқа да барады. Сол себепті де құқықбұзушылықтың басым бөлігі саяжайларда тіркелген. Одан кейін қылмыстық оқиға Боралдай кентінде көптеп орын алып жатады.

Осыған орай, біздің тарапымыздан халыққа түсіндіру, насихат жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Отбасылық жанжал болған кезде де, қоғамдық тәртіпті бұзу орын алған жағдайда да халыққа профилактикалық шаралар жасалып, көптеген қылмыстың алдын алу үшін учаскелік полиция қызметкерлері, ювеналды полиция қызметкерлері халықпен тығыз байланыс жасауда. Кешкі уақыттарда рейдтерге шығып, дүкендерде спирттік өнімдердің кәмілет жасқа толмағандарға, мерзімсіз уақытта үлкен кісілерге де сатылмауын қадағалаймыз. Дүкен иелері тарапынан заң бұзушылықтар анықталған жағдайда, айыппұл салып, одан нәтиже шықпаса, алкогольдік өнімдерді сату лизецзиясына белгілі бір уақытқа шектеу қойылады. Тұрмыстық ұрыс-керіс кезінде де ең бірінші учаскелік полиция қызметкерлері оқиға орнына барып, келеңсіз жағдайдың алдын алуға, зардап шегушілердің болмауына барынша әрекет етеді. Оқиға орнына бірінші жетіп, хаттама толтырып, тұрғындарды татуластыруға тырысып, ішімдікке салынғандар болса, оларды айықтырғышқа жеткізу – барлығы учаскелік полиция инспекторының атқаратын қызметі. Ал, біздің ауданда айықтырғыш жоқ. Мас күйінде ұсталғандарды Талғар ауданындағы айықтырғышқа апару керек. Ол жаққа жетем дегенше ең кемі екі сағаттай уақыт кетеді. Жол-жөнекей ол адам есін жиып алуы да мүмкін. Есін жимаған күнде жолай полиция қызметкерлерінің мазасын алады. Айықтырғыш ғана емес, бізде уақытша қамау изоляторы да жоқ. Қажет болған жағдайда өзге аудандарға жеткізу, ол жаққа апару, қайта алып келу, зардап шегушілер мен куәгерлерді әрі-бері тасу – мұның бәрі біздің құзырымыздан тыс жұмыстар. Тұрмыстық, әкімшілік құқықбұзушылықтар орын алған жағдайда Қаскелең қаласындағы әкімшілік сотқа жүгінеміз. Егер өз ауданымызда уақытша қамау изоляторы, айықтырғыш және әкімшілік сот болса, полиция қызметкерлерінің жұмысы біршама жеңілдеп, тұрғындар да әрі-бері сабылмай, әуре-сарсаңға түспес еді.

— Облыстық, республикалық жауапты орындарға хат жазып, сұраныс жасап көрдіңіздер ме?

— Бірнеше мәрте хат жолдадық. Ауданымыздың әкімі Бағдат Әбілмәжінұлы да құзырлы органдарға хат жолдап, ауданымызға әкімшілік сот пен изолятор, айықтырғыш қажет деп мәселе көтерді. Алдағы уақытта бұл мәселе де шешімін табады деп үміттенеміз.

— Жол-көлік оқиғасы, ауыр қылмыстардың алдын алу үшін тағы қандай шаралар қолға алынған?

— Ауданымызда жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында «Қауіпсіз жол» ақциясы ұйымдастырылып, акция аясында жаяу жүргінші жолағынан өтпеген жүргіншілерге, жол жүру ережесін бұзған көлік иелеріне айыппұл салынып, барлығы 3151 хаттама толтырылды. Жүргіншілерге жол жүру ере-жесі түсіндіріліп, құқықбұзушылыққа жол бермеулері керектігі айтылды. Кей тұрғындар өздерінің заң бұзғандарымен қоймай, бізге қарсы ар-намысымызға қол сұғатын сөздер айтқандары да кезікті. Біздің жігіттер мұндай арандатушылыққа бой ұрмай, барлығын заң аясында шешіп отырды. Сондай-ақ, 17 мамыр мен 17 маусым аралығында бір ай «Қару» атты заңсыз сақталған қару-жарақты тәркілеу шарасы жүргізілді. Осы шараның нәтижесінде заңсыз сақталған 3 ұңғылы мылтық тәркіленді. Қару иелеріне Заң бойынша қойылған талаптардың бұзылуына байланысты 74 хаттама толтырылды. Мұның ішінде 51 тұрғын қаруларын талапқа сай ұстамағаны анықталса, қалғаны қару ұстау құқығының уақытын создырмаған болып шықты.

— Оқырмандарымызға қару сақтау та-лаптарын түсіндіріп өтсеңіз…

— Қару арнайы сейфте сақталуы керек. Ол сейф жылжымайтындай етіп, жерге мықтап бекітілуі керек. Себебі, ұрлық жасауға келген адам оны оңай көтеріп кете алмауы қажет. Сондай-ақ, қару сейфте бөлшектелген күйі, қаруда оқ жоқтығы тексеріліп барып салынады. Олай болмаған күнде қаруды қару иесінен басқа адамдар алып, оны бір-біріне кезеніп, абайсызда қайғылы оқиға орын алуы да әбден мүмкін. Сол үшін де сейф құлыптанып, кілт тек қару ұстауға рұқсаты бар адамда ғана болғаны жөн. Осындай талап сақталмаған жағдайда қару иесіне шара қолданылады.

— Ауданымызда орын алған қылмыстық оқиғаларға өткен жылмен салыстыра отырып сараптама жасасақ…

— Өткен жылы ауданымызда 847 қылмыс тіркелсе, оның 57% ашылып, қылмыскерлер өз жазасын алды. Ал, биыл 956 қылмыс тіркеліп, соның ішінде 60 % қылмыс ашылып, кінәлілерге тиісті шара қолданылуда. Бір ескерте кетер жайт, биыл ауданымызда ғаламтор алаяқтарының торына шырмалғандар өте көп. Тұрғындарымыз алаяқтардың арбауына түсіп, өздерінің жеке бас құжаттарының номері мен мәліметтерін айтып, есепшоттарындағы ақшаларынан қағы-лып, бізге шағым жасап жатады. Осы уақытқа дейін ғаламтор алаяқтығы бойынша 67 іс қозғалды. Алаяқтар тек қазақстандық есепшот пен номерлерде тіркелмегендіктен, шетелдік номерлер, Ресей, Украинаның есепшоттары тіркелгендіктен кейбір істі ашу мүмкін болмай тұр. Біз аталмыш елдерге сұраныс жібергенмен, көбіне ол жақтан жауап болмай, кейде кешігіп келіп, алаяқтар ол кезде есепшотты жауып тастап, әрекетіміз нәтижесіз қалған кездер де бар. Сол себепті тұрғындарға алаяқтардың айтқандарына сеніп, банктен, басқа да ұйымнан хабарласып тұрмыз дегендерге сенім артпай, өздеріне бекем болуларын, жалған ұтыс пен онлайн кредит береміз дегендерден бойларын аулақ ұстауларын өтінеміз. Себебі, біз өзімізге мығым болса қана, ешқандай алаяқтың арбауына ілінбейміз.

— Аудандық полиция басқармасының жеке құрамы туралы не айтасыз?

— Біздің ауданда 267 полиция қызметкері жұмыс істейді. Оның ішінде учаскелік полиция инспекторы – 65 адам болса, 51 патрульдік қызметкерлер, 18 ювеналды полиция қызметкері өз қызметтерін мүлтіксіз атқарып келеді. Полиция қызметкерінің жұмысы ауыр. Оны тек осы сферада қызмет етіп жүргендер мен олардың жақындары ғана түсінбесе, көпшілік қауым полиция қызметкерінің ел тыныштығы үшін от пен суға түсіп, өзгенің өмірі үшін өз өмірін құрбандыққа шалуға дейін баратынын біле бермейді. Біздің де арамызда бейбіт күннің батырлары жеткілікті. Мереке қарсаңында 2 қызметкеріміз Ішкі істер министрлігінің арнайы марапатына ие болса, 4 қызметкер облыстық департаменттің алғыс хатын алды. Аудан әкімі Б.Қарасаев та өз кезегінде 5 қызметкерімізді ерен еңбегі үшін марапаттап, алғыс хат пен бағалы сыйлықтарын ұсынды. Ал аудандық полиция басқармасы атынан өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарап, жоғары дайындығы мен кәсібилігі үшін 23 қызметкеріміз алғыс хатқа ие болды.

— Жас ұрпаққа, болашақта полиция қызметкері болам деп жүрген жастарға қандай кеңес айтасыз?

— Жастар әрбір атқарған ісіне адалдықпен қарап, өз ісінің шебері болып, өздерін жақсы жақтарынан көрсете алуы керек. Сонда ғана қоғам алдында сыйлы, өз ортасында беделді болады.

— Әріптестеріңізге айтар тілегіңіз…

— Әріптестеріме қажымас қайрат, еңбектеріне табыс, қызметтеріне сәттілік пен абырой тілеймін. Қазақстан Республикасының өркендеуі жолында табысты қызмет ете берулеріңізге тілектеспін. Қызметтік жолда өсіп, иықтарындағы жұлдыздары көбейіп, үлкейіп, осы саланы таңдаған соң қиындығына шыдап, қызметін асыра сілтемей, адал жолмен жүрулеріне тілектеспін.

— Жәнібек Ілесбекұлы, сіздерді бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай келе, сізге де қызметте табыс тілейміз. Өз қызметтік міндетін атқаруға адалдық танытып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін, халық арасында сақтық жұмысын жүргізетін, азаматтардың тыныштығын, заңдылық  пен құқық тәртібін қорғайтын білікті мамандарыңыздың қатары көбейе берсін. Халқымыздың амандығын сақтау мен Отанымыздың өркендеуіне үлес қосып, еңбектеріңіз әрқашан жемісті болғай!

-Аумин, айтқаныңыз келсін!

— Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен:

Алмат ЕРГЕШБАЙҰЛЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button