Баршаңызды еліміздің ұлық мерекесі – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Құрметті Іле ауданының тұрғындары!
Азаттықтың алтын арқауына айналған Ата Заң – тәуелсіздікпен біте қайнасқан егіз ұғым. Бұл – халықтың қалауымен, тағдырдың тартуымен келген барлық істің алтын таразысы болатын негізгі Заң.
Елбасымыз, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Негізгі Заңымыз Қазақстанның ХХІ ғасырдағы жемісті жолының берік іргетасы болып табылады. Конституция – бүкіл халықтың ерік-жігері. Негізгі Заңның арқасында біз тарихи дәуірлер кезеңін сенімділікпен еңсердік» — деді.
Халықтың сан ғасырлық арманы орындалып, Тәуелсіздікті сақтап қалу мәселесі туғанда Тұңғыш Президентіміздің биік парасатымен, болашақты болжаған асқақ ойымен жаңа Конституция қабылдау туралы ұсынысты халықтың таңдауына беруі және оны халықтың қолдауы бүгінгі бейбіт өмірдің айқын көрінісі. Біздің Ата Заңымыз елдің бірлігін, қоғамның қауіпсіздігін, ұлттар мен ұлыстардың татулығын, ең бастысы – жеке адамның бостандығы мен құқықтарын қорғайды.
Ата Заң біздің барлық жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Конституция мызғымас мемлекеттігіміздің алтын қазығы, бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміздің бұлжымас бағдары, кемел келешегіміздің кепілі! Мұның өзі біздің Ата Заңымызда бүкіладамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің барлығы қамтылғанын айғақтайды. Конституцияны басшылыққа ала отырып, біз тәуелсіздігіміз бен мемлекеттігімізді нығайту жолында ғасырлық мәні бар ауқымды істер атқардық.
Ауданымыз ел экономикасының дамуына зор үлес қосып келе жатқанын ерекше мақтанышпен айта аламыз. Негізгі Заңның қағидаттарына сүйене отырып, Қазақстанның тұрақты дамуына, азаматтардың әл-ауқатының жақсаруын қамтамасыз етуге, бүгінгі қоғамдық санада еңбек адамдарын қадірлеу, қастерлеу арқылы жастардың санасына, таным-түсінігіне ел дамуы тек еселі еңбекпен ғана шындыққа айналатындығын ұғындыруға ұмтылыс жалғаса береді.
Біз Конституцияда белгіленген Заң аясында қызмет етіп, мемлекеттік рәміздерімізді ұлықтап, тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай сақтауға міндеттіміз. Ұлан-ғайыр байтақ даланы ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап қалған батыр бабаларымыздың асқақ аманатына адал болуымыз керек. Отбасыларыңызға бақ-береке, амандық және мол табыс тілеймін!
Ата Заңымыз ғұмырлы, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!
Б. Қарасаев,
аудан әкімі, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының төрағасы