Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыҚазақстан жаңалықтарыҚоғам

Конституция – ел тірегі

Еліміз азаттық алған санаулы жылдарда өзінің біліктілігі мен бәсекеге қабілеттілігін танытып, әлемдік аренаға еркін шығып, өзін мемлекет ретінде алпауыт елдерге дәлелдей алды. Тіпті, өзара ынтымақтастық пен бірліктің, татулықтың арқасында зор табысқа жетіп, демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет орнатып қоймай, әлеуметтік-экономикалық даму тұрғысында посткеңестік елдердің арасында көш бастап тұр десек, артық айтқандық болмас.

Еліміздің жаһандану заманында жұтылып кетпей, осылай өркендеп, даму жолына түсуіне барлық заңның бастауы, қайнар көзі болып саналатын Ата Заңымыздың ықпалы зор.

Себебі, Конституция – барлық заңның атасы. Қай елді алып қарасақ та, адамдардың теңқұқықтылығы, еркіндігі, азат әрі бақытты ғұмыр кешуін қамтамасыз ететін, іс-әрекеттерін құқықтық шеңберде талқыға салатын, құқықтарын айқындайтын, жеке және заңды тұлғалардың мүдделері мен меншіктерін қорғайтын Заң қабылданады. Әрбір құқықтық мемлекет ретінде біздің елімізде де әр дәуірдің өзіндік жүгін көтеретін Заң қабылданып келеді.

Жалпы, Қазақ мемлекетінің Ата Заңының тарихы тереңде жатыр. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», әз-Тәукенің «Жеті жарғы» заңдары – қазіргі Ата Заңымыздың сүйенетін негізі, қайнар бұлағы. Одан кейін ХІХ ғасырда жазылған «Абайдың Қарамолада жазылған Ережесі» 73 баптан тұратын құқықтық құжат ретінде жоғарыда аталған Заңдардың заңды жалғасы ретінде қарастыруға әбден лайық.

Себебі, ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде қазақ даласында белең алған әртүрлі дау-шарлар Абай жазған Ереже аясында қаралып, шешімін тауып отырғаны тарихтан аян.

ХХ ғасырда, нақтырақ айтқанда, Кеңес үкіметі құрамына енгеннен бері де Қазақ КСР-інің Заңы бір емес, бірнеше мәрте өзгеріп, түрленіп отырған. Тарих қойнауына көз жіберсек, Қазақстанда Конституция тұңғыш рет 1924 жылы қабылданып, кейінірек 1937, 1978 жылдары өзгеріс енуіне байланысты қайта қабылданып отырғанын байқаймыз. Мұның барлығы Қазақ мемлекетінің Заңының дамып, жетілу үстінде жүріп өткен жолдары болып табылады.

Қазақстан өзінің тәуелсіздігін алғалы да екі мәрте өзінің Конституциясын қабылдап, Заңға реформа жасады. Азаттығын алып, жаңадан аяққа тұрып, жаһанға өзінің Тәуелсіз мемлекет екенін жариялаған Қазақстанның алдында елдік мүддені қорғайтын Заң қабылдау мәселесі тұрды. Бұл жайлы еліміздің тұңғыш Президенті Н.Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы» атты кітабында: «Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін бізге бүгінгі өмір шындығымен және алдағы уақытпен бірге қадам басып, өткен ұрпақтың іс-тәжірибесі мен жарқын болашаққа деген сенімді жинақтаған Негізгі Заң қажет болды.

Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы ашық және демократиялық қоғам орнатудың негізгі принциптерін баянды етуге тиіс болатын», – деп жазған болатын. Осы орайда, еліміз 1993 жылы 28 қаңтарда тұңғыш Конституциямыз қабылданды.

Бұл – Республика тарихындағы ерекше оқиғалардың бірі еді. Осы Конституцияның негізінде демократиялық, зайырлы қоғам қалыптастыру үшін әр салаға қатысты көптеген заңдар қабылданды.. Алайда, ол Конституция Кеңестік Заң негізінде жазылғандықтан, уақыт өте келе қоғам сұранысын қанағаттандыра алмай, реформа тереңдеп, сол кезде қабылданған кейбір заңды қайта қарап, өзгертуге тура келді. Ел игілігі мен жайлы өмір сүруі үшін бүкілхалықтық референум арқылы 1995 жылдың 30 тамызында қазіргі Конституциямыз қабылданды. Елбасымыз өз Жолдауында атап көрсеткендей, Ата Заң жас Қазақстанды қомақты табыстарға қол жеткізуге бастады. Заң шығару – оңай шаруа емес. Бұл сөзімізге дәлел ретінде Конституцияны талқылау кезінде еліміздегі белгілі заңгерлерден бөлек, ресейлік зерттеу орталығының ең беделді заңгерлері, Францияның Конституциялық кеңесінің өкілдері де атсалысқан.

Қазіргі кезде айтылып жүрген ресми мәліметтерге сүйенсек, құжатты талқылауға жалпы саны 3 миллион 345 мың адам қатысыпты. Бұл да Заңның жай айтыла салған сөз немесе бірер адамның пікірі емес, ел талқысына түсіп, талдаудан өткен, еліміздің тарихында тәжірибелерден сұрыпталып өткен, шетелдік прогресшіл тәжірибелерді де қолдану барысында жазылған аса құнды құжат екенін байқатады.

Биыл Еліміздің басты құжаты – Конституцияның қабылданғанына 26 жыл. Ширек ғасыр бойы Отанымызды мекендеген барша ұлт пен ұлт өкілдерінің татулығы мен бірлігінің, құқықтық теңдігінің негізі болып келген құжат Қазақстан атты мемлекетпен бірге болашаққа аттанып, сан жылдар, тіпті ғасырлар бойы еліміздің құқықтық тірегі болатынына сеніміміз мол.

Конституцияда жазылғандай, мемлекеттің ең басты құндылығы – адам. Демек, Заң да адам құқығы бұзылмай, мүддесін қорғау үшін жазылады.

Егер біз өзіміздің құқығымызды біл-сек, ешкімге де жем болмай, Қазақстан Республикасының азаматы ретінде де, жеке тұлға ретінде де өзімізді Заң шеңберінде қорғай аламыз.

Себебі, Конституцияда әрбір құқықтық нормалар мен шектеулер, міндетіміз бен борышымыз туралы тайға таңба басқандай жазулы.

Сондықтан, ұстағанның қолында, тіс-тегеннің аузында кетпес үшін құқықтық сауатымызды арттыруымыз керек. Біздің міндетіміз – Конституцияға ұқыптылықпен назар салып, онда көрсетілген талаптарды мүлтіксіз орындап, қоғамдық келісім мен ел тыныштығын сақтауға өз үлесімізді қосу.

Онсыз біз өзіміздің елдігімізден айрылып, Отанымыздың ырыс-берекелі болашағына өз қолымызбен балта шапқан болып шығамыз.

Нұрбосын МАҚАШЕВ,

Іле ауданы прокурорының орынбасары

Басқа жаңалықтар

Back to top button