ЕСКЕЛДІ АУДАНЫНДА БІР АУЫЛ ТОЛЫҚТАЙ ВАКЦИНА САЛДЫРЫП АЛДЫ
Ескелді ауданына қарасты Жалғызағаш ауылдық округінде 1280 адам тұрады. Соның 250 тұрғыны денсаулық жағдайына байланысты екпеден босатылса, 18 жастан асқан 554 тұрғын індетке қарсы вакцина алған. Бұл – аудандағы ауылдар ішінде жүз пайыздық көрсеткішке жеткен бірінші ауыл.
Жаңа оқу жылының басталатын сәті де жақындады. Жалғызағаш орта мектебінде қызмет істейтін мұғалімдер мен біліммен сусындауға келетін шәкірттер толық дайын және оларға жағдай жасалған. Мәселен, ауылдағы білім ордасы бүгінде жеткілікті және қорғау құралдарымен қамтамасыз етілген. Қыркүйектен бастап кабинеттерді дезинфекциялау тұрақты жүргізілсе, сабақ барысында оқушылар арақашықтықты сақтай отырып, бетперде тағуы міндеттеледі.
– Мектебімізде 39 мұғалім жұмыс істейді. Олар толықтай вакцина алды. Тек біреуі жаңа босанғандықтан екпеден босатылды. Жаңа оқу жылында 264 оқушы оқыса, даярлық сыныбына 11 бала қабылданады, – дейді мектеп директоры Айдын Мейірбеков.
Ал өңірдегі індет жағдайы туралы аудан әкімінің баспасөз хатшысы Азат Жұмаханов:
– Биылғы жылдың 23 тамызына дейінгі жағдай бойынша КВИ-дің ауданда 1123 жағдайы тіркелді. Оның ішінде симптомды 666, симптомсыз 457 жағдай анықталды. Бүгінде 4 науқас инфекциялық бөлімде, тағы 4 індет жұқтырушы облыстық ауруханада, ал аудандық аурухананың провизорлық бөлімінде 98 адам жатыр. Сондай-ақ, 172 адам амбулаториялық ем алуда, 82 науқас үй карантинінде емделуде. Жалпы індет басталғалы аудандағы 756 науқас COVID-19-дан сауығып шықты, – деді.
Жалпы Ескелді ауданы бойынша 23600 адамның вакциналауға денсаулықтары жарамды болса, оның 13 мыңға жуығы індетке қарсы екпе алды. Халықты вакциналау үшін Қарабұлақ, Алдабергенов, Ақын Сара және Бақтыбай ауылдарында 4 екпе кабинеті жұмыс істейді. Қосымша бір жылжымалы медициналық кешен қызмет етеді. Егер қажет болған сәтте ауданның басқа ауылдарында да қосымша 6 егу кабинетін ашуға мүмкіндік бар.
Қали АСҚАР
Ескелді ауданы
Алматы облысы