1 миллион гранттың иегері атанды
Бүгін біз осындай абзал мамандықтың иесі, өз ісінің қыры мен сырын меңгерген ұлағатты ұстазымыз жайлы сөз қозғауды жөн санадық.
Ендеше, бүгінгі айдарымыз Боралдай кентіндегі №40 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, «Қазақстан мұғалімі» Ұлттық сыйлығының 1 миллион теңгені құрайтын грант иегері, педагог-зерттеуші, «Үздік ұстаз», «Үздік қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі – 2020» және «Үздік жыл мұғалімі – 2020» байқауының жеңімпазы Әуренбаева Торғын Төлегенқызы жайлы болмақ.
Ұстаздық жолды таңдауға не ықпал етті?
Ұстаз болу – менің бала кезімдегі арманым. Өзім Алматы облысы Балқаш ауданының тумасымын. Мектепті үздік тәмамдап, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын бітірдім, биыл 20 жылдан асты мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс беріп келемін. Бұл мамандыққа келуіме анам себепші болды. Ата-анам қарапайым еңбек адамдары болған. Көпбалалы отбасында тәрбиелендім. Барлығымыз мектепте жақсы оқыдық. Әкем марқұм өмірден ерте озды, небәрі 44 жасында. Анам алты баланы бір өзі тәрбиелеп, «бар байлығым-балаларым» деп отыратын, біздің білімді болғанымызды қалады, барлығымызға мамандық алып берді. Анам марқұм үнемі әкемнің өте сауатты, орысша-қазақша жақсы жазып, сөйлейтін адам болған деп отыратын, есімде қалған оқиға: әкем туралы естелік айтамын. Осы анамның естелігі мені тіл, әдебиетті таңдауыма әсер етті десем болады. Анам қырық жылдан астам уақыт совхозда жұмыс жасаған, үлкен ауылда тұратынбыз, өте беделді, сөзі де ісі де ширақ жан еді. Ол кісі «біреудің ала жібін аттама» адал бол, елге адал қызмет ет» деп отыратын. Отбасымызда әпкем қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болған, Алматы қаласында Медеу ауданында 30 жылға жуық орыс мектебінде жұмыс жасаған, «Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, сол ауданның үздік педагогі. Өзімнің алдымдағы ағам мектепте тарих пәнінен сабақ берген, қазір мемлекеттік қызметте. Осы бауырларымның ізін қуып, мен де ұстаздықты таңдадым. Сондай-ақ мектептегі ұстазым Роза апай ықпал етті. Нағашы әжем колхоз басқарған, өте білікті, өткір тілді, елге қызмет еткен кісі екен. Сондай отбасынан үлгі — өнеге алдым. Мен өз мамандығымда өте қатты жақсы көремін, өз ісімде, ұрпақ тәрбиесінде барынша адал қызмет етемін. Қазіргі таңда ұстаз беделін қоғам алдында көтеру мәселесі ерекше қолға алынып жатыр. Сол беделге лайықты болу – өзімнің мақсатым деп білемін.
Мектебіңіз жайлы не айтар едіңіз?
«Әркімнің жұмыс орны – екінші үйі» десе де артықтық етпес. Мен осы ауылға көшіп келген жылы 2015 жылы ауыл ортасында жаңа мектептің іргетасы қаланып жатқан еді. Ол кезде мен Алматы қаласындағы М. Мәметова атындағы №28 техникалық лицейде жұмыс жасайтын едім. Мектеп бір жылда бой көтеріп, әдемі кейіпке енді. Өзімнің қалауыммен қала мектебінен ауыл мектебіне ауыстым. Бас-тапқы кезде қиыншылықтары болды, әрине, үйренісе келе, жаңа ауылдағы жаңа мектепте өзімнің бар іс-тәжірибемді көрсетіп, мектеп ұжымымен етене жұмыс жасап кеттім. Мені қызықтырғаны – осы мектепке жиналған ауыл балалары. Ауыл балаларының әдебиетке, өнерге деген құлшыныстары мені ізденіске, шығармашылыққа алып келді.
Оқушыларым республикалық, облыстық, аудандық ғылыми жобалар, түрлі оқулар мен олимпиадалардың жеңімпаздары атанды. Шәкірттерімнің жетістіктері мені үнемі ізденімпаздыққа жетелеп отырады.
Ұстаздық арманыңыз қандай?
«Ұстаз – шәкірт алдында сыйлы адам». «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» деген ұлы сөз бар. Ұстаз ретінде арманым оқушыларымның тәрбиелі, білікті, елге адал қызмет ететін азамат болғанын қалаймын. Абай атамыз айтқандай, «Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады» сондықтан да, ұрпағымыздың саналы болуына көп мән беруіміз керек. Саналы ұрпақ отбасын да, елді де басқарады. Сондықтан да ұрпақ тәрбиесінде олқылықтар болмауы тиіс деп ойлаймын. Жастарымызды ұлттық құндылықтарға тәрбиелеуіміз қажет. Өркениетті елдер қатарына қосылу үшін ұлттың білімді болу шарт. Ендеше, ең бірінші кезекті осы жолда үлкен күш ұстаздарға түседі. Әр ұстаз осы міндетті өз борышым деп санаса, біздің ел ең мықты мемлекетке айналады.
Өз тілшіміз