Алматы облысының жаңалықтарыҚоғам

Қазіргі оқушының сұранысы мүлдем басқа

Қазан айының алғашқы жексенбісінде елімізде аяулы ұстаздар күні аталып өтеді. Ұстаз ұлы тұлға.

Бүгінгі таңда ұстаздардың мәртебесін ғана емес, айлық жалақылары да көтерілді.

Жалпы қазақ даласында ұстаз деген туған анадан кейінгі ең жоғарғы дәрежедегі ардақты жан болып есептеледі. Сондықтан да қазақтың біртуар ұлы Ж.Аймауытов «Ұстаз – анаңдай ұлы» деп еді ғой. Біздің ауданда 5 мыңнан астам ұстаз 61 мың шәкіртке білім нәрін себуде. Ұзын саны үлкен бір ауданның халқына тең келетін ұстаздармен оқушыларымыздың жеткен жетістіктерінің бірі. Сіздерге №42 орта мектептің орыс тілі және әдебиеті пәнінің аяулы ұстазы жақында ғана «Қазақстан мұғалімі» сыйлығының иегерімен өткен шағын сұхбатты ұсынамыз.

– Сәлеметсізбе, Зарина Арыстанқызы! Сізді марапатыңызбен және алда келе жатқан ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Жалпы қазақ елінің  ұстазы болу үшін адамда қандай қасиет болуы керек?

– Ұлан ғайыр қазақ даласының ұстазы деген мараппатқа ие болу үшін де ерен еңбек етуің керек. Қазақстан ұстазы болу үшін үлкен жауапкершілік қажет. Ол үшін алдымен заманының ұстазы болу керек шығар.

Қазіргі қарыштап келе жатқан цифрлық әлеммен ғаламтормен бірге қабаттасып  дамуың қажет қой. Алдыңдағы отырған заманауи өскелең ұрпақтың не қажет ететінін алдын ала білуің керек. Бұрынғы асықпен ойнайтын бала қазір таппайсыз. Барлығы сматрфонмен достасып алған. Оның үстіне пандемияда онлайн форматта да оқып өздерін ғаламторға байлаған ұрпақ отыр. Олардың сұранысы мүлдем басқа. Өмірге деген талпынысы өзгеше. Өз методикамда баланың өзіне ізденіске тәрбиелеймін. Өзі алға талпынып ізденуі керек. Сонда ғана шәкірттен нәтиже шығады. Нәтижелі жұмыс сені ұлт ұстазы деген  даңғыл жолға шығарады. Тарихта ұлт ұстазы болып  Ы. Алтынарин,  өз ұлттарын алға тартқан Генрих Песталоцци, К. Д. Ушинский, А. С. Макаренко сынды тұлғалар қалды ғой. Есімдері алтынмен жазылды. Мүмкін осындай ұлы жолды бізге де бұйырар.

–  Білім алу, инемен құдық қазғанмен бірдей ғой. Егер де сізге соғыс оты  тұтанып жатқан «ыстық нүктелерге» шәкір тәрбиелеуге шақырса бара ма едіңіз?

– Мен өз мамандығымды аса құрмет тұтамын. Мен өзім қазіргі Түркістан облысы, теміржолшылар қаласы атанған Арыста  дүниеге келгенмін. Сол жерде №8 орта мектепті бітіріп, Алматы қаласындағы Қыздар педагогикалық университетінде орыс тілі және әдебиеті фаультетін сәтті аяқтадым. Содан бері ұстаздықтың ұлы жолын мықтап ұстанып келемін. Егер маған тапсырма түсіп сені соғыстың ошағында сабақ оқытуға шақырса қуана кете беретін едім. Өйткені баланың білім алуына ешқандай жағдайлар кедергі болмауы керек. Бала өз үлесін алуы керек. Соның ішінде ең бастысы балаға берілетін білім мен тәрбие тұр.

Өз мүддемді ойлап, қорқақтық танытсам онда мен мұғалім емеспін деп санаймын.

– Өз отбасыңызда ұстаздар бар ма?

– Отбасымызда әкем теміржолшы, анам ұстаз болуды армандағанмен ол профессияда қызмет етпеді. Мені алғаш осы пәнге қызықтыра білген менің ұстазым, Людмила Кудрина еді. Людмила Дмитриевнаның жөн сілтеуімен орыс тілі және әдебиеті пәнінің ұстазы болуды алдыма мақсат етіп қойдым. Ұстазымның аманатын, сенімін ақтадым деп ойлаймын.

– Аяулы мереке қарсаңында ұстаздарға арналған ақ тілегіңіз бар шығар?

– Әрине. Мен ең алдымен алғашқы ұжымым Ә. Молдабеков атындағы №6 орта мектеп ұжымына алғыс айта отырып, қазіргі №42 орта мектеп ұжымына сәттілік тілеймін. Ұстаз болу оңай емес. Ұстаздық жол сіздерге тек қуаныш, бақыт және оң нәтиже әкелсін! Сабақтарыңызды сәтімен өтсін. Шәкірттеріңіз тек биіктен көрінсін.

Сіздерге тың күшпен тың идеяларды, жаңаша ізденістерді  тілеймін!   

– Сұхбатыңызға рахмет!

Бағдат ЧОЙБАСОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button