Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыҚоғам

ПРОКУРОР ЗАҢҒА АДАЛДЫҚТЫ ҚАДАҒАЛАЙДЫ

Даласында түрмесі болмаған, бес қаруы белінде жүрсе де тек қас дұшпанына ғана қару кезеген заманда елдің бір-біріне деген өкпесі, кеткен есесі болмады деп кім айтар? Болды. Бірақ, сол заманда есем кетті екен деп қару жұмсап, кек алуға ұмтылмаған. Тектілікті бойына жиған тарихымызға назар салып қарап отырсаңыз, қандай да бір дау туындай салысымен бидің алдына бармаған. Ең әуелі, әділдікті сөз етіп, ақ пен қараны ажырататын не әулеттің үлкені, не ауылдың ағасынан бітім сұрап, оған көнбей жатса, елдің қазысына жүгінген еді. Арадағы дау ауыл ақсақалы шешім шығарарлық деңгейден жоғары болып, өзара шешім таба алмаған кезде ғана биге барып соңғы шешімді сұрады. Ал, би болса, әділ әрі таза шешім шығарып, кесім кесіп, қара қылды қақ жарған. Бұл – біздің дала мәдениетіміз, өркениетіміз бен болмысымыз. Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев айтқандай, «біз мақтанатын бабалардың асыл жолы  — осы». Сан ғасырлардан бері жалғасқан билер жүйесін қалыптастырған «Қасым ханның қасқа жолы» Әз Тәуке «Жеті жарғысымен» жаңарып, өз заманына лайықталып қайта жазылды емес пе? Міне, сол секілді бүгінгі  құқық қорғау мәселесі де уақыт  өткен сайын ашықтығымен, ыңғайлылығымен, тиімділігі және жетілгендігімен сол жүйені  қайталап  келе  жатқандай.

Құқық қорғау органдары да өз ішінен түрлі салаға бөлінеді. Мәселен, полиция қызметкерлері халықты бұзақылардан, құқық бұзушылардан қорғап, жедел іздестіру жұмыстарымен айналысса, сот айыпталушының ақ-қарасын айырып, оған үкім шығарады. Ал, Прокуратура – мемлекет атынан заңнама мен құқықтарды, сонымен қатар адамның және азаматтың еркіндіктерін қадағалап бақылайтын құқық қорғау органы. Прокуратура қызметкерлері прокурор деп аталады. Прокурор дегеніміз – жедел іздестіру қызметін, анықтаудың, тергеудің және сот шешімдерінің заңдылығын қадағалауды, сондай-ақ қылмыстық процестің барлық сатыларында қылмыстық ізге түсуді өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын лауазымды тұлға. Прокурорлар өз ішінде Қазақстан Республикасының Бас прокуроры, Бас әскери прокурор, облыстардың прокурорлары және соларға теңестірілген прокурорлар, аудандық, қалалық прокурорлар, әскери прокурорлар, көлік прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар, олардың орынбасарлары мен көмекшілері, прокуратурлардың қадағалау саласы жөніндегі прокурорлары, аға прокурорлары және прокуратура басқармалары мен бөлімдерінің прокурорлары болып бірнеше түрге бөлінеді. Соттың қылмыстық істі қарауына қатысушы прокурор айыптауды қолдау жолымен мемлекеттің мүддесін білдіреді және мемлекеттік айыптаушы болып табылады. Осы орайда айта кетер мәселе, қарапайым халық арасында біз туралы, яғни прокуратура қызметкерлері жайлы тек қаралаумен айналысып, жазалаушы жендеттер секілді  біржақты пікір қалыптасқан. Мұндай пайым халық прокурорлардың қызметін жете білмегендіктен туындайтыны хақ. Біз прокурорларды кей кісілер ойлағандай жазалаушы емес, Қазақстан Республикасының Конституциясында көзделген Заң аясында қызмет етіп, сол Заңның орындалуын, Конституцияның, ҚР Қылмыстық Кодексінде көзделген әділдік пен бұзушылықты жою жолында қызмет ететін әділдік аңсаушы тұлғалар десек, қателеспейміз. Прокурор кім деген сұраққа Телфорд Тэйлер жауап беріп: «Прокурор айыпталушыға немесе оның іс-әрекеті үшін мүліктік жауаптылықта болатын тұлғаға: 1) өзінің дәрменсіз күйіне, айыпталушыға тәуелді болуына немесе өзге де себептер бойынша талап қою және оны қорғау құқығын өз бетінше пайдалануға қабілеті жоқ жәбірленушінің; 2) мемлекеттің мүдделерін қорғап талап қоюға құқылы. Прокурор өзінің іс жүргізушілік өкілеттігін жүзеге асыруы кезінде тәуелсіз болады және заңға ғана бағынады», — деп, прокурордың атқаратын қызметі жайлы нақты ақпарат береді. Демек, Заңды бұзып, өз қызметін асыра сілтеп, заңды белден басып жүрген лауазымды тұлғалар мен қарапайым тұрғындар арасынан шыққан құқықбұзушылар қылмыс жасаса, оның өтеуі жаза болмақ. Прокурорлар Соттан  қылмыскерлердің істеген әрекетінің деңгейіне қарай заңға сай жаза қолданылуын сұрайды. Алайда, бұл жазалар тек Заң шеңберінде ғана болуы керек. Заң аясынан тыс әрі өз қызметін асыра пайдаланып іс жасауға ешкімнің құқығы жоқ. Сол себепті прокурорлар өз қызметін тек Заңмен ұштастырып қана орындайды. 

Прокуратура қызметінің тарихы тереңде жатыр. Көне заманда ежелгі грек елінде де, сақтар арасында да қаралаушы және ақтаушылар болған. Кейін оларға арналған Жарғылар пайда болып, арнайы қызмет түріне айналған екен. Қазақ еліндегі прокуратура тарихына тоқталар болсақ, Қазақстанның тұңғыш дербес прокуроры Сүлеймен Есқараев болатын. Кейінгі кезде алғашқы прокурордың есімін ел есінде сақтау үшін еліміздің түкпір-түкпіріндегі көшелерге С.Есқараевтың аты беріліп, үздік қызметкерлерге «Сүлеймен Есқараев – Тұңғыш прокурор» мерекелік медалі тарту етілді. Ал, Жармахан Айтбайұлы Тұяқбай Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш Бас Прокуроры ретінде тарих сахнасында қалды.

Өз ауданымыздағы прокуратура тарихынан сыр шертер болсақ, әңгімені Іле ауданының құрылу тарихынан бастағанды жөн көріп отырмыз. Іле ауданы 1928 жылы сол кезде жойылған Жетісу Губерниясының уездері мен болыстары негізінде, аудан орталығы Сандық-Тай ауылында орналасып, құрылған. Аудан құрылған сәттен бастап біресе Қарасай ауданымен, біресе Талғар ауданымен бірігіп, аудан орталығы сан рет өзгерген. Тек, 1976 жылдың 29 шілдесінде аудан орталығы Энергетический поселкесіне көшірілген, қазіргі уақытта Өтеген батыр кенті деп аталады.

Іле аудандық прокуратурасы 1932 жылы құрылып, ауданымызда мемлекеттік заңның дұрыс орындалуын қадағалауда бірқатар тәжірибелі прокурорлар жұмыс атқарған. Еліміздегі заңдылықты күшейту ісінде жұмыс істеп жатқан тәжірибелі де білікті заңгер ұрпақтар қатары өсіп жетілді. Олардың араларында ұзақ жылдар бойы прокуратурада қызмет еткен Өтеген батыр кентінің тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері, прокуратура органдарының зейнеткері – Тәңірберген Толғанбаев та бар. Айта кетер болсақ, Т. Толғанбаев 1942 жылдан 1949 жылға дейін шекара қызметінде әскерлік борышын атқарған, майданға қатысып, бірқатар орден мен медальдарға ие болады, олардың арасында Ұлы Отан соғысының ІІ дәрежелі ордені бар. Аудан прокуроры лауазымын ақтарған әрқайсысы кәсіби біліктілігін және таңдап алған мамандығына адалдығын дәлелдей отырып, қадағалау органның тарихын байыта және көбейте отырып, оны дамытуға үлестерін қосты. Сондықтан тарих – бірінші кезекте өз өмірінің тамаша жылдарын заң мен кұқыққа қызмет етуге арнаған ардагерлерімізге үлкен сыйымыз.

Аға буын өкілдерінің еңбек жолы — бүгінгі жастар үшін шынайы патриотизмнің және кәсіби борышын орындаудың жарқын үлгісі болып табылады. Қазіргі таңда аудан прокуратурасында 17 қызметкер жұмыс атқаруда.

Тәуелсіздік жылдарында Іле аудандық прокуратурасы көптеген игі істердің басында болып, өзге жандардың құқығына қол сұққан, біреулердің ар-намысын қорлаған тұлғалардың бостандығын шектеу шараларында айтарлықтай нәтиже көрсете білді. Алайда, қиын да күрделі жұмыстарын жүргізу барысында өздері заңды бұзбай, ел заңнамасында көзделген мақсат пен міндеттерді орындап жүр. Ел Тәуелсіздігінің отыз жылдығы қарсаңында аудандық прокуратоура атынан елімізге тыныштық, жұртымызға амандық тілеймін. құқық қорғау саласы адал қызмет етіп, елді алатайдай бүлдірген жандарды құрықтап, ел ішін зиянкестерден қорғаймыз деп айта аламын.

Іле аудандық прокуратурасы

Басқа жаңалықтар

Back to top button