#Qazaqstan30Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыҚоғамТұлға

Талантты басшы тәртіп пен тазалыққа шақырады

Депутат мінбері

Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына орай аудандық мәслихатқа сайланған депутаттарды әр апта сайын газет бетіне жарияланып жүр. Олардың тың идеялары мен алға қойған мақсаттарын, өзінен бастау алатын игі істерін де жазып жатырмыз. Ұзын саны 24 депутаттың барлығы да ауданымыздың дамуына жиырма төрт түрлі бағытын ұстанып отыр. Араларында жасы қырыққа толмаған жалынды жастар да бар. Орда бұзар отыз жасында үлкен-үлкен зәулім  ғимараттарды қаздай тізіп, сәулетімен көз тартар тұрғын үйлер салып жатқандардың бірі КазЦИК ауылдық оругінің жанашыры, Қазақстан Халық Партиясының депутаты Сержанов Бауыржан Сержанұлын сіздерге таныстырмақпыз құрметті оқырмандар.

Ол Алматы облысының тумасы, жер Жәннаты Жетісудың емешегін еміп өскен еңбекқор арда азаматтарымыздың бірегейі. Біз онымен танысқанда білімді және сымбатымен бірге қайырымды жан екеніне көз жеткіздік. Бауыржан Сержановтың әкесі Сержан Әкімжанұлы – қарапайым теміржолшы, анасы Рауза Ахметжанқызы – жағрафия пәнінің мұғалімі. КазЦИК ауылыныдағы Ә.Молдабеков атындағы  №6 орта мектепті 2003 жылы бітірген соң, Қазақстан Автокөлік және теміржол академиясына байланысшы факультетіне түседі. Жоғары оқуды сәтті аяқтап, 2008 жылдан бастап алматы шаһарында «Қазақтелеком» акционерлік қоғамында 11 жылдай тоқ-таусыз түрлі қызметтерін атқарады. Жәй электромеханиктен, инженерлік лауазымына дейін көтеріледі.  Бауыржан Сержанұлы осы уақыт аралығында өзінің өмірлік қоржынына сан салалы тәжірибиелерді жинақтайды. Жаны тек жаңалық пен ізденіске жақын кейіпкеріміз 2017 жылы жеке кәсібін ашуды жоспарлап, өзінің жан досы Жандос Барманқұловпен бірге жаңа іске бел шеше кіріседі. Алғашқы қадамдары құрылыс саласында болғандықтан, еліміздің түкпір-түкпірінде жаңа ғимараттармен бірге ескі мекемелерді қайта күрделі жөндеуден өткізіп, жаңарту жұмыстарына білек сыбана кіріседі. Киелі Іле ауданында да ілкімді істерімен белгілі. Бауыржан Сержанұлы басшылық ететін «Хадид» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Жетіген ауылының әкімшілік ғимараты мен Междуреченск ауылының әкімшілігін күрделі жөндеуден өткізіп, жасаған істері тиянақты, жауапкершілігі мол ұжым екенін дәлелдеді.

Алар асуы әлі алдында тұрған жас кәспкермен бетпе-бет кездесіп, келелі сұрақтар қойып, пікірін оқырманмен бөліскенді жөн көрдік.

– Ассалаумуағалейкум, Бауыржан Сержанұлы. Мал-жаныңыз аман ба? Қазақстан Халық Партиясынан сайлауға түсіп, жеңіп шығып, аудандық мәслихаттың депутаты болып сайландыңыз. Ендігі алға қойған мақсаттарыңыз қалай орындалуда?

– Мына алай-түлей уақытта қоғаммен бірге біте қайнап жатқанда сырттан бақылап, қарауылша қарап тұра алмағандықтан сайлауға түсіп, Қазақстан Халық Партиясы атынан аудандық мәслихатқа депутат болып сайландым. Мақсатымыз – ауылдың әлеуетін көтеру, қарапайым халықтың мұң-мұқтажын түгендеп, естуші мемлекеттің іргетасын кірпішін елмен бірге қалау. Мемлекетімізде  отыз жылда аз нәрсе жасалмады. Бірақ бір мемлекеттің аяғына тік тұрып кетуі үшін отыз жыл тым аз уақыт деп ойлаймын. Осы алдағы уақытта ауылымыздың көркеюіне атсалыссақ деген мақсатымды орындауды қолға алдым.  Қазіргі күні ауыл кәсіпкерлерінің басын қосып, жылда ауылымыздың кем-кетік тұстарын жамауға атсалысып жатырмыз. Тек ауылға ғана емес, аудан көлемінде де қоғамдық жұмыстар болсын, қамқорлық акциялары болсын «Хадид» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымы білек сыбана кіріседі.

– Ауыл халқының басты мәселесі қандай?

– Біздің округ КазЦИК, Комсомол ауылы болып екі ауылдан құралған. Жан-жағын 26 саяжай қоршап жатыр. Міне, осы саяжайдан мектепке қатынайтын балалардың жолы үлкен мәселе тудырып отыр. Жазда шаң, көктемде батпаққа айналады. Осының бір шешімін табуымыз керек. Әйтпесе КазЦИК округінде ауылішілік жолдарымыздың барлығы асфальтталынып жатыр. Орталық көшеміз Боралдайдан басталып, Н. Тілендиевке шығар жолға дейін кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр. Осы істің басы-қасында жүрген Округ әкімі Бауыржан Ақжолұлына айтар алғысым шексіз. Ауыл халқының жанайқайына дереу шешім шығарып, уәдесін орындап жатыр.

– Жалпы, халық қалаулысы болғаннан кейінгі ұстанымыңыз қандай?

– Ең бірінші, тәртіп керек. Бауыржан Момышұлы атамыз «Тәртіпке бас иген – құл болмайды» деген ғой. Одан кейін – еңбек. Кез келген кәсіпті біздің ауданда домалатуға болады. Ол үшін алға қадам басудан қорықпай, кәсіпкер атану үшін жігермен еңбек ету керек. Аудандық «Жұмыспен қамту» бөліміне барып жұмыс жасауға да болады. Қазір біздің «Хадид» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне техникалық сала бойынша жұмысшылар қажет. Айлығы 150 000 теңгеден кем емес. Бірақ ауыр жұмысқа келетін жастар аз. Үшінші ұстанымым – тазалық. Осы сәтті пайдаланып, ауыл халқын тазалыққа шақырамын.

Ауылымызды аялайық! «Тазалық – денсаулықтың кепілі» деп жайдан жай айтылмайды ғой. Осы үш ұстаным бізді алға жетелейді.

–  Сөз соңында айтар ақ тілегіңіз бар ма?

– Биыл тұғыры биік Тәуелсіздігімізге 30 жыл толып отыр. Мен ауылдастарымызды, барлық Алаш жұртын осы мерейлі мерекемізбен шын жүректен құттықтаймын! Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен келген қасиетті тәуелсіздігіміздің ғұмыры мәңгі болғай! Елді көркейтетін ел ағаларына, арттағы өскелең ұрпағымызға сенемін! Әр қайсысының отбасыларына береке-бірлік, істеріне толағай табыс тілеймін!

–  Әңгімеңізге рахмет!

Бағдат ЧОЙБАСОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button