Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыҚоғам

«Үйлі болдық, күйіміз де түзелді…»

Депутат мінбері

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын». Әсем алматы шаһарымен бірге экономикасы мен демографиялық жағдайы қарқынды түрде өсіп келе жатқан Іле ауданында халық саны ай сайын артып келеді. 200 мыңнан аса халқы бар ауданда әлеуметтік жағдайын  бір қалыпта ұстау жергілікті билік үшін өте қиын. Осы орайда көмек қолын ұсынып, жанындағы жақынына көмектесіп, үй салып, жұмысқа тарту жеке кәсіпкерлердің де иығына түскен ауыр жүктің бірі болып отыр. Соған қарамастан түрлі шарада кәсіпкерлік демеу көрсетіп, әлеуметтік жағдайы төмен жұмысшыларына үй салып беріп, жоқ-жітігін түгендеуде алдына жан салмайтын жандар аз емес. Өткен аптада атқарылған игі істің бірі – өзімізге танымал жергілікті кәсіпкер, аудандық мәслихаттың депутаты Нұрлан Түймелеев мырза өзінің қол астында жұмыс істейтін көпбалалы Қайрат Кәрібозовтар отбасына Өтеген батыр кентінен 15 миллионға екі бөлмелі үй салып берді.

Бұл туралы жомарт жан, қамқор кәсіпкер Нұрлан Ілесұлы: «Мен бұл көмегімді атақ үшін жасап тұрған жоқпын. Бұл халқымның алдындағы азаматтық борышым деп санаймын. Ұлы даланың төсіндегі әр қазақ отбасының өз жеке шаңырағы болуы керек. Қиналғанға және сүрінгенге көмектесу – менің міндетім» — деді.

Екі бөлмелі үйге ие болған көпбалалы ана Әйгерім Кәрібозова: «Осы уақытқа дейін туысқандарымызды жағалап жүрдік. Қатты қиналдық. Енді, міне, өз ошағымыз пайда болды. Балалар сабаққа емін-еркін дайындалатын болды. Үйлі болып едік, күйіміз де түзелді. Демеушілік көрсеткен Нұрлан Ілесұлына алғысым шексіз» — деді қуанышын жасыра алмай. Игі шараға барып, жақсылықты бөліскен «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының бірінші орынбасары Алмасбек Сатибаев: «Бұл біздің аудандық мәслихат депутаттарының халыққа көрсетіп жатқан алғашқы жақсылықтары емес. Сонау пандемия кезінде Нұрлан Ілесұлы сынды кәсіпкерлер аудан көлеміндегі әлеуметтік жағдайы төмен және қарт адамдарға, жас отбасыларға азық-түлікпен, киім-кешектермен қамтамасыз етіп келеді. Әрқайсысының түсін  түстеп, атын атамай-ақ қояйын. Сауапты істі көбісі құпия орындап, халықтың шынайы алғысын алып келеді. Мен осы мүмкіндікті пайдаланып, аудан көлеміндегі жомарт, қолы ашық кәсіпкерлерге, аудандық мәслихат депутаттарына шынайы алғысымды айтамын» — деп, жылы лебізін білдірді.

Жалғыз ғана әлеуметтік салаға ғана емес. Нұрлан Түймелеев ауыл спортын көтеруде жомарттық танытуда. Міне, он жылдың көлемінде Д. Сабуров жаттықтыратын «Байсерке» жасөспірімдер футбол клубы мен Өтеген батыр ауылының «Іле-Сәулет» жасөспірімдер футбол клубына демеушілік танытып, спорттық керек-жарақтармен қамтамасыз етіп отырады.

Бүгінгі мына аумал-төкпелі қысылтаяң уақытта қолы ашық, нұры тасыған Нұрлан Ілесұлындай ағаларымызға елдің айтар алғысы шексіз!

Құдайберген ҚОЙТАН

Басқа жаңалықтар

Back to top button