#Qazaqstan30Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыҚоғам

Аяулы ұстаздар марапатталды

Чапай ауылдық округіндегі Мәдениет үйінде Ұстаздар күніне орай «Ұстаз аты –  биік  әрі мәңгілік» атты салтанатты іс-шара өтті. Шара барысында «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл: Бағындырған белестер» тақырыбындағы бейнероликті тамашалады.

Аталған жиынға ауданымыздың әкімі Б.Қарасаев қатысып, аудан мұғалімдерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Ол өз сөзінде: «Мен біздің ұстаздарымыздың республика, облыс және аудан көлемінде жеткен жетістіктерін сараптайтын болсам, бүгінгі кештің аясына сыймас еді. Ауданымыздағы 6 мыңға жуық ұстаздың Алатаудың биік шыңына жетер ерен еңбегі бар. Мен сіздерді мақтан етемін. Төл мерекелеріңіз құтты болсын!» — деді. Одан кейін ауданымыздың білім саласына ұзақ жылдар бойы өзіндік үлестерін қосқан  бірқатар ардагер ұстаздарымызды  қошемет көрсетіп, ортаға шақырып, оларға гүл шоқтарын ұсынды. Сондай-ақ, жас  ұрпақты  оқыту  мен  тәрбиелеудегі қажырлы  еңбегі  үшін ауданымыздың үздік ұстаздарын алғыс хаттармен марапаттады. Барлығы аудан әкімінің қолынан гүл шоқтарымен бірге жылы лебізі жазылған мадақтама қағаздарын алды.

Іс-шарада жарыссөзге қатысып өздерінің пікірі мен ойларын ортаға салғандар да болды. №28 мектеп-гимназиясының ата-аналар комитетінің төрайымы З. Ибраймова, №42 орта  мектебінде педагогикалық еңбек жолын бастаған жас мұғалім  А. Жаңабаев өз мектептерінің жетістіктерін тізбектеп айтты.

Соңғы он жыл ішінде ауданымызда 22 мектеп ғимараты салынды. Олардың ішінде 14 мектеп жаңадан іске қосылса, 8 мектеп ескі мектеп ғимараттарының орнына берілді. Сонымен қатар, ауданымыздың 18 мектебінде, 9 мемлекеттік балабақшада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Қазіргі уақытта осы білім ошақтарында 64 229 оқушы білім алуда. Мемлекеттік білім ордаларымен қатар 7 жекеменшік мектеп жұмыс істеп, онда 1 720  оқушы, 1 кешкі мектепте 388 оқушы білім алады.

Ал, аудан  бойынша 6 009 мұғалім қызмет етеді. Тағы да мақтанып айтатын жағдай биылғы оқу жылында 3 жаңа мектеп пайдалануға берілсе, аудан аумағында 5 орта білім беретін мектептердің құрылысы жүргізілуде.

Б. ЧОЙБАСОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button