Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБілім және ғылымҚоғамМәдениет

Ұстаз құрметіне турнир өтті

Қазан айының он жетінші жұлдызында Өтеген батыр ауылында орналасқан М. Мақатаев атындағы №13 орта мектепте «Қазақстан Республикасы білім беру саласының үздігі» медалінің, Қазақстан Республикасы Президентінің құрмет, Білім және ғылым министірлігінің «Құрмет» грамотасының, және «Ы. Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Ғалия Нәдірбекқызының құрметіне аудан мектептерінің мұғалімдері арасында волейболдан турнир өтті.

Ғалия Нәдірбекқызы өзінің 70 жылға жуық өмірінің 50 жылын білім беру саласына арнаған ардагер ұстаз. Еңбек жолын 1972 жылы қарапайым ауыл мектебінде мұғалім болудан бастап, басшылық қызметтерін атқарған. Ауданымыздағы М. Мақатаев атындағы №13 мектепте көп жыл басшы қызметін атқарды. Осы уақыт аралығында ауданның қоғамдық жұмыстарына белсене араласып, аудан тұрғындарының ризашылығына бөленді.

Шараның басты мақсаты — ардагер ұстаздың еңбек жолын жас мұғалімдерге насихаттау, ауданда волейбол спорт ойынын дамытып жетілдіру, жалпы халықты спортқа тарту, спортшылар арасындағы жолдастық қарым-қатынасты нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау, белсенді түрде дене шынықтыру мен спорт пен айналысу.

Ұстазды еске алуға арналған спорттық шараның ашылуына Энергетический ауылдық округінің әкімі Қ. Рахимов, аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Е.Тұрымбетов, аудандық аналар кеңесінің төрайымы М. Жәбиева және аудандық білім бөлімі қызметкерлері мен Ғ. Нәдірбекқызының туған-туыстары қатысты. Ауданымыздан 6 команда жасақталса, Талғар ауданынан 2 команда қатысты. 

Тартысты сайыста І орынды Байсерке ауылының командасы, ІІ орынды Ынтымақ ауылының командасы, ІІІ орынды Ащыбұлақ ауылының командасы жеңіп алды. Одан бөлек «Үздік қорғаушы» — Н. Орақбаев, А.Игенбай, «Үздік ойыншы» — Ж. Сазанбаев, И.Тлепберген, «Үйлестіруші» — М. Хасанова, «Үздік төреші» — Н. Иманқұлов сынды арнайы номинациялармен марапатталды. Шара барысында сөз сөйлеген «Мектеп директоры А.Керімқұлова: Ғалия апайдың берген тәлім-тәрбиесі, айтқан өсиеті әрдайым шәкірттерінің жадында.

Апайымыздың құрметіне орай көктем мезгілінде Ғалия Нәдірбекқызы атындағы кабинет ашылды. Онда апайымыздың өмір тарихы мен білім беру саласында атқарған елеулі еңбектерінен стендттер орналастырылды. Апайымыздың өз ауызынан шыққан өсиет сөздерін, мектепте өткізілген ауқымды шаралардың фото суреттері ілінді. Ғалия апай тек мұғалім ғана емес аудандық маслихат депутаты, аналар кеңесінің төрағасы, аудандық медиацияның мүшесі де болды. Осы қызметтерді тең арқалай жүріп өмірдің барлық саласында табысты бола білді. Қазақта айтылған: «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» —  деген сөз осы ретте қолданылса керек», — деп толғанды.

Апайымыздың есімі мәңгі жүрегімізде.

Сондай-ақ мектеп әкімшілігі бұл игі шараны жыл сайын дәстүрге айналдыруға ниетті екендігін жеткізді.

Ербол БАУЫРЖАНҰЛЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button