Алматы облысының жаңалықтарыҚоғамТұлға

Ел үшін туған есіл ер

«Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын». «Елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі көш басын да алып жүре алмайды». Бұл – қазақ халқының біртуар азаматы, Шыңғыс тұқымынан тараған төре атына лайық соңғы тұлға Әлихан Бөкейхановтың нақыл сөздері. Терең білім, ұлт тарихына құрмет, қазақ халқының азаттығы мен құқығы үшін күрес – «Алаш» қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейханның кісілік келбетінің бір қыры ғана.

Биыл дара тұлғаның туғанына 155 жыл толып отыр. Ел үшін күресіп, қазақтың азаттығын көксеген Әлихандай арыстың өмір жолына шолу жасап, оның өнегелі өмір жолы туралы жас ұрпаққа сыр шерту – біздің азаматтық борышымыз болмақ. 

Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов – көрнекті қоғам қайраткері, Ресейдің жергілікті және қалалық қоғам қайраткерлері съезінің депутаты, Ресейдің I Мемлекеттік думасының және мұсылман халықтары съезінің депутаты, IV Мемлекеттік думаның мұсылман фракциясының Бюро мүшесі, Санкт-Петербор масоны, қазақтың 20 ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалысының негізін салушы әрі көсемі, халқымыздың тұңғыш саяси Алаш партиясының ұйымдастырушысы және ұлттық Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, ғұлама ғалым – ормантанушы, экономист, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, аудармашы, әрі дарынды публицист.

Ә. Н. Бөкейханов 1866 жылы 25 наурызда Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының 7-ші ауылында дүниеге келген. Бұл қазіргі Жезқазған облысы, Ақтоғай ауданына қарасты Қаратал ауылы. Ол қазақтың ақырғы ханының бірі Бөкейден тараған ұрпақтың төртінші буыны, Бөкей ханның шөпшегі. 

Жасынан зерек, алғыр өскен Әлиханды әкесі Қарқаралыға алып барып, жергілікті молданың қолына оқуға береді. Бірақ ол молданың қолынан оқуды қанағат тұтпай, қаладағы үш сыныпты бастауыш мектепке ауысады. Оны бітіргеннен кейін, Қарқаралы қаласының қазақ балаларына арналған мектепте 1879 жылдың 16 қыркүйегінен 1886 жылддың 16 маусымына дейін тәрбиеленіп, оқу барысында үлгілі тәртіп танытқан.

1886 жылы ол Омбыға келіп, жергілікті 4 жылдық техникалық училищеге «пансионер» болып қабылданды. Ол 1890-1894 жылдары Санкт-Петербургтегі Орман институтының экономика факультетінде оқыды. Осы жылдары ол барлық студенттік қозғалыстарға белсенді түрде араласып, әсіресесолшылдардың көзқарасына бейім болды. Ә.Бөкейханов Ресей жандармерия басқармасының назарына алғаш рет студенттік жылдары-ақ ілігіп, «саяси сенімсіздердің» қара тізіміне алынды. Әлихан бұл тізімнен патша өкіметі күйреп, Кеңес өкіметі орнаған жылдары да – 1937 жылдың қырқүйегінде «халық жауы» болып атылып кеткенге дейін де шыққан жоқ. Аталмыш оқу орнын ойдағыдай бітіріп, Әлихан Бөкейханов 1894 жылы Омбы қаласына қайта оралады. Келісімен Омбы қаласындағы орман шаруашылығы училищесінде математика пәнінен оқытушы болып қызмет етеді. Осы жылдары социалистік бағыттағы «Степной край» газетінің қызметіне белсенді түрде араласып, оның редакция алқасының құрамына кірген.

Әлиханның Омбыдағы жылдары оның көрнекті қоғам, саяси қайраткер ретінде де, педагогтық, ғалымдық, әдебиеттанушылық талантын жан-жақты ашып берді. Ол қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін, шаруашылығын, төрт түлік малын, жер-суын жан жақты зерттеген санаулы ғалымдардың бірі.

Әлихан Омбы қаласында Орыстың императорлық жағрафия қоғамының Батыс-Сібір бөлімінің қызметіне қызу араласады. Алғашқы күндерінен-ақ белсенділігімен танылған Әлихан 1896 жылы қоғамның Батыс-Сібір бөлімінің толық мүшелігіне қабылданады да, ал 1901 жылы бөлімнің басқару комитетіне мүше болып сайланады. Сонымен қатар, ол жағрафия қоғамы Батыс-Сібір бөлімінің Семейлік бөлімшесін ашуға және қызметіне тығыз араласып, «Запискилерде» ғылыми мақалаларын жиі жариялап отырды. Ол Абай Құнанбаевпен қатар Семейдің статистика комитетіне де мүше болды.

Ә. Бөкейханов жағрафия қоғамының сүйемелдеуімен кіндік қаны тамған қазақ даласының тарихын көп зерттеген. Тарих саласындағы жазып қалдырған елеулі мұралары – «Исторические судьбы Киргизского края и культурные его успехи», «Киргизы» атты монографиялары. Бірінші ұжымдық монография 1903 жылы «Россия. Полное географическое описание нашего отечества» атты көп томдық альманахтың «Киргизский край» деген XVII томына еніп, Санкт-Петербордан жарық көрді. Шығармада Қазақ өлкесінің сонау тас, қола дәуірінен бергі тарихы, мекендеген халықтары, олардың мәдени, саяси-әлеуметтік жетістіктері кең көрініс тапқан. Сондай-ақ, Дала өлкесінің соңғы ғасырлардағы өмір-тарихын сипаттайды, патша өкіметінің жүргізіп отырған отаршылдық саясатын да батыл суреттеген. «Киргизы» атты еңбегі алғаш рет «Формы национального движения в современных государствах» атты жинақпен 1910 жылы Санкт-Петербордан басылып шығады. Сонымен қатар, әр жылдары жағрафия қоғамы Батыс-Сібір бөліміне қараған Семейлік бөлімшесінің басылымдарында «Из переписки киргизских ханов, султанов и прочее, прочее», «Из переписки хана Средней Киргизской орды Букея и его потомков» және «Из бумаг султана Большой Киргизской орды Сюка Аблайханова» атты ғылыми мақалалары жарияланған. Әлихан Бөкейхановтың көп мақалалары лақап аттпен берілген. Көптеген жұмыстарына «Қыр баласы», «Сын степей», «V», «Киргиз-Степняк», «К.Степняк», «Туземец», «Арысұлы», «А.Б.», «Қ.Б.», «Ғ.Б.» деп қол қойып отырған. Райымжан Әзіханұлы Бөкейхан мен экономист Мұханбетқали Жақсалиевтің айтуына қарағанда, Әлихан Кеңес дәуіріндегі баспа беттерінде «Қалмақбай» және «Н.Ш» деген атпен де еңбектерін жариялаған. Әлиханның қай жылдан бастап «Бөкейханов» фамилиясын алғандығын дәл айту қиын. Омбының техникалық училіщесін «техник» мамандығымен бітірді деген 1890 жылы маусымның 14 күні табыс етілген аттестат: «Сұлтан Әлихан Нұрмұхамедұлы» атына толтырылған.

Кезінде Әлихан Бөкейханов Орыстың жағрафия қоғамының Батыс-Сібір бөлімі мүшесі ретінде, қоғамның ғылыми мәжіліс-жиналыстарында қазақтың мәдениеті, тұрмыс-салты, өнері жайында баяндамалар жасап, дәрістер оқып тұрған. Сонымен қатар ол орыстың Г. Н. Потанин сынды ғалымдарына халқының ән-күйін, ою-өрнегін, тұрмыстық құрал-саймандарын жинасып, Том қаласында қазақтың өлкетану музейін ашуға қол ұшын берген.

Әлихан Бөкейханов – қазақтың тұңғыш энциклопедисі деуге де негіз бар. 20 ғасыр басында неміс Ф.А.Брокгауз бен орыс И.А.Ефрон секілді баспагерлер көптомдық «Жаңа энциклопедиялық сөздігін» шығарып тұрған. Қазақ өлкесін танушы ғалым Бөкейханов осы «сөздікті» әзірлеуге ат салысқан. «Сөздікке» енген қазақтын тарихы, қазақтың хандықтары, мысалға Бөкей ордасы жайында (8 том, 447-452 беттер), қазақтың көрнекті хан-көсемдері туралы және басқа материалдарды Ә.Бөкейханов әзірлегендігі күмән тудырмайды. Энциклопедиялық сөздікті баспаға дайындаған қызметкерлердің тізімінде Ә.Бөкейхановтың аты-жөні 4 томнан 21 томына дейін дерлік көрсетілген.

Алаш көсемi Әлихан Бөкейхановтың өмiрiнде Семей қаласының алатын орны айрықша екенiнде ешқандай шүбә келтіре алмаймыз. Ә.Бөкейхановтың 1896-1903 жылдары Семей және Ақмола облыстары уездерiнде қазақ жер пайдалануын зерттеумен айналысқан Щербина экспедициясына қатысып, қазақ халқының әлеуметтiк-экономикалық өмiрiне, мәдениетi мен тарихына қатысты бiрқатар ғылыми құнды еңбектердi жазуы, ұлы ақынымыз Абайдың әдеби бай мұрасымен етене жақын таныс болуы, өзiнiң Омбы кезеңiнен жақсы бiлетiн досы, орыс ғалымы Иван Филиппович Гусевтiң айтуымен Шәкәрiм еңбектерiне баса көңiл бөлiп, кейiнде «Қазақ» газетiнде «Қалқаман-Мамыр» поэмасы туралы пiкiр бiлдiруi, тағы басқа оқиғалар оны үнемi шетте Омбы, Петербор қалаларында оқып, қызметте жүрсе де, Семей зиялыларымен барынша жақындастыра түседi.

Әсiресе, данышпан Абайдың өлiмiне байланысты алғаш баспасөз бетiнде суретiне қоса қазанама жазып жариялауы, сондай-ақ Абайдың ұлы Тұрағұл және немере iнiсi Кәкiтай Ысқақұлымен бiрге ұлы ақынның өлеңдерiн жинақтап, баспаға әзiрлеп жарыққа шығаруы, оның Семейдегi өмiрiнiң ең ұмытылмас жарқын сәттерi болды. Ұлы ақын мұрасына деген бұл сүйiспеншiлiктiң соңы Әлихан Бөкейханов пен Абай балалары, жалпы Құнанбай қажы ұрпақтары арасындағы үлкен сыйластыққа, достыққа келiп ұласқаны белгiлi.

Әлихан Бөкейханов өмірлік қағида етіп ұстанған бес ұстанымы бар. Ол ұстанымдар мыналар:

Бірінші ұстаным: жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жекеменшікке де, қоныстанушыларға да берілмейді».

Екінші ұстаным: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Ә.Бөкейхановтың айтуынша: «Оның әрбір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек».

Үшінші ұстаным: Ә. Бөкейхановтың жобасы бойынша, «Қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керек». Яғни, толықтай экономикалық тәуелсіздік пен бірлікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс.

Төртінші нысана: қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек.

Бесінші, түпкі мақсат: тәуелсіз ғылымға, ұлттық салт-дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру.

Белгілі ғалым Тұрсын Жұртбайдың жазуынша, Алашорда үкіметінің негізгі өзегі, ұстыны осы ұстанымдар болатын. Əуелі қазақты отаршыл елден бөліп алып, жоғарыдағы ұстанымдарды негізге ала отырып, Жапония үлгісінде даму болатын. Өкінішке орай ұлт көсемінің бұл арман-тілегі жүзеге аспады.

Жоғарыда аталған ұстанымдар әлі күнге дейін өз маңызын жоймады десек те болады. Біз тәуелсіз елде өмір сүріп жатқанымызбен, Әлихан айтқан жер, тіл, діл, дін мәселесі әлі де өз шешімін тапқан жоқ. Ал, жерасты байлығын игеру мәселесі жайлы жақ ашпасақ та болады. Егер тәулесіздігіміз тұғырлы болсын десек, Алаш арыстарының мақсат-мүддесіне терең бойлап, еліміздің өркендеуіне үлес қосып, ел ғылымының дамуына атсалысуымыз керек. сонда ғана бабаларымыз аңсаған азаттығымыз бен тәуелсіздігіміз ғұмырлы болмақ.

Дайындаған Алмат ЕРЖАНОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button