Алматы облысының жаңалықтарыБілім және ғылым

ҰЛТТЫҢ ЖАНЫ

Тіл – қастерлі де қасиетті ұғым. Ол әрбір адамға анасындай қымбат. Өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсіне білуіне басты себепкер – ана тілі. Мемлекеттік тіл, яғни қазақ тілі – әлемдегі барлық мемлекеттік тіл сияқты өзінің егемендігін алған тіл. Қазақстанда тұратын әрбір азамат мемлекеттік тілді білуге міндетті. Тілге деген құрмет, халыққа деген құрмет. «Тіл туралы» заңдағы «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір адамзатының парызы» – деген. Әрине ұлттың ең бірінші, ең қасиетті сипаты – оның ана тілі. Конституциямыздың жетінші бабының бірінші тармағында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» – деп анық жазылған. Біздің азаматтық парызымыз – тіл заңындағы талаптарды жүйелі түрде жүзеге асыру. «Тіл – біздің тұтастығымыз», «Тіл тағдыры – ел тағдыры», «Тәлім мені тірегім» деп те айтып жүрміз. Сондықтан әр адам өз ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның орынсыз шұбарлануының қандайына болса да қарсы тұруға тиіс. Туған тілдің абыройын асқақтату — әрбір адамзаттың абзал борышы. Біздің барша ұлттық келбетіміз бен болмысымыз, салт-санамыз бен дініміз осы ұлттық мәдениет пен тілімізде жатыр.

Б. Момышұлы атамыз: «Тілін білмеген – түбін білмейді» деген. Шынында, тілін білмеген адам өз халқының тарихын, дәстүрін, мәдениетін өз тілінде сезініп, терең бойлай алмаса, ол қасірет емес пе? Ана тілін дамыту үшін әркім өз ана тілінде таза сөйлеуі тиіс. Себебі, жүйелі тіл жүйелі ойды құрайды. Тіл – қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлім-тәрбиесінің негізі. Тіл – халықтың жаны. Тіл жойылса, халық та жер бетінен жоғалады. Бүгінгі қазақ қоғамындағы тіл мәселесінің басы да өз тілін білмеуден басталады. Қай елде болмасын тіл қастерлі, құдіретті рухани, әрі тарихи құндылық. Ол достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы, ырыс-берекенің алды, ұлттың әрі жаны, әрі ары. Ұлттық мәдениеттің гүлденуі, салт-дәстүрдің одан әрі дамуы, ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың ұлы жемісі — ана тілі.

К. АБДРАСИЛОВА,

Іле аудандық сотының судьясы

Басқа жаңалықтар

Back to top button