Алматы облысының жаңалықтарыҚоғамТұлға

Жансұлтан ЖАНБОЛАТҰЛЫ: «Білімді ұрпақ – еліміздің жарқын болашағының кепілі»

ДЕПУТАТ МІНБЕРІ

Жансұлтан ЖАНБОЛАТҰЛЫ: «Білімді ұрпақ – еліміздің жарқын болашағының кепілі»

Депутат болу құр мансапты малдану емес. Түсіне білген адам үшін депутат – халықтың мұңын мұңдап, жырын жырлайтын билік пен халықтың арасындағы алтын көпір. Біз, қазақ халқы – «Өсер елдің баласы он бесінде баспын дер» деген халықпыз. Жүрегі жалынға, ойы амбицияға толы жастардың депутаттыққа келуі – ол еліміздің өркендеу жолында халық үшін қызмет ететін білімді, білікті маман келіп, алдыңғы буын ағалардың ақылына иек артып, өзінің жастық қайрат-күшін танытып, тәуелсіз Қазақ елінің болашаққа қадам басуына үлесін қосатын тың күш пен жаңа буынның қосылуы емес пе? Осындай жігерлі жастың бірі, аудандық мәслихат депутаты Хозадияс Жансұлтан Жанболатұлымен тілдескен едік…

— Жансұлтан Жанболатұлы, Байсерке ауылдық округы атынан аудандық мәслихат депутатысыз. Депутаттық жолда алға қойған мақсатыңыз қандай?

— Біз елдің болашағы, жастар буынынан депутаттыққа сайланған соң, жастарға тән жаңа инновациялық көзқарасымызды танытып, ауданымыздың жастарының әлеуетін көтеріп, өнерлі, дарынды жасөспірімдерді тауып, соларды қанатымыздың астына алып, оларға қолдау көрсетсек дейміз. Сондай-ақ, Іле ауданы  Алматы қаласына ең жақын орналасқан аудан болғандықтан, ауыл жастарының қалалықтармен тең дәрежеде өмір сүріп, қаладағы жасөспірімдер секілді ғылым-білім саласы болсын, спорт саласында болсын жан-жақты мүмкіндікке қол жеткізуге жағдай жасау, оларды алға жетелеу, «НұрОтан» партиясының бағдарламаларына сүйене отырып, білім, мәдениет салаларын дамыту – өзімнің азаматтық міндетім деп білемін. Сол себепті, 2014 жылы жас ұрпақтың білімді азамат боп өсуіне иненің жасуындай болса да үлесімді қоссам деген оймен «Art Invest» білім беру орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, қазіргі таңда көптеген білім алушыға өмірлік бағыт беріп, мектептен алған біліміне қосымша білім үстеп, жоғары көрсеткіштерге ие болуына жәрдем етіп жүрміз. ХХ ғасырдың кемел ойлы жазушысы Мұхтар Әуезов атамыз «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген еді. Біз де сол ғұламаларымыздың ізімен ел ертеңі жарқын болуы үшін жастар мен жасөспірімдердің лайықты білім мен тәрбие алуына ықпал етуіміз керек.

— Білім саласында жүрген азаматтардың бірі екенсіз. Қазіргі білім беру үрдісіне көңіліңіз тола ма?

— Қазіргі білім беру үдерісіне толық көңілім толады деп айта алмаймын. Себебі, «Covid-19» дерті елге тарап, пандемия кезінде мектептер карантинге жабылып, біздің цифрлық даму деңгейіміз, соған сай қашықтан білім беру әдістемеміздің төмен деңгейде екені байқалды. Өзге аймақтар секілді Іле ауданы үшін де ең басты мәселе – елдімекендердің ғаламтор желісімен толық қамтылмауы. Шалғайдағы ауылдарда тұратын тұрғындар ғаламтор мәселесінде қатты қиналғанын көзіміз көрді. Себебі, ғаламтор бірде тартса, бірде тартпай, платформалар да көп адам қосылғандықтан дұрыс қызмет көрсетпей, оқушылар желіге кіре алмай, уақытылы тапсырмаларды орындауға мүмкіндіктері болмады. Сондықтан, біз білім саласымен қатар ғаламтор мәселесін де шешіп, мүгедек балалар денсаулығына байланысты сабаққа уақытша келе алмайтын оқушылар бағдарламадан қалып қоймауы үшін оларға онлайн платформаларда тапсырмалар орындатып, қашықтан білім беру үрдісін қолға алу керекпіз. Егер баланың оқуға деген талпынысы болса, ол үйде отырып та жақсы білім ала алады. Біздің цифрландыру платформаларымыз орта деңгейде. Сондықтан біз Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев және мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаев қолдаған «Цифрлы Қазақстан» жүйесінің негізінде оны жоғары деңгейге көтеріп, ғаламтор мен түрлі білім платформаларының халыққа қолжетімділігін қарастыруымыз керек. Біздің білім беру орталығымыз осындай цифрлы база қалыптастыру жолында көптеген іс атқарып, ІТ мамандар осы мәселені шешу мақсатында жан-жақты еңбек етуде.

— Атамыз қазақ «Жас келсе, іске» деген. Аудандық мәслихат депутаты атанғалы аудан халқы үшін атқарған еңбегіңіз жайлы айтып өтсеңіз.

— Білім беру орталығынан бөлек, біздің құрылыс компаниямыз Іле ауданында көптеген нысандарды салып жатыр. Солардың қатарында Өтеген батыр ауылындағы Арбат та бар. Сондай-ақ, жайлы жабдықталған үйлердің де құрылысын жүргіземіз. Міне, бұлар да аудан халқының, жас өркеннің жайлы өмір сүруі үшін, ел болашағының алаңсыз болуы үшін атқарылып жатқан шаралар.

— Құрылыс пен білім саласын қатар алып жүру қиын емес пе?

— Білім беріп, жас ұрпақтың санасына білім нәрін сеуіп, оны жақсы азамат етіп тәрбиелеу де – Абай айтқан «Толық адамды» қалыптастыру жолында жүргізілген үлкен құрылыс деп білемін. Біз баланы тәрбиелеу арқылы оның өмірлік жолына бағыт беріп, білімді, саналы адамды қалыптастырсақ, ғимараттар мен арнайы нысандарды салғанда да ел игілігі үшін саламыз. Бірі адамды рухани жетілуге жетелесе, бірі материалдық құндылықты көздейді. Сондықтан, оларды бір-бірімен ұштастыру, қатар алып жүру аса қиындық туғызбайды.

— Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен: А. ЕРГЕШБАЙҰЛЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button